Accessibility links

«Балы тәтті араның бейнеті ащы болып барады» дейді омарташылар


«Орта Тентек» ара шаруа қожалығының басшысы Владимир Юндт. Алматы облысы, 4 шілде 2011 жыл.
«Орта Тентек» ара шаруа қожалығының басшысы Владимир Юндт. Алматы облысы, 4 шілде 2011 жыл.

Алматы облысындағы фермерлер ара шаруашылығы туралы заңның орындалмайтынын айтып шағымданады. «Мұны реттейтін мемлекеттік атқарушы орган да жоқтың қасы. Сондықтан ара бағу қиындап кетті» дейді омарташылар.


Азаттық радиосының тілшісі ара тұқымын жетілдіру ісімен айналысатын Владимир Юндтың «Орта Тентек» шаруашылығына барып қайтқан еді. Бұл ферма Жоңғар Алатау шатқалында орналасқан. Ол жаққа бару үшін әуелі облыс орталығы Талдықорғаннан Қабанбай ауылына жету керек. Бұған көлікпен жүргенде шамамен төрт сағат кетеді. Содан кейін Көкжар деген шағын ауылға бару керек. Айтпақшы, жолдың жамандығын алға тартып, таксистер бұл маңға бара бермейді. Бірақ ақысын жақсы төлесе, келісетіндер де жоқ емес.

ОМАРТАҒА БАРАР ЖОЛ

Азаттық тілшісін Көкжар ауылында Владимир Юндтың балаларының бірі – Артур күтіп алды. Оның «УАЗ» маркалы көлігімен тау соқпағын өрлей-өрлей, екі сағаттың ішінде фермаға да жеттік. Жолдың нашарлығынан көлік біресе оң жаққа, біресе сол жаққа теңселіп әрең шыққан еді. Ал төменде Тентек өзенінің сарыны естіліп тұрды. Мұндай
Омарта. Алматы облысы, 4 шілде 2011 жыл.

жолдан мақала авторының жүрегі тас төбесіне шықты. Көлік міне-міне төмен жаққа ылдилап құлайтын секілді боп көрінді.

«Орта Тентек» шаруа қожалығының басшысы Владимир Юндт – екінші топтағы мүгедек.

– Мұндай сүйікті ісім, әрі дертке дауа ара өнімдері болмағанда баяғыда-ақ өлетін едім, – деп қояды омарташы.

Оның фермасы – ара тұқымын жетілдірумен шұғылданатын Алматы облысындағы жалғыз шаруашылық екен. Соңғы бес жылдан бері мұнда Украинадан әкелінген араның Карпат тұқымы өсіріледі. Алайда омарташы араның мұндай «асыл» түрін көбейту ара шаруашылығы туралы заңның орындалмауына байланысты барған сайын қиындап бара жатқанына қынжылады.

АРА «ШАЙҚАСЫ»

Владимир Юндтың айтуынша, Карпат аралары өте сирек ауырады және мүлде шақпайды десе де болады екен. Мұндай араның бір омартасы маусымына 50 килограмға дейін бал береді екен.

– Бізде ара шаруашылығы туралы заң жұмыс істемейді. Заң бойынша, бізге аралық аймақ жасап беруі тиіс. Бұл аймақтағы омарталардың арасы жеті
«Орта Тентек» шаруа қожалығының басшысы Владимир Юндтың ұлдары омартада жүр. Алматы облысы, 4 шілде 2011 жыл.

шақырым болады. Тек осылайша ғана Карпат арасын араның басқа түрлерінен қорғай аламыз, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Владимир Юндтың айтуынша, іс жүзінде бұл мүмкін емес. Жергілікті ара түрін өсіретін омарташылар қайда қоныстанғысы келсе, сонда қоныстана салады. Немесе қай жерден жалға жер алса, сонда тұрақтап қалады. Осының салдарынан Карпат арасы жергілікті ара түрлерімен будандастырылып, араласады деп шағымданады омарташы. Оның айтуынша, Карпат араларының аталығы жергілікті аралармен шайқаса алмайтын көрінеді. «Сондықтан араның асыл тұқымын алу өте қиын» дейді омарташы.

– Жоңғар Алатауы бөктері араға аса қолайлы, азыққа бай мекен. Мұнда шөптің түр-түрлері кездеседі, – дейді Владимир Юндт.

АРА – «АРТЫҚ» ШАРУАШЫЛЫҚ

Арғы аталарынан бері ара шаруашылығымен айналысатын омарташы бұл маңдағы жолды жөндесе, бизнесті оңалтып әкетуге болады дейді. Владимир талай мәрте бұл өлкені дамытудың бизнес жоспарын жасап, билікке бал шығаратын кәсіпорын ашу туралы да ұсыныс жасаған екен.

– Мұнда көп жұмыс орнын ашуға болатын еді. Бірақ бұл ешкімге керек емес. Облысымызда тіпті ара шаруашылығымен жеке айналысатын атқарушы орган да жоқ, – дейді Владимир Юндт.

Ара шаруашылығы туралы заңда «ара өсіру – ауыл шаруашылығының бір саласы, оны арнайы мемлекеттік атқарушы орган реттеуі тиіс» деп жазылған. Алайда Азаттық тілшісі хабарласқан жергілікті шенеуніктердің ешқайсысы омарта туралы айтқысы да келмеді.

– Біз ара шаруашылығымен де, балық шаруашылығымен де айналысып отырған жоқпыз. Бұл екеуі де ауыл шаруашылығына тиесілі емес, – дейді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сәрсенғали Әжібаев.

Омарташылар қауымдастығының Талдықорған қалалық бөлімінің өкілі Александр Долголевтің айтуынша, Қазақстанда ара шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмегендіктен, бұл сала өте баяу дамып
Омарташылар қауымдастығының өкілі Александр Долголев. Алматы облысы, 4 шілде 2011 жыл.

келеді. Онда да санаулы адамның арқасында ғана.

Қауымдастық өкілінің айтуынша, бұл маңда жол да нашар, жұмысшылар кей кездері бастарын қауіпке тігіп, әзер жетеді. Оған қоса, өте сирек ауырса да, араны емдеу мәселесі де дұрыс шешілмеген.

«АРА ЖОЙЫЛЫП КЕТСЕ, АДАМЗАТҚА ДА ҚАУІП ТӨНЕДІ»

Әлем экологтары жер бетіндегі араның қоныстану аймағы тарылғанын айтып, көптен бері дабыл қағып келеді. Мысалы, ағылшын мамандары 2009 жылы қаңтар айында ел парламентін, сол кездегі премьер-министр Гордон Браунның резиденциясын қоршап алып, түрлі аурудан қырылып бара жатқан араны аман алып қалу үшін қаржы бөлуді талап еткен.

Батыс ақпарат құралдары АҚШ-та да жағдай мәз емес екенін жазады. Америкалық басылымдар жыл сайын ара ұяларының 30-90 пайызы жойылатынын айтады.

Еуропа ғалымдары еңбекқор аралардың өліміне Азиядан Еуропаға жүкпен жеткен Varroa атты кене себеп болады дейді.

Ара омартасына байқатпай шоғырланып алатын, тұрқы екі милиметрлік мұндай паразит ара мен оның тұқымдарын әбден жайратып салғаннан кейін ғана, тым кеш байқалады екен.

Неміс ғалымдары «ұялы телефон мен түрлі қабылдағыш құрылғылардан шығатын сәуле араның бағыт айқындау жүйесін әлсіретеді» дейді. Сондықтан ара өз ұясын таба алмай, адасып өледі екен.

Мамандар арасында араның жойылуына қатысты тағы да болжам бар. АҚШ сарапшыларының пікірінше, ауыл шаруашылығында қолданылатын түрлі улы тыңайтқыштар араның иммунитетін төмендетіп, ақыры жояды. Ғалымдар мұны Colony Collapse Disorder («ара ұяларын жойғыштар») деп атаған. Оның «ара тұмауы» атты бейресми атауы да бар.

Мамандардың пікірі «араның жаппай өлуі көптеген өсімдікттің жойылуына душар етеді» деген ортақ тұжырымға тоқайласады. Себебі өсімдік атаулының 20 пайызын жабайы ара, 80 пайызын бал арасы тозаңдандырады. «Ара жойылып кетсе, адамзатқа да қауіп төнеді» дейді ғалымдар.
XS
SM
MD
LG