Азаттық радиосының тілшілері президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласындағы сапарына орай шақырылған журналистер санатына енгізілмеген еді. Сол себепті желтоқсанның 1-і күні президенттің ғылым академиясында ғалымдармен кездесуіне қатыса алмаған Азаттық тілшілері метроның ашылу салтанатын да көре алмады.
Ал қала тұрғындары президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгін Алматы қаласында жүргенін жол полициясы мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдеттен тыс көбейіп кеткеніне қарап-ақ білді.
Әсіресе түстен кейін қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелісі күрт көбейіп, «аса мәртебелі қонақтардың күттіріп қоятын әдетін» тағы бір мәрте көрдік.
Қырғызстанның жаңа президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлықтау рәсіміне бармай, ғалымдармен жүздесіп, Алматы метросын ашу үшін арнайы келген Нұрсұлтан Назарбаев кеткеннен кейін ғана ширек ғасырға жуық күткен қызығын тамашалауға асыққан жұртшылық метроға кірді.
Ұзын-сонар кезекке тұрып, жол жүру билетін сатып алып жатқан қала тұрғындары метроның ақыры ашылғанына қуанғандарын, мұның уақыт үнемдеуге септігін тигізіп, қаладағы көлік кетпелісін азайтатынын айтып жатты.
«7-8 БАЛДЫҚ ЗІЛЗАЛАҒА ШЫДАЙДЫ»
«Алматы метроқұрылыс» мекемесі өндірістік бөлімінің аға диспетчері Еркін Бәйкенов бұл метроның 7-8 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей сапалы жасалғанын айтып, мақтанды.
– Бұл метро – Қазақстанның үлкен абыройы. Бүгінгі ашылу салтанатына Ресейден, Сербиядан, Оңтүстік Кореядан арнайы қонақтар келді, – дейді ол.
«Метроға жұмсалған 166 миллиард теңге өзін ақтай ма, жоқ па?» деген сауалымызға:
– Бұл түгілі Мәскеудің метросы да өзін әлі ақтаған жоқ, сондықтан метро мемлекеттің дотациясымен жұмыс істейді. – деп жауап берді Еркін Бәйкенов.
«Осы «Алматы метроқұрылыс» мекемесінде 1988 жылдан бері, яғни метро басталғалы жұмыс істеп келемін» деген Сырымбет Ахметжановтың айтуына қарағанда, мұнан кейін жылына бір-екі станция қосылып, енді 10 жылда метроның бір қанаты Қалқаман ықшамауданына, енді бір жағы Бірінші Алматы теміржол вокзалына дейін жетпек.
Метрополитеннің пайдалануға берілген бірінші бөлігінің ұзындығы – 8,56 шақырым, жеті станцияны («Райымбек батыр», «Жібек Жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов атындағы драма театр» және «Алатау») қамтиды. Пойыз жолдың бір басынан екіншісіне дейін 10 минутта жетеді, жүру жиілігі - 6 минут. Жол жүру ақысы - 80 теңге.
Болжам бойынша, метро күніне 25 мың адамға қызмет көрсетуі керек.