Жұмыстан шығып қалған электрик Петр Генералов қайтадан жұмысқа қабылданды. Ол жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығару кезінде «кәсіби деңгейлігінің төмендігіне байланысты» аттестациядан өтпей қалған еді. Петр Генераловтың айтуынша, облыс әкімдігі мен завод басшыларының кездесуінен соң кадр бөлімі үйіне телефон шалып, жұмысқа оралуын сұраған.
«ЕМДЕЛУГЕ УАҚЫТ ТАБЫЛДЫ»
Ол еңбек кітапшасын кадр бөліміне тапсырған соң операциядан кейінгі емделуін жалғастырған. Бұған дейін операция жасатуға уақыты болмаған көрінеді. Жұмыстан босап қалған ыңғайлы сәтті пайдаланып, дәрігерге қаралып, операция жасатқан екен.
– Ауруханада жатқанда, одан кейін үйде отырғанда өмір жайлы, адамдар туралы көп ойларым өзгерді. Бір жағынан бұл қайта ойлануға уақытым да болды. Емделіп жатқанда Жаңазендегі қанды оқиға туралы естідім, – дейді ол.
«Телеарналардан берген ақпарат бойынша Жаңаөзенде жастардың көтерілгенін, соңынан президент жергілікті әкімді қызметтен алып тастағанын білдім» дей келе:
Шынында да, бір нәубат төнбейінше, адамдар құдайын ұмытып кетеді екен-ау деп ойладым.
– Дәл осы кезде әріптестерімнен біздің облыс әкімдігі жұмыссыз қалған жұмысшылар үшін завод басшыларымен қызыл кеңірдек болғанын естідім. Шынында да, бір нәубат төнбейінше, адамдар құдайын ұмытып кетеді екен-ау деп ойладым, – дейді Петр Генералов.
Қазір ол қайтадан жұмысқа шыққан. Әзірше ешкім оған «аттестациядан қайта өт» деген жоқ. Бірақ ертеңгі күні жұмысшылар «білмей қалдым, естіген жоқпын, айтылмады» демес үшін, завод басшылығы аттестацияны өткізетінге ұқсайды.
– Маған арнайы нұсқаудың қажеті де жоқ, себебі өзіме тиесілі нұсқауды онсыз да жатқа білемін. Бірақ завод басшылары мұнан былай еңбек тәртібі бұрынғыдан да қатаң болатынын ескертті. Жұмыс кезінде темекі тартуға, ұялы телефонмен сөйлесуге тыйым салынды. Бұл үшін жұмысшы бірден жұмыстан шығарылатын болады. Демек жұмыстан шығару үшін аттестациядан өткізудің де қажеті болмайды деген сөз. Кремер мырза біресе учаскелік мастерді, біресе цех бастығын жиі-жиі жиынға шақырып жатыр. Соған қарағанда, наурыз айына қарай мұнда бір түбегейлі өзгеріс болатынға ұқсайды, – дейді Петр Генералов.
МЕТАЛЛУРГТЕРДІҢ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫЛУЫ
Павлодардағы KSP steel металлургия заводы 2011 жылы желтоқсан айының басында жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығарған еді. Ол кезде Жаңаөзен оқиғасы әлі болмаған.
«Электронный город» сайты жазғандай, 5-16 желтоқсан аралығында «дирекция арнайы жүргізілген аттестация қорытындысы бойынша 400 жұмысшыны жұмыстан шығарған».
Ол заводта түрлі өнеркәсіптік құбырлар, оның ішінде мұнай құбырлары, құрал-жабдықтар жасалады.
Жұмысшылар бірден облыстық еңбекпен қамту департаментіне шағымданған. Олар завод басшыларының еңбек кодексінде көрсетілгендей, бір ай бұрын ескертпестен, аяқ астынан сынақ алғанын айтады. Сынақ соңынан олардың жұмыстан шығарылатыны туралы хабарлама таратқан. Ол хабарлама бойынша, жұмысшы жұмыстан «өз еркімен кететіні» туралы арыз жазуға мәжбүрлеген. Егер ол өз еркімен кетпейтін болса, зауыт басшылары еңбек кітапшасына «кәсіби жарамсыз» деп жазатынын айтқан.
Жұмысшылардың айтуынша, компания басшылары оларды «жұмыстан кету туралы хабарламаға қол қойғанша жұмыс орындарынан шығармаған, сырттарынан кілттеп, жауып, қамап тастаған». Ал кейбір жұмысшыларды жұмысқа кіргізбеу үшін жұмысқа кіретін рұқсат қағазын жұмыс күнінің соңында алып қалып, қайтармаған.
21 ЖЕЛТОҚСАН КҮНГІ «ТАТУЛАСУ»
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың 21 желтоқсан күні KSP steel компаниясының басшылары мен жұмысшылары қатысқан жиын өткізгені туралы жергілікті «Новое время» газеті жариялады. Жергілікті басылымның хабарлауынша, кездесу барысында завод басшыларына талап қатал қойылған. Олардан жүргізілген аттестация және оның қорытындысын заңсыз деп тану туралы шешім қабылдау талап етілген.
Директордың айтуынша, соңғы кездері жұмысшылардың кейбірі жұмыс орындарында ұйықтап қалған жағдайлар болған.
Бұл жағдайды егжейлі-тегжейлі жеткізген жергілікті басылым «завод директорының жұмысшылар тарапынан қойылған шарттармен келіскісі келмегенін» жазады. Директордың айтуынша, соңғы кездері жұмысшылардың кейбірі жұмыс орындарында ұйықтап қалған жағдайлар болған. «Осының кесірінен қымбат жабдықтар бұзылып, шығарылған өнімдер сапасыз болып, сатып алушылар сапасыз өнімдерден бас тартқан» дейді директор.
Ұзаққа созылған талас-тартыстан соң жұмысшылар мен завод басшылары өзара меморандумға қол қойды. Бұл меморандум бойынша, «аттестациядан өтпеген» жұмысшыларды жұмыстан шығару туралы бұйрықтар жойылып, жұмысшылар бұрынғы жалақысымен өздерінің жұмыс орындарына қайта қабылданды.
KSP steel компаниясының басшылығы меморандумға қол қойылғаннан екі ай уақыт өткенде жұмысшылар арасында екінші қайтара аттестация өткізбек. «Комиссияның құрамында жұмысшылар ұжымының өкілдері міндетті түрде болады» деп жазылған екі тарап жасаған келісімде.