Accessibility links

Нұрлан Сегізбаев: "Менің атым Қожада" мен өзімді-өзім ойнадым


Жарты ғасыр бұрын бала Қожаны сомдаған Нұрлан Сегізбаев бүгін осындай
Жарты ғасыр бұрын бала Қожаны сомдаған Нұрлан Сегізбаев бүгін осындай

Қазақ баласының бірнеше буыны үлкен экраннан көріп өскен, Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде режиссер Абдолла Қарсақбаев экранға шығарған «Менiң атым Қожа» фильмiнде басты рөлді сомдаған Нұрлан Сегізбаевтың Азаттық радиосына берген сұхбаты.

45 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ АҚЫЛДЫ ДА ТЕНТЕК ҚОЖА ҚАЙДА ЖҮР?

Кинодағы «қара көженiң» қылығына тәнті болып, оған еліктеп өскен балалардың алдыңғы қатары ел ағасы жасынан асса да бұл фильм үлкен экраннан әлі күнге түспей келе жатыр. 1967 жылы Франциядағы Канн фестивалiнiң арнайы жүлдесiне ие болған «Менiң атым Қожа» қазақ фильмдерiнiң iшiнде осы жүлдені алған бiрiншi фильм болды.

«Менiң атым Қожа» туралы сөз болғанда көрерменнің есіне ең алдымен түсетін басты кейіпкер – сабақтан қашқыш, мұғалімді ренжіткіш тентек мінез Қожа. Кинодағы Қожаның өмірдегі бейнесі қандай екен?

Бұл туралы Азаттық тілшісінің сұрақтарына осыдан 45 жыл бұрын түсірілген фильмде басты рөлді сомдаған бала, ал бүгінде драматург Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев жауап береді.

– «Менің атым Қожаның» түсірілгеніне 40 жылдан асса да көрермендер сізбен ұзақ уақыттан кейін енді ғана табысты, осынша уақыт үнсіз қайда жүрдіңіз?

– Кино экранға 1964 жылы шықты. Мен осы уақыт аралығындағы актер ретінде шақырған рөлдерден бас тартқаныммен, бәрібір кинематография саласында қалдым. Мені актерлік қызықтырған жоқ. Абдолла Қарсақбаевтың ақылымен ВГИК-ке түсуге де асыққан жоқпын.

Алдымен институттың филология факультетін бітіріп, орыс тілінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Ал 27 жасымда ВГИК-тің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, сценарист мамандығы бойынша драматургияның мықты шебері Евгений Габриловичтен сабақ алдым.

Бірақ 1982 жылы «Қазақфильмге» келген кезімде сол уақыттағы Қазақстан кинематографиясының мүсәпір жағдайын көріп, қатты көңілім қалды. Бұл тоқырау жылдары еді, сондықтан мен телевизияға жұмыс істеуге кеттім. Елдегі алғашқы көркем видеофильмдерді түсіруге қатыстым.

Үнемі телевизия, кино, әдебиет саласында жұмыс істеп жүрдім. Бірақ, біз сияқты жастарды Брежнев заманында киноға жолатпайтын, сондықтан жылдар бойы жұмыссыз жүрдік. Талай таланттар биліктің арамтамақ деп жазалап, түрмеге отырғызып қоюынан қорқып күзетші немесе аула сыпырушы болып жұмыс істеді.

Мемлекет пен Компартияны сынаған мен де осылардың қатарында болдым, осы үшін маған ештеңе берген жоқ және еш әрекетіме рұқсат берілмеді. (Пәтердің өзін мен 26 жыл күттім.)


"ӘКЕМНІҢ ЕРЕЖЕСІ ӨМІРДЕ ЕШКІМНЕН ЕШТЕҢЕ СҰРАМАУҒА ҮЙРЕНГЕМ"

– Қазір журналистика факультетінде дәріс оқып жүр екенсіз, болашақ журналистерге не үйретіп жатырсыз, студенттер сізді қалай қабылдады?


– Өкінішке қарай, басты ақ қырау шалды, бұған қарсы, әрине, ештеңе істей алмайсың. Бірақ, осы қырау шалған баста түрлі шығармашылықтың қорытындылары жиналып қалған. Студенттерге арнап «БАҚ-тағы драматургия» деген ерекше оқу курсын жазып шықтым.

Мен PR туралы екі кітаптың авторымын, студенттерді сценарийді қалай жазу керек, түсіру жұмыстары мен монтаждау процестері және киноның дыбысталуы қалай жасалады деген сияқты өте қажетті нәрселерге үйретудемін, олар менімен ынтымақтаса жұмыс істегендеріне қуанышты.

Студенттерім табысты жұмыстар атқарып жүр, кей тұста олар Жүргеновтің студенттерінен мықты.

– Сізге хабарласқанымызда, «диссертация жазып жатырмын» дедіңіз, ғылымның қай саласына ден қойып жүрсіз, зерттеп жүрген тақырыбыңыз қандай?

– Диссертациямның тақырыбы: «Жаңа заманғы телевизиялық драматургиядағы коммуникативті тәжірибелер» деп аталады, жалпы бұл мәдени философия саласының БАҚ-тың әдіс-тәсілдерінде көрініс табуы.

– «Менің атым Қожада» сіз тентек те ақылды баласыз. Және фильм режиссері Абдолла Қарсақбаев сіздің әкеңіз бен ағаңыздың «бұдан түк шықпайды, мұны киноға сүйреп әуре болма» дегенін айтыпты, сіз шынымен бұзық бала болдыңыз ба?

– Менің тағдырым осы картинамен тікелей байланысты деп ойлаймын, яғни мен өзімді өзім ойнадым. Керек болатын болса, Қожа өмірлік тәжірибеде кейіпкер бола алмайды, ол көрермен үшін идеал. Ал идеал қашанда қажетті болуға қабілетсіз.

Негізі бұл туралы ешкім көп ойлана бермейді. Қожа образының менің балалық психикама ықпалы көп болғаны жасырын емес. Мен де өзге советтік пионерлер сияқты, орындалмас армандарға ұзақ уақыт сеніп жүрдім. Бірақ, мен ерке бала болған жоқпын, ерке бала бір орынға 52 адам таласып тұрған оқуға түсіп, екі оқу орнының бірдей күндізгі бөлімінде оқи ала ма?

Немесе 8 жыл студент болып жатақханада тұра ала ма, оқи жүріп, құрылыс отрядтарында жұмыс істей ме? Мен алты құрылыс отрядында жұмыс істеппін. Бұл деген оқуға ақша табу үшін жасалған әрекет. Кім ширек ғасыр бойы өзіне пайдасы жоқ өнерді адал беріліп сүйе алады? Мен мансап қуған жоқпын, ондайды өзіме ұят санаймын.

– Сіздің әкеңіз елге аты-жөні белгілі адам болды, ағаңыз танымал футболшы, өзіңіз де Қожа арқылы бүкіл қазаққа танылдыңыз. Осы танымалдылық сізге не берді?

– Танымалдылық маған материалдық тұрғыдан ештеңе берген жоқ, бірақ мен адамдарға ренжімеймін, керісінше, ылғи алғыс айтып жүремін. Жақында мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед менен: «Еңбегі сіңген өнер қайраткері» деген атағың бар ма?» деп сұрады.

«Маған жұрт «халық әртісі» атағын беріп қойған» деп қалжыңдадым. Қысылыңқырап қалған ол осы жылы министрлік ұмытпайды дегендей бірдеңе айтты. Мүмкін, Юрий Никулиннің кейіпкері айтқандай, мен өлгеннен кейін марапаттап қалар. Дегенмен, Иманғали Тасмағамбетовке рахмет айтамын – ол менің жағдайымды білді де, пәтер сыйлады.

Шенеуніктің назарының өзі қымбат тұратыны белгілі. Мен, жалпы, қарапайым адаммын, ешкімнен ештеңе сұрамаймын. Бұл менің әкемнің өмірлік ережесі еді, мен де осыны ұстанамын. Бұл мүмкін күлкілі де болар, бірақ, шыны осы.


ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУ ҮШІН МҰҒАЛІМ БОП АУЫЛҒА БАРҒАН


– Сіздің буынның қалада өскен балаларының бәрі дерлік қазақ тілін білмейді, сіз де солардың қатарындасыз. Ана тіліңізді үйренуге деген қандай да бір талпыныс болды ма?

– 1974 жылы, педагогикалық институтты тәмамдағаннан кейін, маған үздік студент ретінде аспирантураға жолдама берілді, бірақ мен өзім сұранып алыстағы ауылға кеттім. Қатон-Қарағайдағы ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істедім, сонда қазақша сөйлеп үйрене бастадым.

Адам кез келген тілді үйрене алады, тек қана оған қоғамның тарапынан сұраныс болуы керек. Қазір заман жақсарды ғой, орыс та Америкаға барып оқи береді, сонда тіл үйренеді дегендей. Көп қазақтар қазақша сөйлей бастады.

Бірақ, біздің заманымызда Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі болды, ал орыс тілі қажетті білім алуға мүмкіндік жасады, қазір оның орнын ағылшын тілі ауыстырды ғой. Мен орыс тілінде жазғаныммен, қазақтың жазушысы болып қаламын.

Айтыңызшы, Желтоқсан оқиғасы тақырыбын әдебиет пен кинода алғаш көтерген кім? «Аллажар» атты повесть пен сценарий арқылы мұны мен жасадым. Немесе, қазір «Меломан» кітап дүкенінен менің «Ангелочек» деген кітабымды сатып алып оқыңыз, бұл деген жаңа заманғы қазақ повесі.

– Баспасөз беттерінде сіз, Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммедтің жеке тапсырысы бойынша, 1958 жылы Украинада білім алған тұңғыш қазақ металлургі туралы көркем фильмнің сценарийін құрастырып жатқаныңыз жайында ақпарат шыққан еді. Сол шаруаңыз не болды, ол жөнінде толық таратып айтып бересіз бе?

– Бұл сұрағыңызды жауапсыз қалдырғанды жөн көрдім, сабақты ине сәтімен, бәрін уақытында білерсіздер.

– Сіздің сценарийіңізбен бірнеше фильм түсірілді, бірнеше кітап та жаздыңыз, қазір қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар?

– Жоспар жетерлік, менің сценарийлерімді қолдан қолға тигізбей алып кеткендерімен, режиссерлер қоя алмай жатыр, олардың шығармашылықтарына қарным ашады. Өзіммен бір тұрғыда ойлай алатын режиссер таба алмай келемін, ал өзім кино түсіруді қаламаймын.

Сценарист деген жазушы ғой, мен тағы да кинодан әдебиетке кетіп барамын. Бір дүниелерді шығарып қалармын, баспа бетін көрмеген екі қолжазбам тұр, бірақ шығарушылар болмай тұр.

Жазушылар одағына бармаймын, ондағылар біз сияқты киногерлерді жақтырмайды. Мықты шығарушы табылса мен коммерциялық қолжазбамды берер едім. Мәселен, «Ангелочектің» сатылымы өте жақсы болды, ол тіпті бестселлер атанды, мен бұл ақпаратты интернеттен оқып білдім.


"ҚАЗАҚ КИНОСЫНА АҚШАНЫ ЕМЕС ХАЛҚЫН СҮЙЕТІН АДАМДАР ЖЕТІСПЕЙДІ..."


– Қазіргі қазақ киносы туралы пікіріңіз қандай?


– Қазақ киносына ақшаны ғана емес, өзінің халқын, Отанын сүйетін талантты әрі ар-ұяты мол әділ адамдар жетіспей тұр. Және әділ сараптамаға да зәру, киносыншыларымыз үнсіз немесе билік олардың ауыздарын жауып тастаған.

Сондықтан да бізге, ауторларға қиын тиіп отыр. Жаңа заманғы кинопроцесті өзіміз саралап, идея мен сюжеттің болашағын да өзіміз ойлауымыз керек. Біздің кинолар өнер үшін емес, билікке қолайлы болу үшін жасалады.

Кино туралы заң қабылдайтын уақыт келді. Киноға нарық механизмдерін енгізу керек. Әйтпесе, бәрі бұрынғыша, «бастық айтты...» деген ұстаныммен қала береді.

– «Менің атым Қожаның» кейіпкерлерінің қайсысымен байланысыңыз бар?

– Сұлтанның рөлінде ойнаған Сұлтан Көкенов марқұм боп кетті, қалғандарының әрқайсысының өз өмірі бар дегендей... Ешкіммен араласпаймын деуге болады.

– ХХІ ғасырдың Қожасына не тілегіңіз бар?

– Қазақ әдебиеті мен өнерінде кейіпкердің тапшылығы байқалады. «Ангелочекте» мен жаңа кейіпкерді жасауға тырыстым. Ол бұрынғыша дұрыс қағидаларға сүйенетін, мейірімді әрі әділ адам. Бірақ, мұндай кейіпкерді тезірек экранға шығару керек. Бізде жазылып, түсіріліп жатқандардың бәрі түкке тұрғысыз нәрселер. Неге?

Өйткені, туындыгер тек қана талантсыз емес, оның «ішіндегі редакторы» бастыққа жақпай қалудан қорқады, біздің бар қасіретіміз осында жатыр. Жаңа заманның нағыз Қожасы Бердібек Соқпақбаевтың туындысындай шығарма өмірге келген кезде өзінен өзі пайда болады.

– Әңгімеңізге рахмет!
XS
SM
MD
LG