Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 11 мамырдан бастап аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын азық-түліктен басқа тауар сататын дүкендер, сұлулық салондары жұмысын бастайды.
Жұрт маскамен аулаға, көшеге шыға алады. Саябақтар, жағалаулар ашылады. Бұл жерлерде егер бір отбасының мүшелері болмаса, үш адамнан артық жиналуға болмайды. Типография, ателье, аяқ киім жөндеу орындары ашылады.
Қазақстан бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың қаулысына сай, қалалардың сыртындағы блокпостар қалады. Облыста тұрып, қалада жұмыс істейтіндер аймақ әкімдіктерінің мақұлдаған тізімімен қалаға кіре алады.
Сырқаттанып қалған адамдар да облыстан қалаға кіруіне рұқсат. Ол үшін жедел емделу керегін көрсететін дәрігер анықтамасы мен қаладағы медициналық орталықтың қабылдайтыны туралы құжаты қажет.
Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Тараз, Талдықорған қалаларында әуе қатынасы қалпына келеді. 1 мамырда Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей, Қызылорда, Петропавлға әуе рейстері ашылған. Ұшаққа отыру үшін енді коронавирус анализі қажет емес.
Бірақ билік ұшақтардың ұшуына рұқсат еткенімен, пойыздар мен қалааралық автобустарға жолаушылар тасымалдауға әлі рұқсат бермей отыр. Қалаларда қоғамдық көліктер жұмысы қайта жалғасады, бірақ автобустардың жұмыс уақыты қысқа болады.
Мектепке дейінгі білім беру орындары, балаларды дамыту орталықтары, үйірмелер ашылады. Бірақ 3,3 млн мектеп оқушысы мен 1 миллион студент оқу жылының соңына дейін қашықтықтан оқи береді. Білім және ғылым министрлігі соңғы қоңырау тек 11-сынып оқушыларының қатысуымен 3-4 маусымда өтетінін мәлімдеді. Бұл шараға қонақтар мен ата-аналар қатыспайды. ҰБТ 20 маусымда басталады. 30 адамға дейін жиналып, жаттығу өткізуге рұқсат. Мәдени орындар 30 адам жиналып, дайындық бастайды.
Той, еске алу шаралары, қонақ шақыру, спорт жарыстарын және мәдени шаралар өткізуге болмайды. Сауда орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, мешіттер, шіркеулер ашылмайды.
Төтенше жағдай аяқталғандықтан 42500 теңге (95$) көмек тоқтатылады. Үкімет 11 мамырдан бастап бұл көмекке құжат қабылданбайтынын айтты.
Коронавирус жұқтырғандардан ешқандай симптом байқалмаса, үйге шығарылады. Шетелден келген кез келген адам екі күн арнайы стационарда карантинде болады, егер тест тапсырғанда коронавирус табылмаса, үйіне 12 күнге карантинге жіберіледі. Ал келген қаласында үйі жоқ адамдар стационарда 12 күн карантинде болады.
Қазақстан еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елде карантин шектеулерінің басым бөлігі маусым-шілдежн алынады деп болжайды. Билік коронавирус салдарынан елде биыл жұмыссыздық деңгейі 5,9 пайыз болады деп есептейді. Билік төтенше жағдайға дейін елдегі жұмыссыздық 4,8 пайыз деп келген. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 7,8 пайызға өседі.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар 5200 адамға жуықтады. 2020 адам дерттен айықты. 31 адам қайтыс болды. Елде вирус тарауына байланысты 16 наурыздан – 11 мамырға дейін төтенше жағдай болды. Бұл – Қазақстан тарихындағы ұзаққа созылған алғашқы ТЖ режимі.
Қазақстанда төтенше жағдай режимі қалай өтті?
Жұрт ТЖ кезінде жағдай күрт қиындағанын, баға қымбаттағанын айтып шағымданды. 42500 теңге көмекке қол жеткізе алмадық дегендер көбейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 8 миллиондай адам өтініш берген. 4,5 млн адам ғана көмек алған. Билік басында "42500 теңгені заңсыз алғандар бар, олар ақшаны қайтармаса жазаланады" деп мәлімдеп, кейін бұл сөзінен бас тартты.
Медицина қызметкерлері "билік коронавирус тарауына дайын болмады, қорғаныс құралдары жетпейді" деп шағымданды. Жүздеген медқызметкерге вирус жұқты.
Кейбір медицина қызметкері "билік уәде еткен үстемақыны дұрыс есептемеді" деп шағымданды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да медқызметкерлерге үстемақы дұрыс қосылмағанын мойындады.
ТЖ кезінде әр аймақта ондаған тұрғын мен белсенді "ТЖ режимін бұзды" деп айыпталып, жазаланды. Қамалғандары да болды. Кейбір белсенді "жалған ақпарат таратты" деп айыпталып, жауапқа тартылды.
Халықаралық Amnesty International және Human Rights Watch "карантин кезінде Қазақстанда адам құқығын бұзу жиіледі және билік өзінің қарсыластарын қудалауды күшейтті" деп мәлімдеді. Ұйымдар Қазақстан билігін ТЖ режимін асыра пайдаланбауға, карантин кезінде азаматтық қоғам үшін маңызды сайлау, партиялар және бейбіт митинг туралы заңдарды қабылдамауға шақырды. Бірақ парламенттің төменгі палатасы - мәжілісі үш заңды да мақұлдап, жоғарғы палата - сенатқа жолдады
ПІКІРЛЕР