Accessibility links

Тәжікстан президентінің туған ауылы облыс орталығына айналмақ


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон туған кенттегі Даңғара мемлекеттік университеті.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон туған кенттегі Даңғара мемлекеттік университеті.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон туған Даңғара кентіне соңғы жылдары көп мөлшерде инвестиция салынды. Қазір бұл елді мекенді облыс орталығына айналдыру ісі қолға алынған.

Эмомали Рахмонның балалық шағы өткен ауылда қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Тәжікстанның ресми өкілдері бұл шаралар ел астанасы Душанбеден оңтүстік-шығысқа қарай 115 шақырым жерде орналасқан Даңғара кентін облыс орталығына айналдыру жоспары аясында қолға алынғанын жасырмайды.

Хатлон облысына қарайтын, дәстүрлі ауылшаруашылығымен айналысып келген кентте қазір жаңа ғимараттар, зауыттар мен жолдар салынып жатыр. Ақпанның 7-і күні облыс әкімшілігінің басшысы бірнеше "компания мен ұйымға" Даңғараны қалаға айналдыру туралы тапсырма берілгенін мәлімдеді.

"Бірнеше құрылыс жобасын іске асыру қолға алынды, бірақ (аймақ) орталығына айналдыру процесі бірнеше жылға созылуы мүмкін" деді облыс басшысы Курбон Хакимзода.

Алайда шенеунік Даңғараның қашан ресми түрде аймақ орталығына айналатыны туралы айтпады.

"Көп қаржы қажет. Тек бір нәрсені анық айта аламын: ол ел тәуелсіздігінің [2021 жылы қыркүйекте] 30 жылдығына дейін емес, бәлкім, сәл кешірек болады. Бәрін уақыт көрсетеді" деді Хакимзода.

Даңғара кентінде жаңадан салынып жатқан өндіріс нысаны.
Даңғара кентінде жаңадан салынып жатқан өндіріс нысаны.

Облыс басшысының бұл мәлімдемесінен бір күн бұрын, Даңғараның қала құрылысы бөлімінің жетекшісі Шукрулло Бахтиёр болашақ облыс орталығының бас жоспары жасалып, дайын болғанын айтқан. Бірақ құжат әлі түпкілікті бекітілген жоқ деді ол. Шукрулло Бахтиёрдің хабарлауынша, Даңғарада ондаған ғимарат пен нысан, соның ішінде үлкен мәдениет сарайы салынады деп жоспарланып отыр. 2017 жылы Даңғара әкімшілігінің бұрынғы басшысы кенттің бас жоспары алты мың гектар жерді қамтитынын айтқан еді.

Биыл ақпанның басында Хатлон облыстың білім басқармасының басшысы Диловар Исозода өзі басқаратын мекеме үшін Даңғарада сегіз қабатты жаңа ғимарат салынатынын мәлімдеген болатын. Тәжікстанда облыстық мемлекеттік мекемелердің кеңселері аймақтың әкімшілік орталығында орналасқан.

Даңғара Хатлон облысының орталығы бола ма, жоқ әлде үкімет аймақты екі аумақтық-әкімшілік бірлікке бөліп, Даңғараны бірінің орталығына айналдыра ма – ол жағы әзірге белгісіз.

Хатлон облысы 1992 жылы бұрынғы Куляб және Қорған-Төбе облыстары бір аймаққа біріктірілген соң құрылған.

ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНГЕН АУДАН

Даңғара облыс орталығына айналуы мүмкін деген хабарға Тәжікстанда ешкім таңданбайды. Авторитарлы билік басындағы президент дүниеге келген ауылда соңғы жылдары бұл жерге "ерекше көңіл бөліне" бастағанын айтады.

2012 жылы билік осы ауылда Даңғара мемлекеттік университетін ашқан. Тәжікстанда әдетте жоғары оқу орындары ірі қалаларда орналасқан. Даңғарада ақ күмбезді ірі кешені мен биік мұнаралары бар жаңа университет салынды.

2016 жылы Даңғарада Хатлон медицина университеті ашылды. Қазір ол Тәжікстандағы дәрігер мамандарын дайындайтын екі жоғары оқу орнының бірі. Екіншісі Душанбеде орналасқан. Даңғарада медициналық унивсерситет ашпастан бұрын билік көлемі жағынан елдегі екінші ірі қала – Ходженттегі осындай оқу орнын жауып тастаған еді. Билік ол шешімін оқу орнының "қажет еместігімен" түсіндірген.

Президент Рахмон 2010 жылы Наурыз мерекесі кезінде елге келген Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовты Даңғарада қабылдаған. Сол жолы 10 мың орындық стадиондағы үлкен сахнада мерекелік концерт өтіп, ұлттық тағам фестивалі ұйымдастырылған болатын.

Даңғара ауданыдағы "Хуталон" қорығында жүрген теңбіл бұғы. 2018 жылы президент Рахмон қорық аумағына 60 бұғыны өз қолымен жіберген.
Даңғара ауданыдағы "Хуталон" қорығында жүрген теңбіл бұғы. 2018 жылы президент Рахмон қорық аумағына 60 бұғыны өз қолымен жіберген.

Қазір 160 мыңға жуық тұрғыны бар Даңғара ауданына үлкен көлемде инвестиция құйылып жатыр. Соңғы жылдары мұнда тоқыма кешені, мұнай өңдеу және цемент зауыттары, жарылғыш зат шығаратын кәсіпорын тәрізді бірнеше жаңа жоба іске қосылып, жаңадан мыңдаған жұмыс орны ашылды.

Жұмыссыздық – Орталық Азиядағы тоғыз миллионға жуық адам тұратын постсоветтік елдегі негізгі проблемалардың бірі.

1992 жылы билік басына келген Эмомали Рахмон содан бері Тәжікстанды басқарып отыр. Даңғара мен бұрынғы Куляб облысынан шыққан адамдарды маңызды мемлекеттік лауазымды қызметтерге тағайындайтыны үшін оны жиі сынайды. Елдің ішкі істер министрлігін, қорғаныс министрлігін, мемлекеттік қауіпсіздік комитетін, шекара қызметін, телерадио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетті және өзге де маңызды билік органдарын президенттің жерлестері басқарып отыр.

Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосының материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG