Accessibility links

Сирия оппозициясының Асадқа шамасы жете ме?


Сирия президенті Башар Асад. Дамаск, 29 тамыз 2012 жыл.
Сирия президенті Башар Асад. Дамаск, 29 тамыз 2012 жыл.

Мамандардың болжауынша, Сирия оппозициясының Батыстың көмегіне сүйенген стратегиясы мұндағы соғысты соза түседі.

The Guardian («Гардиан») басылымы қарашаның 15-і күні Сириядағы қақтығыс жайлы мақала басты.

«КОАЛИЦИЯНЫҢ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ ӨЗІ - ЗОР ЖЕТІСТІК»

Басылым «Сирияның ұлттық коалициясы» деп аталатын жаңа ұйым Сирия оппозициясына жетекшілік етеді» деп жазады. Бұл саяси ұйым өткен жексенбі күні Доха қаласында құрылған. Ұйымның құрылуына Катар мен Түркия, президент Башар әл-Асадтың тақтан құлауын күтіп отырған АҚШ пен Батыс елдері қолдау көрсеткен.
«Сирияның ұлттық коалициясының» президенті Муаз әл-Хатиб (ортада) және оның көмекшілері - феминист белсенді Сухайра әл-Атасси (сол жақта) мен белгілі диссидент Риад Сеиф.
«Сирияның ұлттық коалициясының» президенті Муаз әл-Хатиб (ортада) және оның көмекшілері - феминист белсенді Сухайра әл-Атасси (сол жақта) мен белгілі диссидент Риад Сеиф.

Басылымның дерегі бойынша, коалицияның жаңа президенті Муаз әл-Хатиб бұрын Дамаскідегі омейядтар мешітінде бас имам болған. Оның екі жәрдемшісі бар. Біріншісі - Сириядағы феминист белсенді Сухайра әл-Атасси. Екіншісі - Асад режимін батыл сынағаны үшін түрмеге жабылған текстиль компаниясының бұрынғы директоры Риад Сеиф.

Мақала авторы жаңа коалицияның болашақта қаншалықты жемісті әрекет ететінін болжауға тырысқан. Оның ойынша, жаңа жетекшілер көптеген саяси фракциялар мен саяси белсенділердің басын біріктірген. Олардың барлығы да Сириядағы режимді құлату үшін күреспек. «Осының өзі - зор жетістік» дей отырып, автор «алдағы күрес оңай болмайтын сияқты» дейді.

КОАЛИЦИЯНЫҢ ӘЛСІЗ ТҰСТАРЫ

Автордың дерегі бойынша, жаңа коалицияның құрамында әскери адамдар аз. Ол «коалицияның президент Асадтың кәсіби армиясын жеңуі екіталай» деп болжайды. Себебі, Сирия халқының басым бөлігі «Осы режиммен өмір сүру керек пе, әлде келешегі не болары белгісіз көтерілісшілермен бірге болу керек пе?» деген сауалға қатысты позициясын әлі анықтай алмай отыр.

Тағы бір үлкен қиындық - «Сирияда режимге қарсы соғысып жатқан қарулы топтарға коалиция басшылары өздерінің талап-бұйрықтарын орындата ала ма?» деген мәселе. Guardian-ның жазуынша, «Осы қарулы топтардың құрамында аянбай соғысып жүргендердің кейбіреулерінің «Әл-Қаидамен» байланысы бар. Дамаскідегі, Алепподағы және тағы басқа елдімекендерде өзін өзі жарып жіберген шахидтер - «Әл-Қаида» мүшесі. Бұл жиһадшылар сырттан келіп біреудің басқарғанын ұнатпайды».
Франция президенті Франсуа Олланд. Париж, 13 қараша 2012 жыл.
Франция президенті Франсуа Олланд. Париж, 13 қараша 2012 жыл.

Автордың зерттеуінше, коалицияның проблемасы мұнымен бітпейді. Оппозиция халықаралық қолдауға тезірек ие болып, уақытша үкімет құрғысы келеді. Франция президенті Франсуа Олланд осы аптада «Франция Сирия халқы заңды деп тапқан мемлекетті ғана мойындайтынын» айтты. Одан бөлек, Франция президенті «Сирия оппозициясын қаруландыру мәселесін әлі де қарастырамыз. Франция БҰҰ-ның рұқсатынсыз Сирияға әскер кіргізбейді» деп хабарлады.

Халықаралық қолдау мәселесі - Сириядағы оппозицияның ең үлкен проблемасы. Себебі, Сириядағы оппозиция Ливиядағыдай Батыстың әскери көмегіне үміт артады. Автор «Ливия варианты» көтерілісшілерді адастырды» деп санайды.

Мақалада «Оппозиция басшыларының «Муаммар Каддафиді құлатқандай, Асад режимін құлатуға АҚШ және тағы басқа одақтастар жәрдем береді әрі Сириядағы режимді құлатуға Израиль де мүдделі» дегенге сеніп қалғаны» жазылған.

ОППОЗИЦИЯ ҮМІТІН АҚТАМАҒАН ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ

Автор «Көтерілісшілер шетелдіктердің қарулы көмегінсіз Сирия армиясы мен әуе күштерін өз беттерінше жеңе алмайтындарын жақсы түсінген. Сондықтан соғыс бастала салысымен, негізгі стратегия шетел көмегіне ескере отырып құрылған еді.
Себебі оппозиция «режимнің билікті теріс мүддеге пайдалануы халықаралық күштердің Сириядағы жағдайға араласуына түрткі болады» деп үміттенген. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспады. Қытай мен Ресей БҰҰ-да Сирияға сырттан әскер кіргізуге қарсы болды. Қала берді АҚШ-тың, Еуропа елдері мен Түркияның да Сирияда соғысуға құлқы болмады. Сирияның Араб елдеріндегі дұшпандары соғысқа араласудан бас тартты» деп жазады.
«Сирияның ұлттық коалициясын» құру үшін Катарға келген Сирияның оппозиция өкілдері. Доха, 11 қараша 2012 жыл.
«Сирияның ұлттық коалициясын» құру үшін Катарға келген Сирияның оппозиция өкілдері. Доха, 11 қараша 2012 жыл.

Мақалада АҚШ-тың тағы бір соғысқа кірігіп кетуден сақтанып, Таяу Шығыстан әскерін алып кетуге әрекеттеніп жатқаны жазылған. «Бұған дейін Сириядағы режимге қарсы боп келген Франция бар күшін Батыс Африкадағы исламистермен соғысуға сала бастады. Сириядағы соғыс - Франция үшін артық шығын» дейді автор.

Мақалада «Сирияны не күтіп тұр?» деген сауал қойылып, автор өз болжамын жазған. Оның ойынша, Батыс күштері коалицияға астыртын көмекті жалғастыра береді. Бірақ мұндай саясат соғысты соза түспек. Ал Башар Асад биліктен кетпеуге нық бекінген. Сондықтан, мәселе тек бейбіт келіссөзбен шешілетін сияқты».

Мақаланың соңында автор Норвегияның сыртқы істер министрі болған Йонас Гардің (2005 жылдан 2012 жылдың қыркүйегіне дейін - ред) «Диалог - батырлар стратегиясы» деген сөзін еске салады.
XS
SM
MD
LG