Accessibility links

Министрлік ҰБТ-да қате сауал болмайтынын айтады


Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын ғимарат алдында. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын ғимарат алдында. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Былтыр ҰБТ-дағы даулы сауалдан зардап шектім» деген студент әділдікке жете алмай жүрмін деп санайды. Ал білім және ғылым министрлігі биыл даулы сауалдар жойылғанын мәлімдеді.

Жыл сайын жазда мектеп бітірушілер жоғары оқу орнына түсу үшін ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсырады. Бұл кезде емтиханға байланысты даулы мәселелер қатарында «тест сауалдары дұрыс болмады» деген уәж де айтылады. Сондай наразылардың бірі – Қарағандыдағы мемлекеттік медицина университетінің студенті Марияш Оңашыбай. «ҰБТ-да әсіресе математика мен биология пәндерінің сұрақтарында қарама-қайшы жауаптар көп болады» дейді 2013 жылы мектеп бітірген бойжеткен.

«БІР СҰРАҚТЫҢ БІРНЕШЕ ЖАУАБЫ БОЛДЫ»

Былтыр Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы Рысқұлов атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» бітірген Марияш Оңашыбай ҰБТ кезінде сол атағын қорғай алмай қалған еді. Ол әсіресе таңдаған пәні «Биологиядан» 2 балл кем алғанына наразы болған.

«Емтиханнан кейін апелляциялық комиссияға барып, биологиядан келген бірнеше сұрақтың логикалық сұрақ екенін, екі сұрақтың бірнеше дұрыс жауабы болғанын айтып, дәлелдеуге тырыстым. Бірақ комиссия бір сұрақтың бірнеше дұрыс жауабы болғанын мойындай тұра балл қосып бермеді» дейді ол.

Марияш Оңашыбай ҰБТ сауалына байланысты наразылығын 2013 жылы маусымның 11-і күні Азаттық радиосында өткен онлайн-конференцияға қатысқан
«Ұлттық тестілеу орталығы» директоры Қали Әбдиев.
«Ұлттық тестілеу орталығы» директоры Қали Әбдиев.
«Ұлттық тестілеу орталығының» директоры Қали Әбдиевке де қойған.

«Қали Әбдиев маған «сіз апелляцияға өтініш берген бесінші сұрағыңыздың жауабы қате» деді. Бірақ ол жердегі сұрақ – «Тіршіліктің қалыптасуының төртінші кезеңінде не болды?» Оқулық бойынша бұл сұрақтың жауабы мезозойға сәйкес келеді. Алайда жауапта мұндай нұсқа мүлдем болған жоқ» дейді ол.

«Ұлттық тестілеу орталығы» директорының жауабына разы болмаған Марияш тиісті мекемелердің бәріне хат жазғанын, бірақ олардан «сіздің сауалыңызды қанағаттандыра алмаймыз» деген жауап алғанын айтады.

«Екі сұрақтың бірнеше дұрыс жауабы болғанын комиссияға дәлелдедім, әлі де дәлелдеп бере аламын. Оған қоса логикалық сұрақ қоятындай биология алгебра емес қой» дейді Марияш Оңашыбай.

Бойжеткен нақты ғылыми тұжырымға сай және өзі оқыған оқулық бойынша сұрақ күткенін, сол бойынша жауап бергенін айтады.

«ҚАТЕ САУАЛДАРДЫ АЛЫП ТАСТАДЫҚ»

ҰБТ-дағы сауалдар мен жауаптарға наразы тек Марияш Оңашыбай ғана емес. Бұл мәселе жыл сайын сөз болады.

Азаттық ҰБТ-дағы даулы тапсырмалар туралы білмек болып, Қазақстан білім және ғылым министрлігіне сауал жолдаған еді. Министрліктен келген жазбаша
Кітап ақттарып, ҰБТ сұрақтарының жауабын іздеп отырған ата-ана. Алматы, 3 маусым 2013 жыл.
Кітап ақттарып, ҰБТ сұрақтарының жауабын іздеп отырған ата-ана. Алматы, 3 маусым 2013 жыл.
жауапта «құрамына ғалымдар, мектеп мұғалімдері, оқулық авторлары, сарапшылар енген екі жұмыс тобы құрылып, 2013 жылғы ҰБТ барысындағы апелляцияның қорытындылары бойынша жұмыс істеп жатқаны» жазылған. Жұмыс топтары 5-11 сынып оқушыларына арналған «Қазақстан тарихы», «География», «Орта ғасырлардағы дүниежүзі тарихы», «Биология» пәндері бойынша оқулықтарды қарастырып, нақты ұсыныстар берген.

Жуықта жергілікті ақпарат сайттарының бірі 2014 жылы маусымның 2-сі мен 9-ы аралығында өтетін ҰБТ сауалдарының жаңартылғанын хабарлады. Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасаған сайттың дерегінше, талапкерлер көп таңдайтын пәндер – «Физика» пәні сауалдарының 35 пайызы, «Биология» сауалдарының 30 пайызы, «География» сұрақтарының 30 пайызы жаңаланған. Үміткерлер аз таңдайтын пәндер – «Ағылшын тілі» сауалдарының 20 пайызы, «Дүниежүзі тарихының» 21 пайызы, «Химия» пәні сұрақтарының 21 пайызы өзгертілген.

Мектеп пен жоғары оқу орындарының 170 мұғалімі (оның 64-і – сұрақ дайындаушы, 106-сы – сарапшы) тест сауалдарын екі қайтара сынақтан өткізгенін айтқан министрлік «ҰБТ-дағы қате сауалдар алынып тасталды» деп мәлімдеді.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, биыл 92 077 мектеп түлегі (63 603-і – қазақша, 28 474-і – орысша) ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Олардың 4491-і – «Алтын белгі» үміткерлері.
XS
SM
MD
LG