Accessibility links

"Өлтіретін сендер, бандит біз бе?" Минск зейнеткерлері наразылығын жалғастырып отыр


Зейнеткерлер шеруіне қатысушы. Минск, 5 қазан 2020 жыл.
Зейнеткерлер шеруіне қатысушы. Минск, 5 қазан 2020 жыл.

Беларусь зейнеткерлері Александр Лукашенконың ең сенімді қолдаушылары саналған. Бірақ соңғы президент сайлауынан кейін жағдай өзгерді. Биліктің қысымынан жастардың көбі көшеден кетіп жатқанда зейнеткерлер жүйеге деген наразылығын әлі күнге дейін ашық білдіріп жүр. 14 ақпанда Минскіде тұратын зейнеткерлер кәсіби қызметі үшін қудалауға ұшыраған тәуелсіз ақпарат құралдарының журналистерін қолдауға шыққан.

Олардың арасында қарт адамдардың құқығына мониторинг жүргізумен айналысатын "Наше поколение" қоғамдық тобының басшысы Татьяна Зелко, кейінгі жарты жылда екі рет тұтқындалған 68 жастағы Людмила Нефедова, өмірден өткен ұлын аза тұтып, ақ-қызыл-ақ ту пайдаланғаны үшін айыппұл салынған 78 жастағы Анна Силицкая бар.

Беларусьте тұратын әрбір төртінші адам – зейнеткер. Татьяна Зелко олардың мәселесін жақсы біледі. Ол қоғамдық өмірге зейнеткерлер де белсенді қатысуы керек деп есептейді. Сондықтан қоғамдық топ мүшелері митингілерге қатысып, цифрлық технологияларды меңгеріп, планшетпен жұмыс істеуді үйреніп жүр. Зелко жақында болған митинг кезінде өзі және "Наше поколение" тобының басқа мүшелері қалай ұсталғанын айтып берді.

– 14 желтоқсанда бізді, зейнеткерлерді Тәуелсіздік алаңында ұстады. Ұсталғандар саны 100 шақты болды. Бізді іші суық қойма сияқты жерге апарды. Отыруға рұқсат бермеді. Арамыздағы ең қарт адам 89 жаста болатын. Бізді сегіз сағат ұстап, киімдеріміз бен ақшамызды тіркеп алды. Ақша болғанда, қарт адамның қалтасында жүретін тиын-тебен ғана. Бір зейнеткер "Үйге жетуге 70 тиын қалдырыңдаршы, ақшасыз қалай қайтамын?" деген өтінішіне "Бұл мені қызықтырмайды" деген жауап алды. Кейін ұлыма хабарласуға мүмкіндік туды. Содан кейін еріктілер келіп, бәрін үйлеріне жеткізіп салды. Бірақ мұны көрген жоқпын, өйткені мені Окрестинаға (уақытша тергеу изоляторы – ред.) алып кетті. Ол жақта әскери шені бар адам болды. Одан "Майор, не істеп жатырсыз? Ұялмайсыз ба?" деп сұрадым. "Ұяламыз, бірақ не істейміз?" деді ол.

Татьяна Зелконың айтуынша, президент сайлауынан кейін адамдар көшеге шыға бастаған кезде Лукашенконың дәстүрлі электоратының, оның ішінде зейнеткерлердің пікірі өзгере бастаған.

– Қарт адамдар сайлаудан қалмайды. Олардың кімге дауыс беріп келгенін ешкім білмейді. Өйткені 1996 жылдан бері бұл дауыстарды ешкім санамаған. Өзім сайлау комиссиясында болғанмын, не айтып тұрғанымды жақсы білемін. Хаттамаға жоғарыдан берілген деректі жазады! Осылай наразылыққа шыға бастадық. Екінші шеру кезінде зейнеткерлерді газбен улағанын есептемегенде, басында бізге тиген жоқ. Кейін көшедегі адамдарды тарату туралы бұйрық түсті. Сондықтан оларға қарт әже ме, жас қыз ба, бәрібір болып қалды.

Ақпанның басында жұмысқа барғандай күнде сотқа барып жүрдік. Әділет үйі болуы керек сот ғимаратын әділетсіздік үйі деп атаймын. Адамдарды бірінен кейін бірін соттай берді. Күнде мантия киген жас қыз келеді де, қағазға қарап, бір мәтінді қайталап оқиды. Аты-жөні, тегі, шені жоқ адамдар куәгер болады. Оларға сенеді. 3–4 зейнетақыға тең айыппұл салады. Көмек беріп жүрген төлем жөніндегі қорлар асықпайды. Әрине, көмек сұраған адамдардың ешқайсысын қолдаусыз қалдырмаймыз, бірақ сотта түсініксіз жағдайлар болады. Судья 15 минутқа шығып кетеді. Кейін оның осы уақыт ішінде тағы бір адамға үкім шығарып үлгергені, бұл туралы ешкім білмейтіні белгілі болады, – дейді Татьяна Зелко.

Минскіде пальтосына қоса тігілген плакатпен аялдамада тұрған зейнеткер.
Минскіде пальтосына қоса тігілген плакатпен аялдамада тұрған зейнеткер.

Метростройда жұмыс істейтін Людмила Нефедова 68 жаста. Тамыздан бері екі рет жауапқа тартылған. Тамызда 8 тәулікке, желтоқсанда 10 тәулікке түрмеге жабылған.

Тамызда Нефедова сайлауға бақылаушы болып тіркелген. Бірақ қосымша 280 адамды заңсыз тіркеп қойғандарын айтқаннан кейін "бақылаушылар онсыз да жетеді" деп Людмиланы сайлау учаскесінен қуып шыққан.

Осыдан кейін ол митингіге қатысқан. Людмила осы арқылы белгісіз жағдайда қаза тапқан ағасының өліміне назар аударғысы келген (тергеу комитеті бұл істі зерттемеген). Митинг кезінде Людмила қоршауға түскенде не болып жатқанын түсінбей қалған. Көбі арнаулы жасақтан қашып құтылған. Бірақ зейнеткер қашсам, кінәмді мойындағандай болармын деп ойлаған.

– Арнаулы жасақ өкілдері жақындағанда "Жігіттер, жақындарыңды жалғыз қалдырмаңдар. Калинковичте не болып жатқанын білесіңдер ме? Ағамды сол жақта өлтіріп кетті" дедім. Олар маған біртүрлі қарады да, "Уайымдамаңыз, бәрі шешіледі. Бұл жерде тұру қауіпті, көлікке жүріңіз" деді. Автозакқа бардық, жанымда екі адам жүрді. Олар мені қоршауға апарып, көтеріп, арғы бетке өткізіп жіберді. Автозактың ішінде дөрекі офицер болды, ол "Мынаны төртіншіге!" деп айқайлады. Іші тар болғаны соншалық, плакатым да сыймай қалды.

Жанымда бір жігіт болды. Ол арнайы жасақ өкілдері тартып алған телефоны шырылдап жатқанын естіп, әйелінің қоңырауына жауап беруге рұқсат сұрады. Осы үшін оны ұрып-соқты. Әлгі жігіт маған әйелінің нөмірін айтып, хабарласуды өтінді. Мен нөмірді қызыма беріп, өтінішін жеткіздім. Ол жерде ұзақ тұрдық, адамдардың демінен автозактың қабырғаларынан су аға бастады. Көлікте темір тордың ар жағында жігіттер отырды. Олар ән айтуды өтінді. Мен "Призрачно все в этом мире бушующем" деп әндете бастадым. Сол кезде жарылыстар басталды. Отшашу не қандай да бір мереке шығар деп ойладым. Арнайы жасақ өкілдері балағат сөздер айтып, газдан қорғайтын бетперде кие бастаған кезде ешқандай мереке жоғын түсіндім. Бізді Окрестинаға апарды, телефонымды, сырғам мен төлқұжатымды тартып алды, тек қалтамдағы иконканы қалдырды.

Камерада екіқабатты үш төсек және 20 адам болды. Камерамыз баспалдаққа қарама-қарсы орналасқандықтан, есіктегі саңылаудан жалаңаш жігіттердің жоғары көтеріліп бара жатқанын көрдік. Олар берілген киіммен денесін жабуға тырысып бара жатты. Біздің камерамызды соларға берді, ал бізді басқа шағын камераға ауыстырды. Ол жақта 30 адам болды, нәтижесінде 51 адам бір камерада отырдық. Мен есікке жақын жерге жайғастым. Есіктегі тамақ беретін тесікті ашқанда аз болса да, ауа жұтуға мүмкіндік туатын. Жас қыздар тастай суық еденде отырды, маған төсектен орын берді. Бізге ас-су берген жоқ, қол қоюға шақырды. Менің кезегім келген кезде қол қоймайтынымды, мұның бәрі дұрыс емес екенін айттым. Олар менің орныма қол қоя салды.

Судьяға жемқорлық пен қарақшылықты әшкерелеуге келгенімді айттым, ол "Сырқатыңыз бар ма? Мүгедек емессіз бе? Біреуге қарайсыз ба?" деп сұрады. Жазамды жеңілдету үшін көп қосымша сұрақ қойды. Соңында он бес тәуліктің орнына сегіз тәулік берді. Кейін бізді Жодиноға (Жодино қаласындағы түрме – ред.) апарды. Ол жақта жартылай жалаңаш қыздар болды. Бәрімізді төбесі темір торлы арматурадан тұратын бетон жәшікке тұрғызды.

Дәрет сындыруға шелек берді. Түн еді, қан қысымым көтеріле бастады. Күзетшіге айқайлап, бізге орын беруді талап ете бастадым. Қыздар "ыстық, ауа жоқ" деп айқайлағанда, терезеден шелекпен су шашқанын айтты. Мен шыдай алмай, есікті қағып, аяқпен тебе бастадым. Кезекші жүгіріп келді. Біраз уақыттан кейін бізді душқа апарып, камера тауып берді. Біреуге жастығымды бердім, Маша есімді бір қыз қалай ұсталғанын айтып берді. Ол көше бойында скутермен кетіп бара жатқан. Арнайы жасақ өкілі оны жүріп бара жатқан скутердан шашынан ұстап түсіріп, "Мен биыл сен үшін демалысқа бара алмай қалдым!" деп, автозакқа қарай сүйреген. Маша өте нәзік қыз еді, оны скутердан жұлып алу оңай болған шығар.

Тамақ ішпеймін деп шештім. Ресми түрде тамақтан бас тарттым, "аштық жариялаймын" дедім. Бірақ Яна есімді қыз "Людмила Евгеньевна, тамақ ішіңіз, әйтпесе өліп қаласыз" деп, аздап тамақ берді. Босап шыққан кезде ұзақ уақыт бойы ешкіммен сөйлескім келмеді, ақымақ болып, қолға түсіп қалғаныма ренжідім.

Людмила Нефедова екінші рет қарашада мүмкіндігі шектеулі адамдардың шеруіне достарын қолдауға барған кезде ұсталған. Ол тағы да қауіпті дұрыс бағаламай, жай ғана наразылардың қасында тұрып, театрға билет таратамын деп ойлаған.

– Қолымда "Зейнеткерлер зорлыққа қарсы" деген плакат болды. Басқалар маған "Бекер келдіңіздер, ауланың барлық жерінде адамдар жүр, қашыңыздар, әйтпесе, ұстап алады" деп айқайлады. Метроға барып, таныстарымды ұстап бермеу үшін телефонымды жолай қоқыс жәшігіне тастап кеттім. Телефонның кодын сұраса, айтасың ғой… Басқалар да солай айтқан. Осы кезде екі адам қолтығымнан ұстап, "Тегіңіз кім?" деп сұрады. "Ал сіздің тегіңіз ше? Қарт әжеден не керек?" дедім. Тағы да автозакқа салды. Ол жақта қара киінген денелі екі адам отырды. Полиция бөлімшесіне апарып, жертөлеге түсірді.

Онда мәжіліс залы болды, бәрі азаматтық киімде, қыздар ғана бірдей белдемше киген. Олар менімен бірге ұсталған әйелді дәретханаға алып кеткен кезде сөмкемде жылы киімнің астына жасырған плакатымды алып, полиция бөлімшесіндегі шкафқа салып қойдым. Ол кезде плакатты ешкім таба алмады, әлі сол жақта жатқан шығар. Қалтамдағы 10 рубльді алып, тиын-тебенге тиген жоқ.

Сырғамды шешуді сұрады, оны бергім келмеді. "Сырғамды алғандарыңыз туралы акт толтырасыздар ма?" деп сұрағанымда милиция қызметкері қолымнан жұлып алып, "Ал сен сырғаңды алғанымды дәлелдеп көр" деді. Мүлкімді тәркілегендері туралы ешқандай құжат берген жоқ. 2 желтоқсанда сот өтіп, мені 10 тәулікке түрмеге жапты. Милиция қызметкері скайп арқылы куәлік берді. Экранды көре алмадым, куәгердің дауысын естімедім. Ол үнемі "Сіздерге бармаңыздар деп ескерттік" дегенді қайталаумен болды, – дейді Нефедова.

Анна Ивановна Силицкая – 78 жаста, бұрын балабақшада жұмыс істеген. Жақында ол терезесіне ақ-қызыл-ақ ту ілгені үшін айыппұлға кесілген.

– 10 жыл бұрын ұлым көз жұмды. Ол стратегиялық зерттеулер институтының директоры болған. Өлер алдында табытын ақ-қызыл-ақ тумен жабуды өтінді. Ол туды әлі күнге сақтап жүрмін. Қазіргі жағдай басталып, балаларды алып кете бастағанда ештеңе істей алмай қалдым. 78 жастамын, қатерлі ісікпен ауырғанмын, екінші топ мүгедегімін. Қант диабетімен және полиартритпен ауырамын. Бірақ аналардың не сезініп жатқанын ойласам, жүрегім езіледі.

Туған жерімді жақсы көремін, бірақ жүйені жек көремін. Ауладағы барлық көлік сигнал бере бастағанда, туды шығарып, ұлымды еске алу үшін терезеге ілдім. Кейін туды алып тастап, бір бөлігін жапсырып қойдым. Осыдан кейін "пикетте көзге түсіпсіз" деп хабарласты. "Қандай пикет?" деп түсінбей қалдым. Әзер жүремін. Жақында ғана коронавируспен ауырдым. "Мақсатыңыз не болды?" дейді. "Сіздер көрсеткен, таяқ жеп, қорланған балалар сияқты өкініп, жылағанымды қалайсыздар ма? Олай жасамаймын" дедім. Милиция бөлімшесінен тағы бір рет хабарласып, "Кіммен тұрасыз?" деп сұрады.

– "Мысықпен".

– "Мысықтың аты кім?"

– "Рыжик. Оны да жазаға кесесіздер ме?"

Енді міне ту ілгенім үшін ай сайын алатын зейнетақымнан екі есе үлкен айыппұл салып отыр. Түсінбеймін, бұл туға тыйым салынған ба? Туға қатысты не жағдай болып жатыр? Маған келген милиция қызметкерлерінен "Неге барлық автозактың сыртына мемлекеттік ту ілінген? Оның астында не істеп жатырсыңдар?" Мына бейшара балаларды шипажайға әкетіп барасыңдар ма?" деп сұрадым. 510 рубль зейнетақы аламын. Балаларымды туған жері мен туын құрметтеуге үйреттім. Әнұран ойнағанда, балаларым орнынан тұратын. Қандай ту екені маңызды емес, тек оны өз әрекеттеріңмен масқараламаңдар. Өлтіретін сендер, бандит біз бе?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG