Ақпанның 2-і күні Қазақстан парламенті Мәжілісі мен Сенатының бірлескен отырысында депутаттар Конституцияға кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөнінде өзгеріс енгізетін заң жобасын екі оқылымда қарап, оны бірауыздан қолдап дауыс берді.
Жаңадан қабылданған заң Конституцияға Қазақстан президентінің сайлауын кезектен тыс өткізу және ондай сайлауды тағайындау үшін ел президентіне қосымша өкілеттіктер беру туралы өзгертулер енгізуді көздейді. Яғни қызметте отырған президент елде кезектен тыс президент сайлауын тағайындайтын конституциялық құқыққа ие болады. Ондай сайлау конституциялық заңда белгіленген мерзімде өткізіледі.
«Бұл заң жобасының басты мақсаты – елімізде кезектен тыс президент сайлауын өткізудің конституциялық негіздерін белгілеу», – деді заң жобасына байланысты депутаттар алдында сөйлеген Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Талғат Донақов.
Парламент қабылдаған заң регламент бойынша ел президентіне қол қоюға жіберіледі.
Парламент шешімі қабылданған соң Азаттық тілшісімен әңгімеде Мәжіліс депутаты Ирақ Елекеев заңға енгізілген өзгерістердегі «кезектен тыс» деген сөз тіркесіне қатысты өз уәжін айтты.
– Кезектен тыс сайлау өткізу, ол да керек Конституцияға. Бірақ «мерзімінен бұрын» деген сөз дұрыс еді. Себебі, президенттің әлі де екі жылы бар. Соған қарамастан сайлау өткізіп отыр. «Кезектен тыс» деген сөз бір жағдайға байланысты, өз өкілеттігі орындалмайтын мезгілде ғана енгізілуі керек заңға. Мен Конституцияға осы өзгерістерді «кезектен тыс» және «мерзімінен бұрын» деген сөзбен екі бөлек енгізуді ұсынар едім.
– Жаңа неге айтпадыңыз?
– Маған сөз бермей қойды ғой, – деді депутат Ирақ Елекеев.
Қазақстан президентін мерзімінен бұрын сайлауға қатысты қолданыстағы заңға өзгертулер жайлы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын парламент сейсенбі күні қабылдап алған.
Қаңтардың 31-і күні президент Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілетін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізу бастамасынан бас тартып, елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынатынын мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәлімдемені Конституциялық кеңес парламенттің 2011 жылы қаңтардың 14-інде қабылдаған референдум өткізу туралы заңды Қазақстан Конституциясына сәйкес келмейді деп танығаннан кейін жасады.
АҚШ және Еуропа одағы Назарбаевтың бұл шешімін қоштады.