Accessibility links

Трамп генерал Флиннге рақымшылық жариялады


Майкл Флинн.
Майкл Флинн.

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Майкл Флиннге "рақымшылық жариялады". Президент бұл жайында Twitter-дегі парақшасында жазды.

2017 жылы Майкл Флинн 2016 жылғы қарашадағы АҚШ президенті сайлауы мен онда жеңіске жеткен Дональд Трамптың 2017 жылы қаңтарда өткен инаугурациясына дейінгі кезеңде Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Сергей Кислякпен байланыстары туралы басшылықты хабардар етпегені үшін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметінен кетуге мәжбүр болған. Ол өтпелі кезеңде Ресей елшісімен байланыстары жөнінде АҚШ Федералдық тергеу бюросына (ФБР) жалған мәлімет бергенін мойындаған болатын. Сол үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, түрме жазасын алу қаупі туындаған.

Алайда АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер соттан оған бас бостандығын айыру жазасын бермеуді өтінген. Айыптау тарабының айтуынша, Флинн Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға килігуі туралы құнды ақпарат берген. Арнайы прокурор берген құжатта Флиннен 19 рет жауап алынғаны жазылған.

Бастапқыда Флинн тағылған айыптарды мойындап, тергеу органдарымен бірлесіп әрекет еткен, алайда кейінірек адвокатын ауыстырып, айыптардан бас тартты.

Биыл әділет министрлігі Флиннге тағылған айыптарды алып тастаған. Ведомство ФБР жүргізген тергеу амалдарының "барлау қызметі мәліметтерімен" сәйкес еместігін алға тартқан. Алайда сот сол күйі аяқталмаған еді.

АҚШ тергеу орындары сонымен бірге Флиннің сайлауға дейінгі іскерлік белсенділігіне де назар аударған. Мысалы, Флинн ресейлік Russia Today арнасының 10 жылдығын атап өту шарасына қатысып, Ресей басшысы Владимир Путинмен қатар отырған.

Russia Today арнасының 10 жылдығын атап өту шарасында Ресей президенті Владимир Путиннің жанында отырған Майкл Флинн (сол жақта).
Russia Today арнасының 10 жылдығын атап өту шарасында Ресей президенті Владимир Путиннің жанында отырған Майкл Флинн (сол жақта).

Washington Post газетіне берген сұхбатында Флинн Путинмен айтарлықтай маңызды ешнәрсе жайлы сөйлеспегенін, тек өзін қысқаша таныстырғанын айтқан. Генерал сонымен бірге америкалық журналистерге Russia Today-ден "ақыл-кеңес айтқаны үшін" қаржылай сыйақы алғанын да айтқан.

Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға араласу ісі бойынша осыған дейін Трамптың қарамағында істеген бірқатар қызметкерлер жауапқа тартылған, бірақ олардың ешқайсысына Ресеймен астыртын сөз байласты деген айып тағылмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG