Accessibility links

"Егемен рунет". Кремль желіні толық бақылауды көксей ме?


"Егемен рунет" туралы заң мен интернеттегі цензураға қарсы наразылық білдіріп тұрған адамдар. Мәскеу, 10 наурыз 2019 жыл. Көрнекі сурет.
"Егемен рунет" туралы заң мен интернеттегі цензураға қарсы наразылық білдіріп тұрған адамдар. Мәскеу, 10 наурыз 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Bellingcat зерттеу тобының өкілі Христо Грозев Ресей билігі дайындаған "интернетті жоқ қылу" жоспары қолына түскенін айтады. Оның сөзінше, Кремль біртіндеп шектей отырып екі жыл ішінде YouTube, Twitter және өзге халықаралық қызметтер жылдамдығын 24 Кбит/с дейін бәсеңдетуі мүмкін. Азаттық сөйлескен сарапшылар Ресейдің "егеменді интернетке" түпкілікті көшудің техникалық шешімін әзірлеп қойғанына күмәні барын айтқанымен, мемлекет қолдана алатын шектеу құралдары үсті-үстіне көбейіп келе жатқанын мойындайды.

Қыркүйек айының басында Эстония астанасы Таллинн қаласында өткен Lennart Meri Conference шарасында Bellingcat зерттеу тобының өкілі Христо Грозев былай деді:

Христо Грозев.
Христо Грозев.

– Біз Ресейде барлық хостинг-провайдерді аккредитациялау жүйесі арқылы интернетті жоқ қылып жіберудің нақты жоспары дайындалғандығы жайлы ақпарат алдық. Аккредитация алғандар өз қолданушыларының әрқайсы бойынша барлық ақпаратты, яғни SSL сеанстарын, логиндерді, IP-адресті қоса алғанда түгел деректі Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) беріп отыруға міндетті болмақ. Ешқандай аноним қолданушы деген болмайды. Ал аккредиттеуге көнбейтіндердің, соның ішінде YouTube, оған қоса барша бүкіләлемдік қызметтердің, Twitter және басқалардың жылдамдығы екі жыл ішінде біртіндеп бәсеңдетілмек. Ал 2 жылдан соң ең шеткі жылдамдық 24 Кбит/с болады.

Желі технологиясы мен интернет бойынша сарапшы Алексей Семеняканың сөзінше, қазіргі кезде Ресейде хостинг-провайдерлерді, яғни интернетте ақпаратты орналастыру инфрақұрылымының жұмысын қамтамасыз ететін компанияларды ("ақпарат таратуды ұйымдастырушылармен" салыстырғанда) мемлекет бақылауы, салыстырмалы түрде айтқанда, әлсіздеу. Ал "ақпаратты таратуды ұйымдастырушылар" іс жүзінде өз қолданушысының кез келген дерегін сақтауға және сұраныс бойынша құқық қорғау органдарына беруге міндетті.

Алексей Семеняка.
Алексей Семеняка.

– Бізде ақпарат таратуды ұйымдастырушыға қатысты міндеттеме бар екен, демек осы логика бойынша (мемлекет тарабынан қолданылар тиісті шара ықпалы) келесі деңгейге де жетуі мүмкін, – дейді Семеняка.

YouTube пен Twitter іс жүзінде хостинг-провайдер болмаса да, олар хостинг инфрақұрылымын қолданады. Теориялық тұрғыдан олардың қызметін дәл осы арқылы шектеуге болады. Биыл көктемде Роскомнадзор өзі заңсыз деп санайтын контентті жоюдан бас тартқан Google корпорациясына Ресей аумағында оның қызметінің жылдамдығын баяулатам деп қоқан-лоқы жасаған болатын.

Семеняка кейінгі айларда Ресей билігінің (YouTube иесі және ірі хостинг-провайдер болып отырған) Googlе-ге және басқа да ірі халықаралық интернет-қызметтерге қойған кінәрат-талаптардың қордалана түскеніне назар аударады. Мұндай ахуал Ресейдегі биылғы сайлауға байланысты туып отыр.

Америкалық Apple және Google компанияларының логосы. Көрнекі сурет.
Америкалық Apple және Google компанияларының логосы. Көрнекі сурет.

Тамыз айының ортасында Роскомнадзор Google мен Apple компанияларынан өз интернет-дүкенінен "Навальный" қосымшасын алып тастауды талап еткен, кейін бұл әрекеттен бас тартқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартам деп сес көрсетті. 3 қыркүйекте Мәскеу арбитраж соты Google мен Яндекске іздеу нәтижелерінде "ақылмен дауыс беру" деген сөз тіркесін көрсетуге тыйым салды.

Ресейлік іздеу жүйесі іс жүзінде сот талабын орындауға кірісті, ал америкалықтар оны орындаудан бас тартты. 9 қыркүйекте Роскомнадзор Google, Apple, Cloudflare және Cisco корпорацияларынан Ресей федерациясында "Ақылмен дауыс беру" ("Умное голосование") веб-сайтына қойылған тосқауылды айналып өту мүмкіндігін жоюды талап етті.

Ресей мекемесі (бұл талабынан) бас тартуды Ресей сайлауына шетелдіктердің араласуы деп қабылданатын болады деп мәлімдеді.

"Ақылмен дауыс беру" деген не? Кремль мен "Единая Россия" одан неге шошиды?

"Ақылмен дауыс беру" деген не? Кремль мен "Единая Россия" одан неге шошиды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:23 0:00

14 тамызда сот орындаушылары Google-дің Ресейдегі кеңсесіне барды. Ал келесі күні Google мен Apple өкілдерінің Ресейдің Федерация кеңесі егемендік жөніндегі комиссиясының отырысына шақырылғаны белгілі болды. Комиссия басшысы Андрей Климовтың айтуынша, ресейлік сенаторлардың америкалық цифрлық компанияларға қоятын "сұрағы жетіп артылады".

Роскомнадзор сонымен қатар желідегі бұғатты айналып өтуге жол бермеу үшін өз жаңа мүмкіндіктерін сынақтан өткізіп жатыр. Өткен аптаның соңында ведомство интернет-сайттың атын жасыратын Google мен Cloudflare қызметтерін бұғаттауды тест жасап сынап көрді.

Шетелдік DNS серверлерін уақытша бұғаттаған Роскомнадзор мемлекеттік компанияларға ресейлік DNS серверлеріне ауысуды ұсынды. Болашақта бұл Ресейдегі интернет қолданушының барлығы орындауға міндетті талапқа айналуы мүмкін. DNS-сервер пайдаланушыдан сайт атауы әлгіндей сұраныс алады және оны IP-мекенжайына аударады. Google мен Cloudflare қызметтері мұндай сұрауларды шифрлауға және сол арқылы белгілі бір пайдаланушының нақты қандай сайтты іздеп отырғаны туралы ақпаратты жасыруға мүмкіндік береді.

Интернеттегі цензураға қарсы "Роскомсвобода" жобасының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі үйлестірушісі Александр Исавниннің айтуынша, ресейлік DNS серверлеріне көшу Ресей билігіне мұндай ақпаратты орталықтандырылған түрде жинауға және өзіне ұнамайтын сайттарды бұғаттауға қосымша мүмкіндік береді. "Егеменді DNS" – егеменді интернеттің бір бөлігі" дейді Исавнин.

Александр Исавнин – интернеттегі цензураға қарсы "Роскомсвобода" жобасының үйлестірушісі.
Александр Исавнин – интернеттегі цензураға қарсы "Роскомсвобода" жобасының үйлестірушісі.

Исавнин Христо Грозев сипаттаған Ресейді халықаралық интернеттен толық ажырату перспективасы нақты түрде іс жүзіне асуы мүмкін деп санайды.

– Біз кейінгі кезде Ресей билік орындарының өзі қате санайтын ақпаратқа қол жеткізгісі келген азаматтардың мүмкіндікгін шектеу үшін ештеңеден тайынбайтынына көз жеткіздік. Егер олар сол бағытынан таймаса, олар ондай (толықтай ажыратар) жағдайға да жетеді, – дейді Исавнин.

Сонымен бірге Алексей Семеняка Рунетті түпкілікті "егемен жасаудың" дайын жоспары бар дегенге күмән келтіреді.

– [Ресей билігі] желінің барлық жерде толық бақылауда болғанын қалайды. Бірақ бұл үшін жасалып жатқан техникалық әрекеттер нақты бір жайттарға қатысты ғана болып отыр. Олардың барлығы аталған бағытта қолданылады, бірақ та мұның бәрін іс жүзіне асырудың ұлы жоспары бар деп ойламаймын. Мүмкін, мұндай жоспарлаудың қандай да болмасын бір шағын мүмкіндігі бар шығар: "мұнда бірдеңе өткізілді, анда бірдеңе нәтиже берді – жарайды, енді ары қарай бізде қандай мүмкіндік барын көрейік" дегендей. Яғни, серпін берілді, бірақ оны жүзеге асырудың ірі техникалық жоспары бар деп ойламаймын, – дейді Семеняка.

Роскомнадзордың кейінгі бір жыл ішінде интернетке шектеу енгізу шаралары, мысалы, контентті сүзуге арналған DPI жүйесін қолдануына қатысты және өткен көктемде Twitter-ді баяулату жөніндегі іс-әрекеттері нәтижелі бола бастағаны билікті үсті-үстіне жаңа шектеу құралдарын қолдануға итермелейтінін Азаттыққа сұхбат берген екі сарапшы да мойындайды.

– Шамасы, билік "егеменді интернет" құру саласында кей күштерді шоғырландыра алды және мұндай жабдықты жеткізуде сыбайлас жемқорлықпен күресті. Білікті қызметкерлерді жұмысқа қосып, бюджеттері ұлғайғаны және олардың тиімдірек жұмсала бастағаны анық, – дейді Исавнин.

Смартфондағы мессенжер мен өзге де бағдарламалар логосы. Көрнекі сурет.
Смартфондағы мессенжер мен өзге де бағдарламалар логосы. Көрнекі сурет.

Бірақ сарапшы әлемде интернетке қойылған шектеу Христо Грозев айтқан деңгейге дерлік жеткен елдер барын айтып, Қытай мен Иранды мысалға келтірді. Бұл екі елдегі қолданушылар интернетке қойылған бұғатты айналып өтудің неғұрлым жетілдірілген жүйесін меңгеруге мәжбүр болды, ондай жүйе Ресейде әлі кең қолданылмайды. Егер мемлекет интернетті бақылауын күшейсте, онда қоғамның жаңа технологияларды тез меңгеретінін Беларусь тәжірибесі көрсетті дейді Исавнин.

Ресей интернетінің болашағы шетелдік интернет-компаниялардың қалай жұмыс істейтініне де айтарлықтай тәуелді болып отыр. Исавнин Telegram мессенжерінің бұғаттауға қарсы күрестегі табысына компанияның өзін қорғауға қайраты мен ресурстарын қолдануға әзірлігі септескенін атап көрсетеді.

– Google және өзге де компаниялар не Яндекс сияқты Ресей билігінің қойған талабын орындауға кіріседі, не Ресейдің талабына пысқырмай, елеусіз қалдырып, оның аяғы бұғаттауға апарып соғады-ау деген ой мені қатты мазалайды, – дейді Исавнин.

2020 жылғы әлемдегі интернет еркіндігінің ахуалы. Freedom House құқық қорғау ұйымы әзірлеген карта (орыс тілінде). Интернеті қатты шектелетін елдер қызыл түспен боялған, олардың арасында Ресеймен бірге Қазақстан да бар.
2020 жылғы әлемдегі интернет еркіндігінің ахуалы. Freedom House құқық қорғау ұйымы әзірлеген карта (орыс тілінде). Интернеті қатты шектелетін елдер қызыл түспен боялған, олардың арасында Ресеймен бірге Қазақстан да бар.

14 қыркүйекте Мәскеу бітістіру соты Ресейде тыйым салынған контентті жоюдан бас тартқан әлеуметтік желілерге тағы да айыппұл салды. Сот шешімі бойынша, Facebook компаниясы – 21 миллион рубль, Twitter – 5 миллион рубль, Telegram 9 миллион рубль айыппұл төлеуі тиіс. Ресей билігі осы кезге дейін бір ғана Facebook-ке 100 миллион рубльге жетер-жетпес айыппұл салған.

Азаттықтың Орыс қызметінің журналисі Сергей Добрыниннің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG