Accessibility links

"Сөзіме ешкім құлақ аспайды". Денсаулықтан айрылған бұрынғы шахтер 20 жыл бойы әділет іздеп жүр


2001 жылы өндірісте жарақат алып, соның салдарынан екінші топ мүгедегі атанған бұрынғы шахтер Иван Тирик содан бері заң бойынша өзіне тиесілі төлемге қол жеткізе алмай жүргенін айтады.
2001 жылы өндірісте жарақат алып, соның салдарынан екінші топ мүгедегі атанған бұрынғы шахтер Иван Тирик содан бері заң бойынша өзіне тиесілі төлемге қол жеткізе алмай жүргенін айтады.

Шахтада ауыр жарақат алған соң мүгедек болып қалған қарағандылық азамат өндірісте болған апатқа кінәсі жоғын дәлелдеуге тырысып жүр. Бірақ сот оның уәжі мен мемлекеттік комиссия қорытындысын елемей отыр. Бұрынғы кенші жоғарғы сот төрағасы, президент пен облыс әкіміне де арызын айтып кірмек болған, бірақ талпынысы нәтижесіз аяқталған. Шарасы таусылған 82 жастағы зейнеткер Ақорданың алдына шығып, наразылық білдіремін дейді.

"АШТЫҚ ЖАРИЯЛАУҒА МӘЖБҮРМІН"

"Мені қабылдауыңызды сұраймын. Кінәм жоғын дәлелдейтін құжаттарды, мемлекеттік комиссия актісін көрсетемін. Егер қабылдаудан бас тартсаңыз, мүгедек зейнеткер ретінде Нұр-Сұлтан қаласына барып, аштық жариялауға мәжбүр боламын. Жиырма жылдан бері сөзіме ешкім құлақ аспай келеді, басқа амалым қалмады". Бұрынғы кенші Иван Тириктің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хаты осылай аяқталады. Өндірісте болған оқыс салдарынан екінші топ мүгедегі атанған зейнеткердің хатына Ақорда жауап бермеген.

Кейінгі жылдары заңдарды бүге-шүгесіне дейін біліп алған 82 жастағы зейнеткер сотта өзін-өзі қорғап жүр. Қарағанды көмір бассейнінің бұрынғы кеншісі Иван Тирик 43 жыл жер астында жұмыс істеп, 2001 жылы жұмыста басынан ауыр жарақат алған: миы шайқалып, мұрны сынған. Кеншінің еңбекке жарамсыздығы 89 пайыз деп бағаланған. Тирик содан бері жиырма жыл бойы сотқа өндірісте болған оқыс оқиғаға жұмыс беруші кінәлі екенін, сондықтан өзіне өтемақы төленуі керегін түсіндіре алмай келеді. Зейнеткер өндірісте жарақат алған кезде 1955 жылы құрылған, 1996 жылғы жекешелендіру кезінде "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына өткен "Саранская" шахтасында істеп жүрген.

– Ауысым кезінде төменге түсіп, өндіріске дайындықты тексеріп келе жатқанымда көмір бөлшектеуге арналған комбайн жүретін тізбектің бір шеті үзіліп кеткенін көрдім. Өндіріс жоспары орындалмаса, ақша болмайды, ал жоспарды орындау үшін апаттың алдын-алу керек. Бірден комбайнерге хабар бердім. Мені шақырып алып, "комиссия келе жатыр, күтіп ал" деді. Күтіп алдым, арасында директор да болды. Ол "Өндіріс бойынша лава қашан жұмыс істейді?" деп сұрады. Мен тізбектегі апат туралы айттым. Ол "Қане, көрейік" деді. Содан тізбек үзілген жерге келдік. Бұл кезде жөндеу қызметі тізбекті жалғауға тырысып жатыр екен. Ол үшін 40 килограмдық тақтайшаны көтеру керек. Тақтайша комбайн жүретін тізбекті қысып ұстап тұрады. Ауысым келген кезде, балғамен ұру ыңғайлы болсын деп, жұмысшылардың біріне металл кескішті ұстап тұруға көмектестім. Балғамен ұрған кезде тақтайша тізбектен шығып кетіп, басыма тиді. Есімнен танып қалдым, – дейді Тирик.

Қарағанды облысы Сарань қаласындағы шахта.
Қарағанды облысы Сарань қаласындағы шахта.

Иван Тирик бірнеше ай ауруханада жатқан. Кейін денсаулығын оңалтуға да біраз уақыт кеткен. Жарақат салдары әлі күнге дейін білінеді: басы жиі айналып, ауырады. Ауруханадан шығып, аяққа тұрған соң, кенші төтенше жағдай туралы актіде кәсіпорынның кінәсі – 50 пайыз, жұмысшының кінәсі – 50 пайыз деп көрсетілгенін естіген.

– Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін еді. Болған оқиғаға кінәлі емеспін, себебі ешқандай ереже бұзған жоқпын. Шахтада қаншама адам жарақат алып, қаза тауып жатқанын ескерсек, тірі қалып, жолым болды, – дейді Иван Тирик.

Зейнеткердің сол кезде басталған күресі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ол сотқа жүгінген, астанаға барып, әртүрлі шенеуніктерден көмек сұраған. Мұны растайтын құжаттары да бар. Бірнеше жылдан кейін билік мемлекеттік еңбек инспекторы төрағалық еткен комиссия құрған. Комиссия жаңа акті жасап, болған оқиғаға толықтай жұмыс беруші кінәлі деген қорытынды шығарыпты. Сот ары қарай жалғасқан. Тирик бұл мәселеге бас прокуратураның да назарын аударған: ол мекеме де жұмыс берушіні кінәлі деп тауып, наразылық білдірген соң жоғарғы сот істі қайта қарауға жібереді. Бірақ істі қараған судьялар комиссия қабылдаған жаңа актіні мойындамай, ескі сот шешімдеріне сілтеумен болған.

– Мәселем шешілетін болды деп қуанып едім, олай болмады. Соттар бай "қожайынын" қорғап отыр. Бармаған жерім қалмады, еш нәтиже жоқ. Сол тартыс әлі күнге жалғасып келеді, ештеңені дәлелдеу мүмкін емес, ұсынған дәлелдерге сот көз жұма қарайды. Судьялар алдыңғы сот шешіміне сілтеумен ғана шектеледі, – дейді Иван Тирик.

Комиссия мүшелері 2013 жылы өндірісте алған жарақат деңгейі дұрыс көрсетілмегенін айтып, облыстық прокуратурадан шара қолдануын сұраған. Комиссия Тириктің бастапқы актіде көрсетілгендей жеңіл емес, ауыр жарақат алғанын анықтаған. Прокуратура 2001 жылы дәрігерлер берген қорытынды шындыққа жанаспайды деп мәлімдеген.

Қазір Тирик соттан сотқа жүгіріп, әкімдіктен президент әкімшілігіне дейінгі әртүрлі мекемеге хат жазып жүр. Ол президентпен және мәжіліс төрағасымен кездесуге талпынып көргенін, бірақ олардың қабылдауына жазыла алмағанын айтады. Зейнеткер Қарағанды облысы әкіміне де кіре алмаған. Әкім орынбасарлары кездесуді наурыз мерекесіне дейін ұйымдастыруға уәде берген, бірақ жақында қабылдау уақытын тағы да кейінге шегерген.

ЖҰМЫС БЕРУШІ, СОТ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ПОЗИЦИЯСЫ

Мемлекеттік органдар 2001 жылғы 29 маусымда (кенші жарақат алған кезде) қабылданған акті "жәбірленуші жеңіл жарақат алды" деген алғашқы медициналық қорытынды негізінде жасалғанын анықтаған. Бірақ бірнеше жылдан кейін Тириктің ауыр жарақат алғаны дәлелденген.

2020 жылы облыстық еңбек инспекциясының бастамасымен құрылған комиссия қайта зерттеу жүргізіп, жұмыс беруші өндірістік құрал-жабдықтың ескіргенін, шынжырдың қолданылу мерзімін, оны ауыстыру процесі мен уақытын ескермеген деген қорытындыға келген. Комиссия оқыстың алдын-алу шаралары қарастырылмағанын анықтаған. Еңбек инспекциясы басқармасы жұмыс берушіні төтенше жағдай туралы осыған дейін қабылданған, заңға қайшы актінің күшін жойып, бүкіл жауапкершілікті кәсіпорынға жүктейтін жаңа акті қабылдауға шақырған.

Бірақ "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы еңбек инспекциясы басқармасының қорытындысымен келіспей, төтенше жағдай туралы жаңа зерттеу нәтижесінде қабылданған актіні мойындаудан бас тартқан.

Шағым беруші тарап шахтада болған төтенше жағдайға қайта зерттеу жүргізу және өндірістегі апатқа жұмыс берушіні кінәлау заңға қайшы келеді деп есептейді.

Компания өкілдерінің пікірінше, заңды күшіне енген сот шешімдеріне сәйкес, төтенше оқиғаның жай-жапсары анықталған, сондықтан комиссияның қазіргі шешімі заңсыз. Жауап беруші тарап – еңбек инспекциясы басқармасының өкілі комиссия дұрыс шешім шығарғанын айтады.

Компания болған оқиғаның себебі әлдеқашан зерттеліп қойғанын алға тартып, өз кінәсін жартылай ғана мойындап, жауапкершіліктің қалған бөлігін (50 пайызын) жұмысшыға артып отыр. Жұмыс берушінің дерегінше, Тирик қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтамаған.

Сот компанияның шағымын қанағаттандырып, комиссия қабылдаған жаңа актіні мойындаудан бас тартқан. Облыстық сот та бұл үкімді өзгертпеген. Жоғарғы сот Тириктің істі қайта қарау туралы шағымын елеусіз қалдырған. Кейінірек жоғарғы сот Тириктің шағымы қаралып жатқанын хабарлап, сот актісін қайта қарау туралы ұсыныс енгізуге негіз жоғын айтқан. 2022 жылғы 7 ақпанда Тирик сот үкіміне келіспейтіні жайлы шағым берудің барлық мүмкіндігін пайдаланып көргенін, әділдік іздеудің басқа заңды жолы қалмағанын естіген. Осылайша зейнеткердің ісі тығырыққа тірелді.

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНЕ ХАБАРЛАСУ

Ақпан айында Тирик Қазақстан президентіне хат жазды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзін қабылдауды сұраған. Бірақ зейнеткердің хаты тағы да жауапсыз қалды. Көп жылға созылған күрестен қажыған Тирик биліктің назарын аудару үшін наразылық акциясына шықпақ болған.

Тирик наурызда жергілікті ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне хабарласып, әділ сот шешіміне қол жеткізудің басқа амалы қалмағанын, сондықтан аштық жариялап, плакат ұстап көшеге шығатынын айтқан. Зейнеткер наразылық акциясына өндірісте денсаулығынан айырылып, тиісті өтемақы ала алмай жүрген басқа да азаматтар қосылуы мүмкін деп ескерткен. Осыдан кейін Тириктің үйіне ішкі саясат бөлімі өкілдері келген. Олар зейнеткердің шағымын тыңдап, облыс әкімімен кездесу ұйымдастыруға уәде беріпті. Бірақ содан бері олардан еш хабар жоқ дейді Тирик.

Оның басынан кешкені адам сенгісіз хикаяға ұқсайды: комиссия жұмыс берушінің кінәсі – 100 пайыз деген қорытынды шығарған, бірақ сот бұл шешімді мойындамай отыр. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қайта жүргізілген зерттеу материалдарын қарап, комиссияның "өндірістегі төтенше жағдайға жұмыс беруші кінәлі" деген тұжырымы дұрыс деп тапқан. Бас прокурор осыған дейінгі сот шешімдерінің күшін жоюды, істі қайта қарауға жіберуді сұраған. Прокуратура Тириктің қауіпсіздік ережесі мен қызмет бабындағы нұсқаулықты бұзбағанын, оқыс оқиғаға жұмыс беруші кінәлі екенін айтқан.

Бірақ Иван Тириктің хикаясы елде биік мінберлерден айтылып жүрген сот жүйесін модернизациялау туралы мәлімдемелерге қарамастан, жүйе "адамға бет бұрудан" әлі алшақ екенін көруге болады. Өндірісте жүріп мүгедек болып қалған еңбек ардагері мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, әділдік іздеп жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG