Accessibility links

"Шешенфильм" киностудиясының шырғалаңы


Шешен кинорежиссері Инал Шерипов (сол жақта) пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың суреттерінен коллаж.
Шешен кинорежиссері Инал Шерипов (сол жақта) пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың суреттерінен коллаж.

Қуғындағы "Ичкерия Шешен республикасының" мәдениет министріне айналғаннан кейін Инал Шерипов 2013 жылы Рамзан Қадыровты "Қолы иығына дейін қанға малынған жауыз" деп атаған еді. Ал Шерипов содан төрт жыл бұрын – 2009 жылы Шешенстан президентіне республикадағы тұңғыш "Шешенфильм" мемлекеттік киностудиясын құруға көмектесу үшін АҚШ-тан Ресейге оралған болатын.

Режиссер мен Қадыровтың киноға қатысты көзқарастары мүлде үйлеспей, 2012 жылы Шерипов Батысқа қайта кеткен. Шілденің 30-ы күні Ресей ІІМ оның студиясының бұрынғы қызметкерлерінің үстінен (мүмкін, оның өзінің үстінен де) Чеховтың "Зарығу" ("Тоска") әңгімесі бойынша картина түсіру үшін Ресей мәдениет министрлігі бөлген 22 миллион рубльге қатысты алаяқтық туралы қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.

Бұл жоба орыс жазушысының шығармасының орнына экраннан шешенстандық мазмұндағы материалға негізделген "батырлар эпосын" көргісі келген шешенстандық шенеуніктердің кесірінен аяқталмай қалған. "Шешенфильм" киностудиясы" мемлекеттік унитарлы кәсіпорны (МУК) жабылып, оның орнына республикада кино саласын дамытумен дәл осындай атаумен құрылған жауапкершілігі шектеулі қоғам (ЖШҚ) айналыса бастады. Оны Қадыровты қолдайтын әрі арнайы білімі жоқ шешенстандық кинопродюсер Беслан Терекбаев пен оның інісі Магомед басқарады. "Шешенфильм" киностудиясы" ЖШҚ "исламға қайшы көріністері жоқ" патриоттық фильмдер түсіреді. Бірақ бұл компания да проблемаға тап болған. Наурыздың 14-і күні сот "заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеуге қоятын органға заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер туралы мәлімет бермей я жалған дерек беріп" әкімшілік заңды қайталап бұзғаны үшін оның директоры Магомед Терекбаевты бұл қызметті атқару құқығынан айырған.

Кәсіпорынның бұрынғы бірнеше қызметкерінің үстінен қылмыстық істер қозғалғаны жайлы ақпаратты "Шешенфильм" киностудиясы" МУК төңірегіндегі жағдайдан хабардар, бірақ жеке басының қауіпсіздігіне байланысты аты-жөнін жарияламауды жөн көрген Азаттықтың Орыс қызметінің дереккөзі де растады. Шілденің 30-ы күні таңертең қылмыстық іс туралы кино саласындағы және ІІМ орталық аппаратындағы дереккөздеріне сілтеме жасап РБК басылымы да жазды. Басылымның дерегіне сәйкес, Ресей мәдениет министрлігі қаржыландырып, "Шешенфильм" киностудиясы" МУК-ның алғашқы жобасына айналуы тиіс болған жазушы Чеховтың әңгімесімен аттас "Зарығу" фильміне қатысты іс Ресей қылмыстық кодексінің 159-бабының төртінші бөлімі ("Алаяқтық") бойынша прокуратура материалдары негізінде қозғалған. Мұны Азаттық дереккөздері де растады.

Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский.
Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский.

Мәскеу қалалық арбитраж сотының 2014 жылғы шілденің 15-індегі шешіміне қарағанда (толық мәтіні мына жерде), Ресей мәдениет министрлігі картинаны қаржыландыруға шамамен 22 миллион рубль (2012 жылғы айырбас бағамы бойынша – 600 мың доллардан көп) бөлген. Шешімде ақша аударылғаны, ал фильмнің түсірілмегені айтылған. Мәдениет министрлігі осы ақшаны келісім шарттарын орындамағаны үшін қарастырылатын 1,5 миллион рубль көлеміндегі айыппұлмен бірге қайтаруды талап етіп отыр. РБК қылмыстық істі кино өндірісіне бөлінген мемлекеттік субсидияларға жаппай тексеру жүргізу кампаниясымен байланыстырады. Басылым дерегінше, Ресей мәдениет министрі Владимир Мединскийдің шағымынан кейін Бас прокуратура Кино қоры мен Мәдениет министрлігіне қарыз болып қалған 20-дан аса киностудияны тексеруді бастап, екі ("Шешенфильм" ісін санамағанда) қылмыстық іс қозғаған. Шын мәнінде, "Шешенфильм" киностудиясы" МУК қызметкерлері үстінен қылмыстық іс қозғау себебі өзінің қас жаулары – қуғындағы Ахмед Закаев құрған шешен үкіметі жағына өткен адамнан Рамзан Қадыровтың өш алуымен байланысты болуы мүмкін.

"КИЕЛІ ОТБАСЫН МАДАҚТАСАҢ ЖЕТЕР ЕДІ"

Инал Шерипов 1971 жылы Грозный қаласында дүниеге келіп, 1990 жылдардың басында Мәскеуге көшіп барған. "Союзмультфильм" студиясында балаларға арналған фильмдерге музыка жазумен айналысқан. Сосын ОРТ телеарнасында және "Орталық деректі фильмдер студиясында" жұмыс істеген. Кейін АҚШ-қа кетіп (Шериповтің сөзінше, сол жаққа оны Мартин Скорцезе шақырған), Сан-Диего университетінде кино өнері туралы дәріс оқыған, өзін "коммерциялық" және "аттракциондық киноға" қарсы адам ретінде көрсеткен. Шериповтің фильмдері бірнеше мәрте халықаралық сыйлықтар алған, ал өзі бірнеше кинофестивальдің, мысалы, мұсылман киносының "Алтын Минбар" ресейлік фестивалінің қазылар алқасы мүшесі болған. 2003 жылы оның "Туған қалам Грозный" фильмі Шешенстан туралы деректі фильмдер фестивалінде көрсетілген. Бірақ билік "антиресейлік бағыты" үшін бірнеше картинаны көрсетілім бағдарламасынан алып тастауды талап еткен. Фестиваль ұйымдастырушыларының мәлімдеуінше, Мәскеу киноорталығы дирекциясы олардың қысымымен бірнеше фильмді көрсетілімнен алып тастауға келіскен (Шериповтің фильмі бұл тізімге ілікпеген).

Шерипов 2005 жылы өзі жайлы берген сұхбатында: "Қазір маған өзімді кім сезінетінімді айту өте ауыр. Шамасы, мен әлдебір ұлттық шеңберден шығып кеткен тәріздімін. Сондықтан қарабайыр естілгенімен, мен – әлем адамымын" деген болатын. Ол Шешенстанда "Король Лир " фильмін түсіруді сол кездің өзінде жоспарлап, жобаны Мемлекеттік кино комитеті қаржыландырады деп үміттенген, бірақ идеясы сол күйі іске аспай қалған. Есесіне, 2009 жылы Шериповтің жолы болғандай көрінген – Рамзан Қадыровтың Шешенстан ұлттық киностудиясын құру жоспарын алғашқылардың бірі болып қолдаған ол осы мақсатта арнайы құрылған "Шешенфильм" киностудиясы" МУК басшысы болып тағайындалған.

Сол сәттен бастап Шешенстанның ресми БАҚ-тары Инал Шерипов туралы "ұлттық кинематографтың ең көрнекті тұлғаларының бірі" ретінде жаза бастаған. "Шешенфильмнің" қамқоршылар кеңесіне Шерипов "кәсіби ғана емес, эстетикалық аспектіден де бағдар сілтейтін" адамдар деп атаған Рамзан Қадыровтың өзі, Шешенстан парламентінің сол кездегі төрағасы Дукуваха Абдурахманов, "Мосфильм" киностудиясының президенті Карен Шахназаров, мүсінші Зураб Церетели, Мемлекеттік дума депутаты Иосиф Кобзон, "Огонек" журналының бас редакторы Виктор Лошак және өзгелер кірген. Мысалы, Шахназаров кино түсіру үшін "Шешенфильмге" республиканың өзінде әлі жоқ алаңдар беріп, дарынды шешен жастарынан кадр даярлап беру жағынан көмектесуге уәде еткен. ВГИК (Сергей Герасимов атындағы бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университеті) ректоры Владимир Малышев шешен жастарын оқуға қабылдауға уәде еткен.


Шерипов ресейлік "Новости" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Чеховтың "Зарығу" әңгімесі желісімен "Шешенфильм" түсіретін тұңғыш фильмді жартылай қаржыландыруды 2010 жылы жазушының 150 жылдығына орай Федералдық баспасөз және бұқаралық коммуникациялар агенттігі ұйымдастырған конкурста жеңіп алғанын айтып берген болатын. "Бұл – бюджеті екі миллион доллар ғана болатын шағын жоба. 50 пайызын мәдениет министрлігінен, ал 50 пайызын жеке инвестордан аламыз деп үміттеніп отырмыз" деген ол.

Фильмде бас рөлді шешенстандық актер Дагун Омаев ойнауы тиіс болған. Шерипов түсірілімге Людмила Гурченко, Владимир Этуш және Алексей Петренконы да шақыруды жоспарлаған.

Бірақ Шерипов пен Шешенстан билігі арасындағы "сүйіспеншлік" ғұмыры онша ұзаққа бармады. Туған елінде тәжірибесі керексіз болған ол 2012 жылы "Шешенфильм" киностудиясы" МУК директоры қызметінен кеткен. 2013 жылы ақпанда берген тағы бір сұхбатында Шерипов: "Себебі қарапайым – республикада билік белгілі бір әлеуметтік топтың қолында, ал мен ол топқа жатпаймын. Ал әлгі топ кинематограф ғана емес, өнерді өзінше – кей индивидуумдарға арналған батырлар эпосы деп, ал кино осы эпосты мифологияландыруы тиіс деп түсінеді. Олармен пікірім мүлде қайшы болып шықты" деген болатын.

Орыс жазушысының әңгімесі желісімен фильм түсіру идеясы республика билігіне онша ұнамағанын шешен киносының кейінгі тағдырынан да болжауға болады. "Зарығу" фильмі Шешенстанның өзінде емес, көбінесе" Мосфильм" киностудиясында түсірілуі тиіс болған. Азаттық дереккөзінің айтуынша, Инал Шерипов "Шешенфильмнен" кетер сәтке қарай Мәдениет министрлігі "Зарығу" фильмі түсіріліміне жоспарланған бүкіл соманы емес, жартысын ғана – шамамен 10 миллион рубльді аударған. Қалған ақшаны қосымша екі траншпен аударуы тиіс болған, бірақ Владимир Мединскийдің ведомствосы ақшаның соңғы бөлігін картинаны өткізгеннен кейін ғана төлеуге уәде еткен. Шериповке түсірілімге қажет екі миллион доллардың қалғанын Люксембургте тұратын жеке инвесторлардан алатын болып келісудің сәті түскені туралы әңгіме шыққан, бірақ Шерипов "Шешенфильмнен" кеткеннен кейін олар фильмді қаржыландырудан бас тартқан. Шешенстан билігін түсірілімнің тым болмаса әлдебір бөлігін қаржыландыруға көндіру әрекетінен де түк шықпаған. 2017 жылы қыркүйекте "Медуза" сайтына берген сұхбатында Шерипов: "Бізді бір де министрлік қаржыландырған жоқ, бірақ жергілікті қадағалаушы органдар үзбей тексеріп тұрды. Тексеруді тоқтату үшін биліктің ар-ұятының тазалығын мойындап, киелі отбасын мадақтасаң жеткілікті болар еді, бірақ мен ұятымнан аттай алмаймын деп шештім" деген болатын.

"Шешенфильм" киностудиясы" мемлекеттік унитарлы кәсіпорны ресми түрде 2014 жылғы қыркүйектің 8-інде жойылды. Азаттық дереккөзінің айтуынша, ол кезге қарай Ресей мәдениет министрлігінен алынған 10 миллион рубль "Зарығу" картинасын түсіру дайындығына жұмсалып кеткен.

"ШАМА-ШАРҚЫМЫЗША ҮЛЕС ҚОСЫП ЖАТЫРМЫЗ"

Содан дәл бір жыл бұрын – 2013 жылғы қазанда Шешенстанда атауы директоры Инал Шерипов болған "Шешенфильм" киностудиясы" МУК-тің атауының толық көшірмесіне айналған жауапкершілігі шектеулі қоғам құрылған. Бұл ұйымды ағайынды Магомед пен Беслан Терекбаевтар басқарған. 29 жастағы Магомед ЖШҚ директоры, ал 38 жастағы Беслан – бас продюсері болған. Шешенстан билігі Мәдениет министрлігі жанындағы мемлекеттік кинематография басқармасын басқаруды Беслан Терекбаевқа сол кезде ұсынған болатын. Беслан Терекбаев бұл ведомствоны 2013-2017 жылдары басқарған. Шешен актерлерлерінің қатысуымен Шешенстанда түсірілген әрі "шешен халқының ұлттық салт-дәстүрі ескерілген" 12 сериядан тұратын "Деган аз" ("Жүрек қалауы") көп сериялы мелодрама компанияның тұңғыш жобасы болды.

Беслан Терекбаев кино үшін дәрігер карьерасынан бас тартқан. 2017 жылы тамызда Терекбаев Мәскеуден арнайы шақырылған бір топ журналистің ішінде болған "Кинопоиск" сайтының Грозныйдағы тілшісі репортажында осы жайында: "Ол мамандықты қаламайтынын түсінген" деп жазған. "Шешенфильмді" басқарғанға дейін Беслан Терекбаев үйлену тойлары мен жарнамалық роликтер түсіріп жүрген, бірақ 2017 жылдың өзінде продюсерлік етіп, шешен тіліндегі қысқа метражды көркем фильмдер түсіре бастаған.

Инал Шерипов Ресейден кетіп қалған, бірақ "Шешенфильм" киностудиясы" әлі жойылмаған, ал ЖШҚ әлі құрылмаған 2012 жылғы желтоқсанда Беслан Терекбаев өзін студия продюсері ретінде атап, шешен киносының жарқын болашағы туралы берген сұхбатында: "Бірінші кезекте біз отбасымен бірге тамаша әсерге бөленіп көруге болатын кино түсіргіміз келеді. Кино көбінесе шешен тілінде, бірақ орыс тілінде де фильмдеріміз бар. Бұдан бөлек, кино халықтың сана-сезімін қалыптастыруың жақсы құралы болғандықтан, мәдениетімізді кино арқылы насихаттауға болады. Бұл жағынан артта қалмауға тырысамыз. Республика басшысы Рамзан Қадыров бұл мәселеге көп көңіл бөліп отыр, сондықтан шама-шарқымызша біз де үлесімізді қосып жатырмыз. Картиналарымызда Шешенстан халқының өзіндік ерекшелігін, мәдениетінің байлығын көрсетуге тырысамыз" деген болатын.

Рамзан Қадыров "Шешенфильм" киностудиясында, желтоқсан, 2016 жыл:

Терекбаевтың сөзінше, студия қарқынмен жұмыс істеуі үшін "жылына тым болмаса 30 миллион" қажет. Мемлекеттік унитарлы кәсіпорынның орнына інісі басқаратын ЖШҚ құрылмай жатып Терекбаев өзін неліктен "Шешенфильмнің" "продюсері" деп атағанын Азаттық дереккөздерінің мәліметтері біршама түсіндіріп берді. Осы деректерге қарағанда, 2012 жылы Инал Шерипов кеткеннен кейін Терекбаев оның міндетін атқарушы болып тағайындалған, ал "Зарығу" фильмі түсіріліміне Мәдениет министрлігі бөлген ақшаның қалған бір бөлігін ол алып, жаңа студияның алғашқы жобаларына пайдаланған болуы мүмкін. Бұл болжамға сәйкес, Беслан Терекбаев атаулары бірдей екі құрылымды, яғни жабылуға шақ тұрған МУК пен жаңадан құрылған ЖШҚ-ны біраз уақыт бойы бір мезгілде басқарған. Терекбаевты "Шешенфильм" МУК басшысы етіп тағайындау туралы жарлықты Азаттық жария дереккөздерден таба алмады, мұны өзінен сұраудың да сәті түспеді.

Жаңа студияның сұранысы өсе берген, бірақ қаржы алу оңайлай бастаған. Мәдениет министрлгі ақша беруді тоқтатпаған (мысалы, "Айнымас достар" үнді-шешен бірлескен лентасына 40 миллион рубльден көп ақша бөлген).

"Егер бізге жылына өндіріске тым болмаса 30 миллион бөліп тұрса, киноны қиналмай түсіре берер едік. Ал қазір инвесторларды тартуымыз керек, ал олардың көбі – коммерциялық компаниялар, фабрикалар мен сауда базалары. Оларға әлеуметтік фильмдер емес, бірден көрермен тартатын, жарнамаға барынша назар аударатын өнім қажет", - дейді Терекбаев. Оның сөзінше, ол киноны дамытуға Рамзан Қадыровтың өзі ұсынған ақшадан бірнеше мәрте бас тартқанымен, республика басшысы берген "үш қабатты ғимарат пен екі гектар жерді" ЖШҚ қабыл алған. 2017 жылғы тамызда Терекбаев Шешенстанда кино түсірген кезде туындаған толып жатқан күрделі мәселелерді "жалғыз қоңырау" арқылы шешуге болатынын мақтана мойындаған болатын. Бұдан бөлек, 2016 жылы ЖШҚ Грозныйдағы "екі кинотеатрды қайта жабдықтауға" Кино қорының екі грантын алған.

Терекбаевтың тұсында "Шешенфильм" әзірше қысқа метражды жалғыз фильмнің түсіріліміне, оның өзінде "Русская Фильм Группа" (RFG) корпорациясымен бірлесіп қатысқан. Бұл сол баяғы шешенстандық актер Дагун Омаев түскен "Қоштаспайық" әскери драмасы. Фильм Шешенстанда емес, Тверьде түсірілген. Картина бюджетінің көлемі белгісіз, бірақ прокаттан 87 мың доллар ғана түскен. "Кинопоиск" сайтында фильм рейтингісі 10 балдың ішінде – 5,8 балл деп көрсетілген. Терекбаев продюсер ретінде фильмдер ғана емес, мультипликациямен де айналысады. 2015 жылы "Лунтик" және "Шрек" мультфильмдерін шешен тіліне өзі аударып, дыбыстаған.

"КИНОШНИК" ПЕН "САДИСТ"

"Шешенфильм" киностудиясы" ЖШҚ өздігінен кино түсіруге тырысып қана қоймай, өзге продюсерлік компанияларға алаң береді. Жерар Депардье мен Элизабет Херли түскен "Виктор" криминалды драмасы Шешенстанда әлем жұлдыздарының қатысуымен түсірілген ең танымал фильмдердің біріне айналуы тиіс болған. Ондаған шешен актері ойнап, Грозныйда түсірілген картина 2014 жылы прокатқа шыққан. Бірақ 2017 жылы Шешенстан астанасына барған "Кинопоиск" тілшісінің жазуынша, бюджеті 10 миллион доллар болған "Виктор" фильмін сыншылар түкке алғысыз етіп сынап, Ресей мен ТМД елдеріндегі прокаттан сегіз миллион рубльге де жетпейтін түсім жинағанын Шешенстан билігі есіне түсіргісі келмейді.

Сыншылардың бірі – "Шешенфильм" киностудиясы" МУК-тің бұрынғы директоры Инал Шерипов. Рамзан Қадыровпен араздасып, Ресейден Бельгияға кетіп қалғаннан кейін Шерипов қуғындағы "Ичкерия Шешен республикасы" үкіметі құрамына еніп, оның вице-премьері әрі мәдениет, білім және ғылым министрі болған. 2013 жылғы наурызда Шерипов польшалық Gazeta Polska Codzienne газетінде Жерар Депардьені "қолы шынтағына дейін емес, иығына дейін қанға малынған диктатордың қолынан садақа алмауға" шақырған ашық хат жариялаған. "Антуан Экзюпери мен Виктор Гюгоның ізгі мұраттарында тәрбиеленіп, Жанна д’Арк пен Шарль де Голльдің ерлігіне тәнті болған, ұлы француз мәдениетінің бір бөлігі саналатын адамның өз қолымен кісі өлтіріп, адам азаптаған құбыжыққа, адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыпталғандықтан әлемнің кез-келген өркениетті еліне жолы жабық садистке, оның саяси қарсыластары мен қарапайым жандарды қол астындағы "ажал эскадрондары" өлтіретін сатрапқа, тарихта "шешен Квислингі" ретінде мәңгіге қалатын коллаборационистке құлдық ұрып, қызмет еткені миыма сыймайды" деп жазған ол ашық хатында.

Шешенстан парламентінің депутаты әрі Қадыровтың жақын серіктерінің бірі Жанболат Умаров "Грозный-Информ" ақпараттық агенттігі сайтында "киношник", "Тауэрдің сыз зынданында шірисің", "Шешенстанды менсінбесең, бұл жаққа аяқ баспа", "біз сияқты тау тұрғындарына саған жету қайда", "ақылгөйсіме, әйтпесе...", "қош бол, диссидент" деп мысқылдап, Шериповтің ашық хатына кекесін фельетонмен қарымта қайтарған.

Азаттыққа Инал Шериповтен "Шешенфильм" киностудиясы" МУК қызметкерлеріне қарсы қылмыстық іс туралы комментарий алудың немесе оның өзі де айыпталушылардың бірі ме анықтаудың сәті түспеді. Азаттық жолдаған "Ініңіз Магомед "Шешенфильм" киностудиясы директоры қызметінен не үшін шеттетілді?", "Қазір оны кім басқарады?" деген сұрақтарға Беслан Терекбаев та жауап бермеді. "Шешенфильм" студиясы сайтында көрсетілген телефондардың тұтқасын ешкім көтермейді.

"Шешенфильм" ісі туралы Ресей ІІМ мен Мәдениет министрлігі де комментарий бермей отыр. Есесіне, Рамзан Қадыровтың өкілдері жанжалға қатысты пікірін айтты. Оның баспасөз хатшысы Альви Каримов "Шешенфильм" студиясына қарсы қылмыстық іс жайлы "баспасөзден" естігенін айтып, бұл кәсіпорынға Шешенстан билігінің ешқандай қатысы жоқ деп түсіндірді. Оның айтуынша, "бұл Шешенстан ұлттық саясат министрлігі жанындағы кәсіпорын болған, бірақ өзінің қаржылық, шаруашылық және өзге де істеріне өздігінен толықтай жауап беретін жеке заңды тұлға болған". Каримовтың сөзінше, өзін қамқоршылар құрамына кіргізуге Рамзан Қадыров жария я жазбаша түрде келісім бермеген, ал алаяқтық туралы қылмыстық іс Беслан Терекбаев бас директоры әрі продюсері болып отырған "Шешенфильм" ЖШҚ-ына "орасан зор зиян келтіріп жатыр".

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Марк Крутовтың мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG