2017 жылы Қазақстанның солтүстігіндегі қалалардың бірінде Мариана полиция бөлімінен гендерлік жынысы әйел деп көрсетілген паспорты мен жеке куәлігін алып шықты. Ол бұл екі құжаттың өмірін өзгертетінін білді.
Мариана өзін әйел сезінсе де, құжатында жылдар бойы ер адам деп көрсетіліп келді. Осының салдарынан ол жұмыстан жұмысқа ауысуға мәжбүр. Себебі жеке куәлігіндегі жынысы мен өзінің гендерлік жынысы сәйкес келмейтұғын.
Жұмыстарының бірінде ол батылдық танытып, әріптестеріне өзінің трансгендер екенін немесе биологиялық жынысы ер, бірақ өзін әйел санайтынын айтуға бел буған.
"Қызметкерлердің бірі қатты ашуланып, жеке куәлігімді сындыра жаздады. Мені қудалап, артымнан өсек айтты. Өте жайсыз сезіндім. Қауіпсіздігіме алаңдадым" дейді жасы жиырмалар шамасындағы Мариана.
Марианаға гендерлік жынысын әйел деп көрсететін құжатты алу ұзаққа созылатын, шығыны көп, кемсітуге толы процесс болды.
Құжатындағы гендерлік жынысын өзгерткісі келетін қазақстандықтар алдымен психиатрия мекемесінің психикалық ауытқу бөліміне баруы тиіс. Мекеменің стационарында оларды 30 күн бойы ұстауы мүмкін. Стационарда олар Жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру жөніндегі комиссияның бақылауында болады. Комиссия үш психиатрдан және өзге медқызметкерлерден (сексопатолог, уролог, гинеколог, терапевт, невропатолог, эндокринолог, психолог) тұрады.
"Өзімді зерттеу объектісі сезіндім. Олар саған көптеген жайсыз сұрақтар қоя алады. Егер өзіңді өзің қорғамасаң, оп-оңай шектен шығып кетеді" дейді Мариана дәрігерлермен кездесуін сипаттай отырып.
Медициналық тексеруге гендік және гормондық тестер кіреді. Сондай-ақ мида патологияның бар-жоғын анықтау үшін басты рентгенге түсіреді. Бұл енді – трансгендер болуды психологиялық ауытқушылық санаған өткен ғасырдың сарқыншағы.
Бір дәрігер тіпті Марианаға медициналық комиссия алдында шешінуі керегін, болмаса ота жасауға рұқсат берілмеуі мүмкін екенін айтқан.
"Трансгендер адамдардың көбі дәрігерге барғанда көңілі қалады" дейді Қазақстандағы трансгендерлер құқығын қорғау жөніндегі жетекші бастамашыл топ – Alma-TQ өкілі Азаттыққа.
Пациенттерге "этикаға жат қылықтар жасайды, вербалды және эмоциялық деңгейде қорлайды, жөнсіз емдеу немесе медициналық көмек көрсетпеу арқылы денсаулығына зақым келтіреді" дейді өкіл.
Егер комиссия қорытындысында "транссексуализм" диагнозын қойылса, пациентке гормондық терапия мен ота жасау арқылы жынысын өзгерту ұсынылады.
Құжатқа өзгеріс енгізуге тек отадан (пациент ота кезінде ұрықсыздандырылады) кейін ғана рұқсат етіледі.
Процесс әдетте бірнеше жылға созылады. Ал ота құны ерден әйелге ауысатындар үшін – 1-1,5 миллион теңге ($2,400-$3,650), әйелден ерге ауысатындар үшін – 3 миллион теңге ($7,300).
"Жылдарға созылатын процесс кезінде сіз өзіңізді танитын адамдардың бәріне жағдайыңызды айтуға мәжбүрсіз" дейді Робин Эллис МакКатчен.
МакКатчен – АҚШ-тың Қазақстанда қызмет еткен бұрынғы дипломаты. Ол – Американың шетелдік қызметінде жүріп, өз елінен тыс жерде гендерлік сәйкестендіру отасын жасатқан алғашқы адамдардың бірі.
"Білім беру сипатында болсын, медициналық болсын – құжатты көрсетуді талап ететін кез келген қызмет адамға қауіп төндіреді" дейді МакКатчен.
КҮРДЕЛІ ЗАҢДАР
Егер Мариана құжатын сегіз жыл бұрын өзгерткенде, процесс салыстырмалы түрде жеңіл болушы еді. Ол кезде гендерлік жынысты заңды түрде ауыстыру үшін бар болғаны санаулы медициналық тест және 30 күндік психиатриялық бақылау қажет болатын.
2009 жылы қабылданған Денсаулық сақтау кодексі тәртіпті өзгертті.
Жаңа заңға сәйкес, соматикалық немесе неврологиялық ауруға шалдыққан трансгендерлер ота жасатуға жарамай қалды, ал 21 жасқа толмағандар құжатындағы гендерлік жынысын өзгертуге өтініш бере алмайтын болды.
Дәл осы заң трансгендерлердің бала асырап алуына тыйым салды. Ал 2011 жылы Қазақстан әділет министрлігі құжаттағы жынысты өзгерту үшін "транссексуал отаны" жасатуды міндеттеп қойды.
Бұл ота жасатқысы келмейтін трансгендерлердің жағдайын қиындатты. Бірінің денсаулығы жарамайды, бірінің ақшасы жоқ, бірінің жеке себептері бар. Кейбірі заңмен міндеттелген ұрықсыздандырудан өткісі келмейді.
Отадан бас тартса, олар өздерінің гендерлік жынысын заңмен рәсімдеу құқығынан да бас тартады.
Жергілікті Tengrinews.kz сайтының жазуынша, 2017-2019 жылдары Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда бар болғаны 10 ғана адам жыныстық ота жасап, құжатын өзгерткен.
Human Rights Watch және Article 19 секілді адам құқығын қорғау жөніндегі көптеген ұйым Қазақстан билігін дискриминациялық сипаты басым заңдарын өзгертуге шақырды.
Азаттыққа жазған хатында Қазақстан әділет министрлігі халықаралық құқық және ынтымақтастық департаментінің директоры Махсат Берекетов "Қазақстандағы трансгендер адамдардың құқықтары Конституциямен, адам құқықтары жөніндегі ратификацияланған халықаралық келісімдермен және өзге де нормативтік актілермен қорғалған" дейді.
"Белгілі бір биологиялық жынысқа жатудың құқықтық салдары бар" деп жазады Берекетов ерлердің әскерге шақырылуын, зейнеткерлікке шығу жасын және заңмен белгіленетін жазаны атап өтіп.
Оның сөзінше, жеке дерегін отасыз өзгертетін адамдар гендерлік сәйкестігін дәлелдей алмай, қиын жағдайларға тап болуы мүмкін. Мысалы, медициналық мекемелердің әйелдер не ерлер бөлімінде болған кезде осындай қиындық тууы ықтимал.
Батыс Еуропада Нидерланд секілді елдерде адамдар гендерлік жынысын заңды түрде психологтан хат алғаннан кейін-ақ өзгерте алады.
Ал Ресейде адамдар құжатындағы гендерлік жынысын өзгертуге рұқсат беретін ресми сертификат ала алады және жынысты сәйкестендіру отасын комиссиямен кездескеннен кейін санаулы күн ішінде жасата алады. Ақысын төлесі болғаны.
Посткеңестік кеңістіктегі Транс*Коалиция өкілдерінің мәліметінше, 2019 жылы Ресейде кемі 1000 адам гендерлік жынысын заңды түрде өзгерткен. Олардың үштен бірі ота жасатқан.
Пластикалық хиругтардың америкалық қоғамы мәліметі бойынша, АҚШ-та 2018 жылы 9500 адам жынысын сәйкестендіру отасын жасатқан. Оның үштен екісі әйелден еркекке ауысқан.
Өкінішке қарай, трансгендер адамдардың медициналық проблемалары отадан кейін аяқтала қоймайды.
Посткеңестік кеңістіктегі Транс*Коалиция жүргізген зерттеуге сәйкес, Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда осындай ота жасатқан адамдардың үштен-екісінің иммунитеті әлсіреп кетеді. Оған отадан кейінгі денсаулық мәселелері, созылмалы аурулар және өзге де жайсыздықтар себеп.
Зерттеулер көрсеткендей, трансгендерлер медициналық қызметке жүгінгенде дискриминацияға жиі тап болады. Мұндай жағдай Қазақстанда да көп кездеседі.
Транс*Коалиция мен жергілікті белсенділер Қазақстандағы трансгендер адамдарға азық-түлік пен гормондық дәрі-дәрмекті жеткізіп беріп жатқанын айтады. Олардың сөзінше, елдегі Covid ауруына шалдыққан трансгендер адамдардың көбі трансфобия салдарынан, құжаттың болмауынан және қаржы тапшылығынан қажет медициналық қызметті ала алмай отыр.
ҚОҒАМДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР
Қазақстандық трансгендерлердің медицинадан тыс проблемалары да бар. Ресми құжаты болмаса, жұмыс табу, банк есепшотын ашу, шетелге шығу, жылжымайтын мүлік не көлік сатып алу, пәтер жалдау азапқа айналады.
Ал тұрақты жұмысы болмаса, үйсіз-жайсыз болу қаупіне тап болады. Кей трансгендерлер секс индустриясына ойысып жатады.
Халықтың басым бөлігі мұсылман саналатын Қазақстан қоғамындағы консерватив отбасылар трансгендер туысынан көбіне теріс айналады.
МакКатчен бір трансгендер әйелді есіне алды. Оның сөзінше, әлгі әйелді туыстары бірнеше жыл бойы "бақылауда ұстап, біз айтқан үйге көшсең, біз сені қабылдаймыз" деп айтып, бірақ көшкеннен кейін батареяға кісендеп, күшпен шашын қырып тастаған".
Гендерлік жынысқа сәйкес келмейтін құжатпен жүру өмірге қауіп төндіріп те жатады.
ILGA-Europe (International Lesbian, Gay, Bisexual, Trans, and Intersex Association, Лесбиандардың, гейлердің, бисексуалдардың, транстардың және интерсексуалдардың халықаралық қауымдастығы) қауымдастығының 2020 жылғы баяндамасында фельдшерлердің бір трансгендер әйелді "педик" (гомосексуалды кемсіту сөзі – ред.), "кемтар" деп атап, "өлтіреміз" деп қорқытқаны туралы жазылған.
Қазақстанда ЛГБТ мүшелерін дискриминациялауға қарсы заңның болмауы жек көру мен шеттетуді күшейтіп отыр.
Елдегі танымал баспасөз сайттары полицияның трансгендер әйелді жәбірлеуі туралы жаңалық жарияласа, адамдар "ұрғаны дұрыс болған", "адам шошитын деградация" деген сияқты пікір жазып жатады.
Адам құқықтарын қорғау жөніндегі жергілікті топтар 2019 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында ЛГБТ мүшелеріне зорлық-зомбылық көрсетудің және тіл тигізудің 40 оқиғасын тіркеген. Мұндай жағдайдың көбі тіркеле бермейді.
Осының салдарынан трансгендер қазақстандықтар мен адам құқығы жөніндегі белсенділер өзгенің назарын өзіне аудармау үшін тыныш қана өмір сүре береді.
"Әрдайым ақырын сөйлеуге мәжбүрсіз және біреудің сізді бақылап не тыңдап отырмағанына көз жеткізіп отыруыңыз қажет" дейді адам құқығы жөніндегі белсендіге айналған Мариана.
ДІННІҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ
2016 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы гендерлік сәйкестік отасына қарсы пәтуа шығарып, оны "жазалануы" тиіс "үлкен күнә" деп атады.
Бұл пәтуа халқының 70 пайызы мұсылман саналатын (көбі консерватив, ауыл аймақтарында тұрады) Қазақстан қоғамындағы трансгендер қауымдастығын шеттетіп отыр.
Трансгендер адамдар туралы жаңалықты сенсациялайтын, олардың оқиғаларын көңіл көтеру бағдарламасы үшін пайдаланатын қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары да жағдайды ушықтырып отыр.
МакКатченнің сөзінше, Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарында біреуді ток-шоуға шақырып, сол жерде оның эмоциясын тудыру үшін оған шабуыл жасау жағдайы жиі байқалады.
Alma-TQ тобының кейінгі сараптамасы БАҚ-та трансгендер адамдарды келеке ету, менсінбеу жиі болатынын, журналистердің трансгендер еркектерді "экс-еркектер" немесе "арулар" деп атайтынын көрсеткен.
65 жастағы МакКатчен Қазақстанда қызмет еткен 2014-2017 жылдары жергілікті үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеп, трансгендер мәселелерін талқылайтын дөңгелек үстелдердің артуына үлес қосып, Гомофобияға, трансфобияға және бифобияға қарсы халықаралық күн қарсаңында іc-шаралар ұйымдастырған.
Қоғамдағы трансгендерлердің үлесі қанша екенін дәл айту қиын. Мәселен, мынадай бір зерттеуге сәйкес, АҚШ халқының 0,4-2,7 пайызы трансгендер және олардың 25-30 пайызы жынысын сәйкестендіру отасын жасатқан.
Қазақстан шенеуніктері Ресейге еліктеп, "балаларды қорғау" мақсатында деген желеумен ЛГБТ қауымын қорғауды тыятын "гей пропагандасы туралы" заң қабылдауды ұсынғанда АҚШ елшілігі мен өзге де дипломатиялық миссиялар қарсылығын білдіріп, заң жобасы ақыр соңында Конституцияға қайшы деп танылды.
Үкіметтің аталмыш заңды ұсынуы Қазақстанның 2022 жылғы Қысқы олимпиада ойындарын өткізу құқығына талпыныс жасауымен және 2017 жылғы ЭКСПО көрмесіне дайындық жүргізуімен сәйкес келіп қалды.
"Дипломатиялық қауымдастық Қазақстан үкіметіне "Егер Қазақстанды әлемге заманауи елдің үлгісі ретінде көрсеткілеріңіз келсе, адам құқығын таптайтын заңды не үшін қабылдамақсыздар?" деген месседж жіберді және ол әсер етті" дейді МакКатчен.
Бірақ шетел дипломаттары мен белсенділер тек белгілі бір деңгейге дейін ықпал ете алады.
2018 жылы тағы бір "Анти-пропаганда" заңының жобасы ұсынылды. Бірақ жергілікті белсенді топтары заң жобасына қарсы шыққаннан кейін құжаттың мәтініндегі сөздер өзгертілді (бірақ мұның ЛГБТ қауымдастығына қатысы бар-жоғы айтылмады) де, заң қабылданып кетті.
Бірақ белсенділер Қазақстан үкіметі заңнан өзге нормативтік актілер қабылдап, бастапқы заң жобасындағы ережелерді енгізуі ықтимал деп алаңдайды.
Ресми құжатты алу әлі де үлкен мәселе. Кей адвокаттық топтар заңды трансгендер адамдардың құқығын ескеретіндей етіп өзгеруі үшін жұмыс істеп жатыр-ақ. Бірақ олар мұны абайлап істеуі тиіс.
Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары шетелден қаржылай көмек алатын болса, жазаланады. МакКатченнің сөзінше, осы себепті маңызды талпыныстар "елдің ішінде" жасалып жатыр. Alma-TQ тобы осы істе көш бастап отыр.
Топ трансгендер денсаулығы, құқықтары және қолдау топтары туралы ақпаратпен қамсыздандырып, дәрігерлерді трансгендер пациенттермен жұмыс істеуге үйретіп жатыр.
Alma-TQ трансгендер адамдарға тіл тигізу және оларды дискриминациялау жағдайларын құжатқа түсіріп, трансгендерлердің бұқаралық ақпарат құралдарында қалай таныстырылатынын бақылап отыр.
"Бұл жердегі мәселе – өзгелердің көзін ашу. Біз оны онсыз да жасап отырмыз. Баяу бірақ табандылықпен. Уақыт пен шыдамдылық керек" дейді МакКатчен.
МакКатченнің сөзінше, Қазақстанда гендерлік сәйкестігі дұрыс ресми құжаттың болуы шешуші рөл атқарады.
"Құжатты жойсаңыз, адамды жоясыз" дейді ол Михаил Булгаковтың "Мастер және Маргарита" романынан дәйексөз келтіріп.
ПІКІРЛЕР