Accessibility links

Қазақ жігіті жер шарын велосипедпен араламақ


Қазақстандық саяхатшы Мағжан Сағымбаев. (Жеке мұрағаттағы сурет)
Қазақстандық саяхатшы Мағжан Сағымбаев. (Жеке мұрағаттағы сурет)

Мағжан Сағымбаев 28 мың километр жол жүріп, Еуразия мен Солтүстік Американы және Австралияны кесіп өтуге бел буғанын айтады.

26 жастағы Мағжан Сағымбаев 2014 жылғы мамырдың 1-і күні Алматыдан бастайтын Bike The Earth деп аталатын саяхатын 2015 жылы наурызда аяқтауды жоспарлап отыр.

«Сапарымды Қазақстаннан бастап, Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Түркиядан өтіп, одан әрі Еуропаның 18 еліне барамын. Кейін Франциядан Ұлыбританияға жеткен соң ұшақпен Солтүстік Америкаға ұшуды жоспарлап отырмын. Солтүстік Америкада АҚШ территориясын аралаймын да, Австралияға ұшақпен келемін. Одан Малайзияға ұшақ арқылы жетіп, кейін Таиланд, Камбоджа, Вьетнам, Қытайды шарлап шығам. Қытайдан кейін елге ораламын» дейді Мағжан.

Күніне 50-ден 200 километрге дейін жол жүруді жоспарлап отырған саяхатшы
Мағжан Сағымбаевтың сапар картасы.
Мағжан Сағымбаевтың сапар картасы.
АҚШ-ты – 100 күнде, Қытайды – 90 күнде, Австралияны 30 күнде аралап шықпақ.

Ірі қалаларға жеткенде велосипедін жөндетіп алатынын айтқан Мағжан «әр қаладан көрген білгенімді әлеуметтік желі мен блогым арқылы бөлісіп отырамын» дейді.

Мағжанның әлеуметтік желілердегі парақшалы төмендегідей:

Facebook парақшасы және VKontakte парақшасы


Бұл велотур – алматылық жігіттің алғашқы сапары емес. Ол бұған дейін Қазақстан тауларын да жалғыз аралап шыққан. Жолшыбай кездескен көлікке мініп бірнеше шет елге саяхат та жасап көрген.

«Былтыр автостоппен 20 мың километр жол жүріп, Ресей, Солтүстік Осетия, Грузия, Армения, Украина, Молдова мен Түркияны аралап келдім. Кейін басқа елдерді велосипедпен аралау идеясы туды. Саяхатым арқылы велосипедпен бүкіл әлемді аралауға болатынын көрсеткім келеді» дейді Мағжан Сағымбаев Азаттыққа.

Мағжан Сағымбаевтың бұл сапарына қажет 1 миллион 730 мың теңгені (9,5 мың
Қазақстандық саяхатшы Мағжан Сағымбаев.
Қазақстандық саяхатшы Мағжан Сағымбаев.
АҚШ доллары) демеушілер жинап берген. Саяхатшы жолда шатырда түнеп, тамақты арнайы газды ыдыста пісіріп жемек. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген жігіт жолда жергілікті жұртпен араласуда қиындық көрмейтініне сенімді.

Қазақстанда әлемді велосипедпен аралауға құмар басқа да азаматтар бар. Азаттық солардың бірі жайлы – әлемнің жиырма шақты елін велосипедпен аралап шыққан Түгелбек Қасымұлы туралы да жазған еді. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жамбыл ауылындағы мұғалім ол сапарына 12 жылын арнаған.
XS
SM
MD
LG