Ақпанның 5-сінен бастап Ташкенттегі Шайхонтохур әкімшілік соты халықаралық ислам академиясына қарасты лицейдің 17 жастағы оқушысының әкесінің шағымын қарай бастады. Оқушы оқу орнында хиджабқа салынған тыйымға шағынған. Сот ақпанның 7-сінде қайта жалғасатыны хабарланған.
Өзбекстанда хиджаб ісі бойынша сот бірінші рет іс қозғап отыр.
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, оқушы қыздың әкесі Абдувохид Яқубов әуелгі сот отырысында сот төрағасына сенімсіздік білдіргенін айтқан. Бүгінгі сотта істі басқа судья қарауы мүмкін. Мамандығы адвокат Яқубовтың айтуынша, Шайхонтохур әкімшілік соты бұған дейін осы шағымды қараудан үш ай бойы бас тартып келген.
- Менің шағымым Ташкент қалалық соты бірінші инстанциядағы соттың менің арызымды қайтаруы негізсіз деген шешім шығарған соң барып, қабылданып отыр. Менің қызым - әлі кәмелетке толмаған. Өзім адвокат болған соң оның соттағы құқығын өзім қорғаймын деп шештім, - дейді Абдувохид Яқубов.
Ол халықаралық ислам академиясы студенттері мен оған қарасты лицей оқушыларына сабаққа хиджабпен келуге тыйым салатын ішкі актінің күшін жоюды талап еткен. Өйткені, бұл Өзбекстан конституциясына және Өзбекстан билігі қол қойған халықаралық құжаттарға қайшы деп есептейді Абдувохид Яқубов.
Бұған дейін 2018 жылдың қыркүйегінде Ташкенттегі ислам академиясы студенттеріне сабаққа мұсылмандық орамалмен келуге тыйым салынғаны хабарланған болатын. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, сол кезде студенттер сабаққа келгенде орамалдарын шешіп, парик немесе тақия киюге мәжбүр болғанын айтқан.
- Менің қызым осыдан кейін парик киіп жүруге мәжбүр болған. Егер ол мұсылмандық орамалға бола сабаққа қатыспаса, балама білім алуға кедергі жасады деп мені сотқа беруге болар еді. Академия мен лицей басшыларының шешімі студенттерді өте ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр, - дейді Абдувохид Яқубов.
Биылғы оқу жылы басталғалы сабаққа қатыспағаны үшін бірнеше студент қыздың оқудан да шығарылған. Оқудан шығып қалған 19 жастағы Луиза Муминжонова өзінің мұсылмандық орамалға бола оқуын жалғастыра алмағанын айтады.
- Маған орамал мен оқудың бірін таңдауды ұсынды. Мен орамалды таңдадым, - дейді Луиза. Ол ислам академиясының бірінші курсынан оқудан шығып қалған.
Аталған оқу орыны ректоры көмекшілерінің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне сабақ кезінде орамал тағып жүруге тыйым салынғанын растаған. Оның айтуынша, оқу орнында нақтыланған киім кодексі бар. Хиджаб қана емес, әйелдерге оқу орнына джинсы және қысқа етек икім киіп келуге де тыйым салынған.
- Жоғары білім министрлігі мақұлдаған студенттердің ортақ формасы бар. Барлық студенттер, соның ішінде біздің студенттер де сабаққа осы формамен келуге міндетті, - дейді ректордың аты-жөнін атамауды өтінген көмекшісі.
Өзбекстанның халықаралық ислам академиясы 2018 жылы сәуір айында ел президенті Шавкат Мирзияевтің жарлығы бойынша Өзбекстан ислам академиясы және Ташкент ислам институты базасы негізінде құрылған. Академияда ислам тарихы, ислам құқығы, ақида, сопылық, ислам экономикасы және араб, парсы, ағылшын, орыс, урду, түркі, неміс тілдері оқытылады. Оқу орнының құрылтайшысы - Өзбекстанның діни басқармасы және министрлер кабинеті жанындағы дін істері бойынша комитеті.
ПІКІРЛЕР