12 наурызда Катар астанасы Дохада АҚШ пен "Талибан" қозғалысы өкілдері арасындағы бейбіт келіссөздің ең ұзақ кезеңі аяқталды. АҚШ-тың Ауғанстан істері жөніндегі арнайы өкілі Залмай Халилзадтың сөзінше, келіссөз айтарлықтай табыс әкелгенімен, екі тарап Ауғанстаннан әскер шығару жайлы келісімге келе алмаған.
"Бейбітшілік келісімін жасау шарттары жақсарды. Тараптардың барлығы соғыс біткенін қалайды. Айтыс-тартысқа қарамастан біз істі дұрыс арнаға бұрып, біршама табысқа қол жеткіздік" деп жазды Халилзад Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында.
Ол түпкілікті келісім әлі жасалмағанын айтып, келіссөздің келесі кезеңі осы айдың соңында өтуі мүмкін деп хабарлады.
АҚШ және "Талибан" қозғалысы өкілдерінің қатысуымен өткен келіссөзде қаңтар айында жасалған шекті келісімнің егжей-тегжейі талқыланған. Бейбіт келіссөздің бұл кезеңі екі аптадан астам уақытқа созылды. Тараптар өзара келісімге келе алмаған төрт мәселенің арасында Ауғанстаннан шетел әскерін шығарудың шекті мерзімін белгілеу және Ауғанстан үкіметі өкілдері мен "Талибанның" қатысуымен диалог өткізу де бар.
АҚШ мемлекеттік хатшысының баспасөз өкілі Дохадағы келіссөз барысында қатысушы тараптар "елеулі прогреске" қол жеткізді деп мәлімдеді. "Талибан" өкілінің сөзінше, АҚШ әскерін шығару және қарулы топтардың бұдан былай Ауғанстанды террорлық шабуыл жасайтын алаң ретінде пайдаланбайтындығына кепілдік беру мәселелерінде прогресс байқалған.
"Талибанды" Кабулдағы үкіметпен келіссөзге қатысуға көндіру мәселесі жайлы ештеңе айтылмаған. "Талибан" өкілдері Батыс қолдайтын Ауғанстан үкіметі АҚШ-қа бағынады деп санайтындықтан оны ауыстыруды талап етеді.
ПІКІРЛЕР