Accessibility links

ҰҚК "терроризмді насихаттады" деген күдікпен төрт адамды ұстағанын хабарлады


Ұлттық қауіпсіздік комитеті "терроризмді насихаттады" деген күдікпен ұстаған адам.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті "терроризмді насихаттады" деген күдікпен ұстаған адам.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 26 маусымда Түркістан облысында "терроризмді насихаттады" деген күдікпен төрт адамды – Қазақстан азаматтарын ұстаған. Мұндай ақпаратты ҰҚК баспасөз қызметі таратты.

ҰҚК күдіктілерден діни мазмұндағы әдебиеттер және өзге де заттар табылғанын хабарлады.

"Ұсталғандардың бірі ұзақ уақыт шетелде тұрған, радикалды діни идеологияға сол жақта қосылған болуы ықтимал" дейді ҰҚК.

Комитет жариялаған суреттерден арнайы жасақ қызметкерлері мен үстіне жай киім киген, бетін әдейі көлегейлеп қойған адамдар, жазуын көрінбейтін етіп тастаған әлдебір кітаптар, аудиотаспалар, смартфон, ұялы байланыс құралдары көрінеді.

ҰҚК осы жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің 256-бабы ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр деп хабарлады. Басқа ақпарат жарияламады.

Қазақстанда арнайы қызмет "терроризмді насихаттады" деген күдікпен ұсталғандар жөнінде мәлімдеп, сот оларға қандай жаза кескенін хабарлап тұрады. Алайда ұсталғандардың аты-жөні, істің жай-жапсары, оларға тағылған айыптар туралы толық ақпарат бермейді.

Мамырдың аяғында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Ермек Сағымбаев биыл радикал діни идеологияны қолдайтын 26 адам лаңкестік және экстремистік әрекеті үшін сотталды, тағы 22 адамның үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG