Мамырдың 7-і күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер туралы» заңға қол қойды. Жаңа заңда ардагерлердің әлеуметтік қорғалатын бес санаты көрсетілген. Оларға Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандарға қоса Совет одағы тұсында әр жылдары Ауғанстан, Алжир, Вьетнам, Египет, Чехословакия (1968 жылы) және басқа мемлекеттер аумағында болған 23 әскери қақтығысқа, 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясында болған апат зардабын жоюға қатысқан азаматтар жатады. Сонымен бірге, 1992 жылдан 2001 жылға дейін тәжік-ауған шекарасында әскери қызмет атқарған, 1990 жылдары Таулы Қарабақтағы ұлтаралық жанжалды реттеуге және 2000 жылдары ұлттық контингент құрамында Ирактағы бітімгерлік операциясына қатысқандар да кіреді.
«Ардагерлер туралы» заңдағы бес санат
- Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері;
- Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер;
- Өзге мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылға қатысқандар;
- Еңбек ардагерлері;
- басқа санаттар.
Заңда оларға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де көрсетілген. Бірінші санатқа - 16 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК = 2778теңге, шамамен 6,3 доллар), екінші санатқа – 7,55 және 6,19 АЕК, үшінші санатқа – 6,19 және 4,8 АЕК, төртінші санатқа – 138,63 АЕК («Еңбек ері» иегері) және 2,13 АЕК, ал бесінші санатқа - 4,8, 4,48 және 4,59 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі.
Мұндағы кей жәрдемақы мен жеңілдіктер Қазақстанда осыдан 25 жыл қабылданған «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» заңда да болған.
Жаңа заңда белгіленген мемлекеттік жәрдемақыны 180 мың адам алады, осы мақсатқа жыл сайын бюджеттен қосымша 2 миллиард теңге бөлінеді дейді Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ерлан Әукенов. Бұған қоса Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар салықтың 11 түрінен босатылады.
«КӨПТЕН КҮТКЕН ЗАҢ»
1992-2001 жылдар аралығындағы тәжік-ауған шекарасындағы ТМД сыртқы шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан подполковник Мұрат Мұхамеджанов жаңадан қабылданған «Ардагерлер туралы» заң көңілінен шығатынын айтады. Әсіресе бітімгерлік миссиясына қатысқан әскерилерге «ардагер» статусы заң жүзінде бекітілгеніне разы. Мұхамеджановтың сөзінше, тәжік-ауған шекарасындағы ұрысқа қатысқандарға бұған дейін мемлекет тарапынан ешқандай жеңілдік жасалмаған.
- Біздің жігіттер бұл статусты көп күтті. Мәселе ақшада, материалдық құндылықта емес. Мәселе - Қазақстан жастарын рухты етіп тәрбиелеуде. Ешбір ел қауіпсіздігіне қатер төнбесіне кепіл бере алмайды. Бұған Грузия мен Украинадағы соғыстар мысал. Жастар бізге көрсетіліп жатқан құрметке қарап, Отанды қорғағаны үшін мемлекет оларға көңіл бөлетінін түсінетін болады, - дейді Мұхамеджанов.
1986 жылы Чернобыльдегі АЭС апатының зардабын жоюға қатысқандардың республикалық үйлестіру кеңесі басшысының орынбасары Хусаин Мұстафаның сөзінше, ширек ғасыр бұрын қабылданған заңмен салыстырғанда, жаңа заңда біршама оң өзгеріс бар. Алайда Чернобыльдегі апат зардабын жоюға қатысқандарға белгіленген жәрдемақы мөлшеріне оның көңілі толмайды.
- 1988-1989 жылдары Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандардың жәрдемақысы 5 мың теңгеден 12 мыңға ғана көбейтілді. Соған келіспейтінімізді айттық. Әйткенмен, бізге маңыздысы - статус. Ардагер деген мәртебеге ие болдық, - дейді ол.
«КӨҢІЛІМ ТОЛМАЙДЫ»
1987-1988 жылдары совет армиясы қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Алматы тұрғыны Серікбай Баймолдинов «Ардагерлер туралы» жаңа заңда 1990 жылдары тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа, 2000 жылдары бітімгерлік миссиясы құрамында Ирактағы соғыс зардабын жоюға және тағы басқа шет елдердегі операцияларға қатысқан әскерилерді "ардагер" санатына жатқызуды құптамайды.
- Бізді ешкім пікірімізді сұрамай соғысқа жіберді. Ал олар мемлекетпен келісім-шартқа отырған. Оларға ақша төленді. Олардың барғаны - бітімгерлік миссия. Әскери іс-қимыл болуы мүмкін емес. Иракта мина тазалағандар да сондай. Үкімет бітімгерден соғысқа қатысушы жасап отыр, - дейді Серікбай Баймолдинов.
1986-1988 жылдары Кабул қаласында совет күштері қатарында қызмет атқарған Алдажар Сейітұлы ұрыс қимылдарына қатысқан басқа санаттағыларға "ардагер" статусын беруге қарсы емес.
- Тек Ауғанстандағы соғысқа қатысқандардың мәртебесі 1995 жылы қабылданған заңда көрсетілгендей, «Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген» күйінде қалғаны дұрыс еді, - дейді ол.
Совет тұсында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Қайрат Елубаев жаңа заң жобасы былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде талқыланған кезде өздерінің кей ұсыныстары құжатқа енбей қалғанын айтады. Ол совет өкіметінің бұйрығымен соғысқа қатысқан азаматтардың жұмысқа орналасу, баспана алу және басқа әлеуметтік мәселелері әлі күнге шешілмей келе жатыр деп қынжылады.
- Біз Ауғанстандағы соғысқа қатысқандарға (мемлекеттен) берілетін 16 мың теңгені 30-40 мыңға көтеруді ұсынғанбыз. Бұған жылына 4,5 миллиард теңге қажет. Жаңа заң әлеуметтік жағдайды шешпесе, ол не үшін керек? Ондай заң қажет емес, - дейді ол.
ДЕПУТАТТАР ПІКІРІ
Отставкадағы генерал, «Халық қаһарманы» атағының иегері, мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев жасы 65-тен асқан депутаттарға коронавирусқа байланысты карантинде жұмысқа шығуға тыйым салынғандықтан, «Ардагерлер туралы» заң жобасын парламенттің жалпы отырысындағы талқылауға қатыса алмағанын айтады. 1979-1981 жылдары Ауғанстанда совет армиясының рота, батальонын басқарған Ертаев сол соғысқа қатысқандардың әлеуметтік проблемаларын шешуді мемлекет мойнына алуы керек деп санайды.
- Бұрын жеңілдікпен, кезек бойынша пәтер беретін. Қазір ол жоқ. "Соғыстыңыз, неге баспанамыз жоқ?" деп бала-шағасы сұрайды. Ауылда тұратын жігіттердің қалаға барып емделуге жағдайы жоқ. Бұрын болған квота қазір жоқ, - дейді депутат.
Ал депутат Нұртай Сабильянов парламент қабылдаған заңды талқылау кезінде барлық тараптың ұсыныс-пікірі ескеріліп, ешкімнің құқы бұзылған жоқ деп санайды.
- «Ауған соғысынан» басқа да ұрыстарға қатысқан азаматтарды осы заңға енгізу мәселесі қоғамда көптен көтеріліп келді. Сондықтан оларды ардагер санатына қосу туралы шешім қабылданды. Олар да соғыс көрген өз азаматтарымыз. Меніңше, бұл заңда барлық ардагерлердің мүддесі барынша қорғалды, - дейді Нұртай Сабильянов.
Бұл пікірді депутат Майра Айсина да қолдайды. Оның айтуынша, «Ардагерлер туралы» заңды қабылдау тым ұзақ уақытқа созылып кеткен. Шет мемлекеттер аумағындағы түрлі әскери іс-қимылдарға қатысқан азаматтар «мемлекет алдындағы парызын орындағаны үшін ардагер санатына енгізілді» деп түсіндірді депутат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Асқар Ниязовтың айтуынша, совет билігі кезінде Ауғанстандағы соғысқа қатысқандар бұған дейінгі заңды бекітілген мәртебе мен әлеуметтік жәрдемге ие болып қалған.
- «Ауған соғысы» ардагерлері 18 мың теңгеге жуық жәрдемақы алады. Соғысқа қатысқан әрі мүгедек болса, оған 21 мың теңге төленеді. Ал жаңадан мәртебе берілгендерге тағайындалатын жәрдемақы көлемі - 13 мың теңге. Ауғанстандағы соғысқа қатысқандар өздеріне берілетін жәрдемақы көлемін Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері алатын 30-40 мың теңгеге теңестіруді сұрады. Біз ол ұсынысты қаржы министрлігіне жібердік. Республикалық бюджет комитетінде ол ұсыныс мемлекеттің мүмкіндігіне байланысты қолдау таппады, - дейді Ниязов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қазір елдеЕкінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 1025 бұрынғы майдангер, соғыс жылдары тылда жұмыс істеген 123 мыңнан астам еңбек ардагері тұрып жатыр. Бұған қоса, совет билігі тұсында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан 21 мыңнан астам азамат, тәжік-ауған шекарасында әскери қызмет атқарған 9 мыңнан аса және Ирактағы бітімгерлік миссиясы операциясына қатысқан 300-ге жуық адам бар.
ПІКІРЛЕР