Accessibility links

"Діни көзқарасы үшін қудалау тоқтамады". АҚШ есебінде Қазақстан жайлы не айтылған?


Ораза айт күні мешіт аумағын бақылап тұрған полиция қызметкері. Нұр-Сұлтан қаласы, 13 мамыр, 2021 жыл.
Ораза айт күні мешіт аумағын бақылап тұрған полиция қызметкері. Нұр-Сұлтан қаласы, 13 мамыр, 2021 жыл.

Үкімет "дәстүрлі емес" деп таныған діни топтарды әлі де қудалап келеді, елде діни көзқарасы үшін тұтқындау, түрмеге қамау тоқтаған жоқ. АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі дін бостандығы жөніндегі жаңа есебінде осындай тұжырым жасалған. Бұл есепті 12 мамырда Вашингтонда мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен таныстырды. Блинкен дін бостандығын ең көп шектейтін елдер қатарында Ресей мен Қытайды нұсқады һәм Пекиннің Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да жергілікті ұлт өкілдеріне жүргізіп отырған саясатын "геноцид" деп атады.

Заңнамасы дін және наным-сенім бостандығына, діни ұйымдардың жұмысына қатысу еркіндігіне кепілдік бергенімен, Қазақстан іс жүзінде бұл құқықтарды тіркелген немесе "дәстүрлі" діни топтардың аясына шектеп тастаған. Дәстүрлі діндер қатарына суннит исламның ханафи мәзхабы, орыс православ шіркеуі, католицизм және иудаизм жатқызылған.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚУДАЛАУ ТӘЖІРИБЕСІ

Халықаралық Forum 18 ұйымының мәліметі бойынша, діни қызметі және көзқарасы үшін елде 24 суннит мұсылман түрме жазасын өтеп жатыр, тағы алты адамның бостандығы шектелген. Мемлекеттік департамент есебінде Алматы тұрғындары Қарлығаш Адасбекова мен Дәрия Нышанованың қудалауға ұшырағаны жазылған. WhatsApp мессенджерінде хат алмасқаны үшін былтырғы 27 қаңтарда сот оларды "діни алауыздықты қоздырды", Қазақстанда тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымын қолдады деп айыптаған. Сот процесі кезінде екі куәгер айыпкерлерге қарсы пікірінен айныса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің іс қозғауын өтініп, шағымданған басты куәгер арызында WhatsApp мессенджерінде нақты қай хабарлама туралы жазғанын есіне түсіре алмады. Соған қарамастан, судья Адасбекова мен Нышанованы бес жыл бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

2020 жылғы 21 қаңтарда Қазақстанның Жоғарғы соты "желіде терроризмді насихаттағаны үшін" 2018 жылы 7 жыл 8 айға сотталған Щучинск түрғыны Дадаш Мәженовке қатысты аппеляциялық сот үкімінің күшін жойып, істі жаңа құраммен қайта қарауға жіберді. Мұның алдында үкімге бас прокуратура қарсылық білдірген. Прокурор қарсылығында сот айыпкердің қорғаушылары мен адвокаттарының уәжін дұрыс қарастырмағаны, ал экспертиза жүргізген маманның лицензиясы болмағаны айтылады. Мұсылман суннит Мәженовке 2015 жылы үкім шыққан. Ол 2019 жылы түрмеде намаз оқығаны үшін азапталғанын айтып арызданған. Түрмедегі және тергеу изоляторындағы жағдайды бақылайтын "Азаптауға қарсы коалиция" үкіметтік емес ұйымы Мәженовтың адвокат жалдауына көмектескен. Ұйымның айтуынша, Қазақстанда түрмедегі азаптау туралы істердің кейбірі ғана сотқа жетеді, қамаудағы адамдарға зорлық көрсеткені үшін бірнеше лауазымды қызметкер ғана жазаға тартылған.

"Иегова куәгерлері" тобы діни ұстанымы бойынша мерзімді әскери борышын өтеуден бас тартқаны үшін 23 адамның кедергіге ұшырағанын айтты. Жергілікті әскери комиссариаттар діни қауымдастық берген анықтама әскерге жібермеуге негіз болатын құжат емес деген шешім шығарған. Кейін бұл мәселе билікпен арадағы диалог арқылы шешілген. "Иегова куәгерлері" ұйымының мәліметі бойынша, 2020 жылдың қаңтар-қазан айларында қауымдастықтың 63 мүшесі заңсыз миссионерлік жасағаны үшін ұсталған. Олардың 38-іне ауызша, 14-іне жазбаша ескерту берілген, ал 11-і дін туралы заң талаптарын бұзды деген күдікпен сотқа тартылған. Олардың 9-ы ақталып шықса, екеуі айыпты деп танылып, оларға 277 800 теңге (660 АҚШ доллары) айыппұл салынған.

Бақылаушылардың айтуынша, билік діни азшылық өкілдерін қудалап, оларға айыппұл салып, жұмысын шектеу үшін дін туралы заңды қолданған. Олардың мемлекет рұқсат бермеген діни жиындарға қатысуына, діни әдебиетті не суреттерді әкеліп, таратуына және сатуына шектеу қойған, құлшылық ету салт-жоралғыларын бұзған. Соңғы мәлімет бойынша, 2019 жылы дін істері комитеті дін туралы заң талаптарын бұзғандардың үстінен 552 әкімшілік іс қозғаған.

Жергілікті биліктің рұқсатын алмастан діни шара өткізді делінген кришнаиттар қауымдастығына тағылған айып алынып тасталды. 2019 жылы Атыраудағы пәтерге рейд жүргізілгеннен кейін оларға осындай айып тағылған еді.

2020 жылғы наурызда әлемге жайылған коронавирус пандемиясының кесірінен Қазақстанда төтенше жағдай енгізілді. Көп шектеу қойылып, діни шараларға тыйым салынды, мешіт, шіркеу және басқа да ғибадат үйлерінің жұмысы уақытша тоқтады. 18 мамырдан бастап мешіт, шіркеу және басқа діни мекемелер санитарлық нормаларды сақтай отырып қайта ашылды, оларға келетін адам саны жалпы сыйымдылықтың 30 пайызынан аспауы керек деген талап қойылды.

Діни азшылық топтары коронавирус пандемиясы кезіндегі шектеулерді билік дискриминация мақсатына пайдаланды деп мәлімдеді. Сәуірде Қарағанды облыстық соты жексенбілік дұға рәсіміне адамдарды кіргізгені үшін баптистер қауымдастығының үш пасторына карантин ережесін бұзды деген айып тағып, оларды үш тәулікке қамады. Теміртаулық пастор Дмитрий Янценге 26 510 теңге (63 доллар) айыппұл салынды. Шіркеу басшылары рұқсат етілген жиындардың ауқымына қатысты нақты ереже болмағандықтан осындай жағдай болды деген уәж айтты.

22 сәуірде "Жаңа өмір" евангелий шіркеуімен байланысы бар шымкенттік пастор "төтенше жағдай кезінде миссионерлікпен айналысты" деп айыпталып, 10 тәулікке тұтқындалды. Шіркеу өкілдерінің айтуынша, 21 сәуірде Жетыс Рауиловты дін істері комитетінің қызметкері әкімдікке шақырған. Шіркеу қызметкері белгіленген жерге барғанда шенеунік орнында болмай шыққан, пастор үйіне қайтып бара жатып, жолай супермаркетке кірген. Артынша оны полиция тоқтатып, көлігін тінтіп, арнайы рұқсатсыз азық-түлік таратуға тырысты деп айыптаған (ол кездегі карантин ережелері үйге азық-түлік алуға мүмкіндік берген, ал оны жеткізіп беру үшін арнайы рұқсат қажет болған). Рауилов өзін жергілікті билік әдейі ұстатқызды деген болжам айтқан.

"Жаңа өмір" шіркеуінің өкілдері таңғы құлшылыққа жиналып жатыр. Алматы, 1 қыркүйек, 2019 жыл.
"Жаңа өмір" шіркеуінің өкілдері таңғы құлшылыққа жиналып жатыр. Алматы, 1 қыркүйек, 2019 жыл.

29 ақпанда полиция Павлодар облысында христиан баптистер шіркеуінің мүшелері Олег Степаненко мен Надежда Смирнованы ұстап, оларға діни әдебиетті таратты деген айып таққан. 2 наурызда сот олар дін туралы заңды бұзды деген шешім шығарып, екеуіне әкімшілік айыппұл салған. Бұған қоса билік өкілдері 200-ге тарта діни кітап тәркілеп, жойған.

Жергілікті билік кей діни азшылық өкілдерінің мүлкін тартып алмаққа әрекеттенді. 17 қыркүйекте Алматы қалалық соты қаладағы "Жаңа өмір" шіркеуінің ғимаратын бұғаттау туралы бұрын шыққан сот шешімін күшінде қалдырды. 2019 жылы Алматының мамандандырылған ауданаралық соты елден кетіп қалған үш пастор бұрынғы келушілерге психологиялық манипуляция және алдау-арбау әдістерін қолданған деген ұйғарымға келіп, шіркеудің мүлкін, соның ішінде ғимаратын, ақшасы мен компьютерлерін бұғаттау туралы шешім шығарған. Бұл іс бойынша сот отырысының болатыны "Жаңа өмір" шіркеуінің басшылығына да, адвокатына да ескертілмеген, сондықтан отырыс олардың қатысуынсыз өткен. Шіркеу өкілдері өздеріне тиесілі екі ғимаратты алып қойғанына алаңдайды, олардың айтуынша, бұл ғимараттарда қиындыққа тап болған адамдар тұрады. Билік бұл орындарды тәркілесе, олардың барар жері болмай қалуы мүмкін. Жыл соңында апелляция шағымы қаралып біткенге дейін ғимараттарды алып қою ісі кейінге қалдырылғаны белгілі болды.

ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСТАР

12 мамырда жарияланған мемлекеттік департамент есебінде Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және оның құрамына кіретін, "елдегі дін мәселелерін реттейтін" дін істері комитеті дін саласындағы мемлекеттік саясатқа және оның орындалуына жауап береді, діни материалдарды сараптайды және діни топтардың жұмысына тыйым салып, дін туралы заң талаптарын бұзған адамдарды жазаға тарту мақсатында күш органдарымен бірлесе жұмыс істейді, жергілікті билік органдарының іс-әрекетін үйлестіреді делінген.

Министрлік пен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) әріптестік туралы ресми келісімге қол қойған. Үкіметтік емес ұйымдардың айтуынша, үкімет қағаз жүзінде ғана тәуелсіз ҚМДБ-ны іс жүзінде бақылауында ұстап отыр. Діни басқарма құрамына қосылған мұсылман қауымдастықтары өз имам тағайындау мүмкіндігінен айырылады, мешіттің мүлкін басқару бойынша барлық құқықтарды соған тапсырады және мешіт кірісінің 30 пайызын ҚМДБ-ға жолдап отырады.

ҚМДБ ресми тіркелген 2 684 мұсылман тобының қызметін бақылайды, имамдарды тағайындайды, сондай-ақ имам лауазымына үміткерлерді тексереді.

Мешіт ауласында намаз оқу сәті. Нұр-Сұлтан, 13 мамыр, 2021 жыл.
Мешіт ауласында намаз оқу сәті. Нұр-Сұлтан, 13 мамыр, 2021 жыл.

Ахмадия мұсылман қауымдастығы әлі тіркелген жоқ, билік 2016 жылы топты тіркеуден алтыншы рет бас тартты. Бұған дейін үкімет сарапшылары бұл қауымның ілімі исламға жатпайды деген тұжырымға келіп, олар тіркеу құжаттарынан "мұсылман" сөзін алып тастауы керек деп шешкен. Қауымдастық мүшелері тіркеуден өтпегендіктен діни қызметпен айналыспайтынын айтады.

Баптист шіркеулер кеңесі үкіметтен қашық болу саясатына сәйкес, тіркеуден түбегейлі бас тартатынын айтқан. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, билік олардың кездесулері мен сапарларын мұқият қадағалап отырады.

Қазақстанда заң бойынша "жергілікті", "аймақтық" және "республикалық" мәртебесі бар діни бірлестіктер жұмыс істей алады. Заң үкіметке белгілі бір діни топты тіркеуден бас тартуға мүмкіндік береді, оған ұйымды қолдаушылар санының жеткіліксіздігі немесе діни топтың жарғысы мен елдің заңнамасы арасындағы алшақтық негіз болуы мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте тіркелмеген не тыйым салынған бірлестікті басқаратын немесе осындай топтарды қаржыландыратын адамға айыппұл салу көзделген. Сонымен қатар, арнайы бөлінген ғимараттардан тыс жерде құлшылық еткені, дін істері жөніндегі комитет мақұлдамаған әдебиетті әкелгені, дайындағаны және таратқаны үшін айыппұл салынуы мүмкін. Жергілікті және шетелдік миссионерлер жыл сайын облыстың немесе Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органында тіркеліп, діни ағымы, миссионерлік жұмыстың болжамды аумағы және оны өткізу мерзімі туралы ақпарат беруге тиіс.

Мемлекеттік хатшы, халықаралық діни бостандық мәселелері бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі елші және АҚШ үкіметінің басқа да жоғары лауазымды тұлғалары мен елшілік қызметкерлері Қазақстан сыртқы істер министрлігінің, ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және дін істері комитетінің жоғары лауазымды шенеуніктерімен кездесіп, келіссөздер барысында діни бостандық пен наным-сенімді құрметтеудің маңызн атап өткен.

АҚШ-тың ресми өкілдері екіжақты кездесулерде Нұр-Сұлтанды адамдардың діни наным-сенімін бейбіт түрде білдіру құқығын құрметтеуге шақырып келеді. Олар сондай-ақ заңдағы анық емес тұжырымдарға алаңдаушылық білдіреді, әсіресе жергілікті жердегі билік өкілдерінің мұндай заңдарды еркін түсініп, қалауынша қолдануына мүмкіндігі бар. Вашингтон Қазақстанды діни қауымдарды тіркеуге қойылатын ауыр талаптарды алып тастауға және заңға сенушілердің өз дінін еркін ұстануына мүмкіндік беретін басқа да өзгерістер енгізуге шақырады.

ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ: ЕРЕЖЕ БҰЗАТЫНДАР ҚАТАРЫНДА ҚЫТАЙ, РЕСЕЙ ЖӘНЕ ИРАН БАР

АҚШ мемлекеттік департаменті жаңа есебінде Пекинді ұйғырларға, қазақтарға және басқа халықтарға "геноцид" жасады айыптады және Қытай, Иран мен Ресейді әлемдегі дін бостандығын ерекше шектейтін елдер деп атады.

"Адамның басқа құқықтары сақталмаса, діни сенім бостандығын толық жүзеге асыру мүмкін емес. Үкіметтер өз азаматтарының дін және наным-сенім бостандығы құқығын бұзса, бұл оның басқа барлық [бостандықтарына] қауіп төндіреді" деді мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен есепті таныстыру кезінде.

Қаңтарда сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын адамзатқа қарсы қылмыс және геноцид деп атаған. Блинкен Джо Байден әкімшілігінің бұл ұстаныммен келісетінін айтты.

Қытай "адамзатқа қарсы қылмысын және мұсылман ұйғырлар мен басқа да діни және этностық азшылық өкілдеріне қарсы геноцидін жалғасырып отыр" деді Блинкен.

Мемлекеттік департаменттің халықаралық діни бостандық басқармасының жоғары лауазымды қызметкері Даниэль Надель Шыңжаңдағы жағдай Қытай үкіметінің "бүкіл аймақты аспан астындағы түрмеге айналдыру талпынысын" білдіреді деді. Мәжбүрлі еңбек, негізсіз жаппай тұтқындау және Шыңжаңдағы басқа да қылмыстардың болып жатқаны туралы сан түрлі айғаққа сенсек, Қытай "адамдарды, олардың тарихы мен мәдениетін жер бетінен жойып жіберуге" тырысып жатыр деді ол.

Блинкен Иран, Мьянма, Ресей, Нигерия және Сауд Арабиясындағы дін бостандығының шектелуі туралы да айтты.

"Ресейде билік "Иегова куәгерлерін" қудалап, ұстап, мүлкін тартып алып жатыр. Экстремизммен күрес деген сылтаумен мұсылман азшылық топтарының мүшелеріне де осындай қысым жасалып келеді" деді Блинкен.

Ал есептің өзінде Ресей адамдарды діни сеніміне байланысты қудалап, ұстап, түрмеге жауып, азаптауды және физикалық зорлық-зомбылық көрсетіп, мүлкін тәркілеуді жалғастырып келеді делінген.

"Иран діни азшылық өкілдерін, соның ішінде бахаи, христиан, еврей, зороастр, суннит өкілдерін және мұсылман сопыларды қорқытып, қудалауды және тұтқындауды жалғастырып жатыр" деді Блинкен.

Бұған қоса ол әлемде, соның ішінде АҚШ пен Еуропада антисемитизмнің және исламға қарсы риториканың өршіп бара жатқанына да алаңдайтынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG