Accessibility links

Бәсекелес екі қоғамдық ұйымға түрмеге кіруге тыйым салды


Қазақстандық құқыққорғаушы Елена Семенова.
Қазақстандық құқыққорғаушы Елена Семенова.

Павлодарлық Елена Семенованың үстінен жаңадан пайда болған «бәсекелестері» түсірген талап-арызды қараған сот құқық қорғаушыны қолдады. Бірақ қос ҮЕҰ арасындағы даудың кесірінен екеуіне де облыстағы түрмелерге кіріп, мониторинг жүргізуге рұқсат бермей отыр.

СЕМЕНОВАҒА ҚАРСЫ ТАЛАПТЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРМАДЫ

Өткен аптаның соңында Павлодар қалалық соты Павлодар облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) құрамына жаңа мүшелерді енгізген Елена Семенованың әрекетін заңсыз деп тануды сұраған «Қылмыстық реформа және адам құқығы мониторингі комитеті» қоғамдық бірлестігі төрайымы Светлана Ковлягинаның талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Светлана Ковлягина «комиссия құрамына жаңа мүшелер конкурс жарияланбай енгізілді» деп мәлімдеп, ҚБК жалпы жиналысының тиісті хаттамасын жарамсыз деп тануды талап еткен. Павлодар облыстық ҚБК құрамына жаңа белсенділерді қабылдаған әлгі жиналыс 2015 жылдың 28 шілдесінде өткен.

Бұдан бөлек, Светлана Ковлягинаның айтуынша, «ҚБК жұмысына үш ай бойы қатыспағаны» үшін Наталья Ковлягина мен Федор Фесенко былтырғы жылдың аяғында ҚБК құрамынан шығарылған. Бірақ Светлана Ковлягинаның мәлімдеуінше, Наталья Ковлягина «2015 жылдың 21 қазанында АП-162/2 мекемесіне барып, сотталғандардың арасында сауалнама жүргізген». Ал Семенова «ол – жалған» дейді.

2015 жылдың соңында Павлодар облысында «түрмелердегі жағдайға мониторинг жүргізуді көздейміз» деп мәлімдеген тағы бір қоғамдық ұйым пайда болған еді. Бұл жаңа ұйым – «жаңа ҚБК» құрамына «ескі ҚБК-нан» шығып қалған төрт белсенді кірген. Бір-бірін сырттай қайталайтын мұндай қоғамдық ұйымдардың пайда болуы құбылысы Қазақстанның саяси өмірінде жаңалық емес, мұндай «клондар» әсіресе Алматыда жиі пайда болып, наразылық қозғалыстарын жікке бөлген.

Павлодар түрмесінде отырған туыстарымен кездесуді талап етіп, түрме қақпасы алдында тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)
Павлодар түрмесінде отырған туыстарымен кездесуді талап етіп, түрме қақпасы алдында тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Светлана Ковлягинаның жазуынша, әлгі «жаңа ҚБК» «жауапкер Е.А.Семенова төрағалық ететін ҚБК-ның қызметі сот арқылы заңсыз деп танылмайынша, өз қызметіне кірісе алмай отыр».

Елена Семенова «бәсекелес ұйымның» пайда болуына және оның «ескі ҚБК-ны» ығыстыруға тырысқан әрекетіне қарымта жауап қайтарған. Светлана Ковлягинаның талап-арызына қатысты пікірінде Елена Семенова «талап-арыз дұрыс емес – жауапкер де, талапкер де дұрыс көрсетілмеген» деп жазған. Семенованың айтуынша, ҚБК-ның бұрынғы мүшесі Наталья Ковлягина 2015 жылдың 21 қазанында түрмеге «ҚБК мүшесі ретінде емес, жобаға сәйкес... президент жанындағы адам құқығы уәкілінің мақұлдауымен» барып, тұтқындар арасында сауалнама жүргізген.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Елена Семенова сот шешіміне риза екенін айтқанымен, Светлана Ковлягина сот шешіміне қатысты шағымданатын шығар деп болжайды. Ал Светлана Ковлягинамен хабарласудың сәті түспеді. Светлана Ковлягинаның талап-арызында көрсетілген қалалық телефоны тұтқасын өзін Наталья Ковлягина деп таныстырған әйел көтерді. «Жаңа ҚБК-ның» басшысы да осы кісі. Бірақ Наталья Ковлягина журналистің сұрақтарына жауап беруден де, сот шешіміне қатысты комментарий айтудан да бас тартты.

ҮШІНШІ ТҰЛҒА КІМ ЖАҒЫНДА?

Бір қызығы, «ескі ҚБК» басшысының үстінен түскен талап-арызды қараған сотқа бұл даулы мәселе құжаттарында ресми көрсетілмеген үшінші тұлға қатысқан. Ол «үшінші тұлға» – Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД).

ҚАЖД бастығы Ерсайын Нұртазинов Светлана Ковлягинаның сотқа жазған талап-арызын толық қолдаған. Бірақ сот істі талапкердің де, «үшінші тұлғаның» да емес, азаматтық белсенді Елена Семенованың пайдасына шешті.

Павлодар қаласындағы тергеу абақтысының сыртқы көрінісі. (Көрнекі сурет.)
Павлодар қаласындағы тергеу абақтысының сыртқы көрінісі. (Көрнекі сурет.)

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы Борис Гаврилюктің айтуынша, заң бойынша «үшінші тұлға» сот шешіміне қатысты шағымдана алмайды. Бірақ бұған қарамастан, көптен бері құқық қорғаушы Елена Семенованы түрмеге кіргізбеуге тырысып келген жергілікті ҚАЖД-ның әрекеті ақыры нәтижелі болды. Аймақтық түрме басшылары Семенованы құқық қорғау қызметінен «айыруға» бұрын да талай тырысқан. Былтыр аймақтық ҚАЖД тұтқындардың құқығын қорғаумен танылған Елена Семенованың үстінен «жала жапты» деген арыз түсіріп, бірақ қозғалған қылмыстық іс жыл аяғында жабылған.

Былтыр желтоқсанда ҚБК-ға бәсекелес ұйым пайда болуына байланысты Елена Семенова мен ол басқаратын ұйымның түрмелерге кіруіне тыйым салынған. Бірақ, «жаңа ҚБК-ға» да түрмеге кіруге рұқсат бермеді. Семенова «екі ұйымның біреуі қалғанша осылай жалғаса беретін шығар» деп топшылайды.

Павлодар облысы қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) төрайымы Елена Семенова Қазақстанның демократиялық күштері саяси тұтқын деп таныған диссидент ақын Арон Атабек сияқты тұтқындардың құқығын қорғаумен айналысады. Кей тұтқындар жұмбақ жағдайда қаза тапқаннан кейін әрі тұтқындардың қатігездікке қатысты шағымдарына байланысты Павлодар облысындағы түрмелердің жаман аты жайылған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG