Қырғызстан консулдығы ғимаратына кіргізуден бас тартқандықтан, Азаттық тілшісі дауыс беруге келген Қырғызстан азаматтарымен және бақылаушылармен ғимарат сыртында, көше бойында сөйлесті.
Консулдықтағы сайлауды бақылауға Қырғызстанның төрт саяси партиясының өкілдері келген екен. Олар өздерін осы сайлауда президенттікке үміткер ретінде түскен Адахан Мадумаровтың, Сооронбай Жээнбековтің, Омурбек Бабановтың өкілдеріміз деп таныстырды.
Енді бірі өзін Қырғызстанның бұл сайлауға байкот жариялаған Омурбек Текебаев басқаратын «Ата мекен» партиясының өкілімін деп таныстырды. Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың бұрынғы серігі, "Атамекен" оппозициялық партиясының лидері Омурбек Текебаев тамыз айында коррупциялық айыптармен сегіз жылға сотталып кеткен. Оның өзі айыптарды жоққа шығарған.
Бақылаушылардың бәрі «Қазақстанда жұмыс істейтінін, нақты бір партияға мүше болмаса да сол партияның атынан бақылаушы болып келіп тұрған Қырғызстан азаматтары екенін» айтты. Олардың сөзінше сайлауды бақылауға үкіметтік емес бірнеше ұйым келген, Қазақстаннан бақылаушылар жоқ.
Қырғызстан президенттігіне кандидат ретінде Омурбек Бабановты ұсынған республикалық «Ата жұрт» партиясының өкілі Әбдібек Жәлеловтің, Сооронбай Жээнбековті ұсынған Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (СДПК) өкілі Стамәли Зайырбектің , Адахан Мадумаровты ұсынған «Бүтүн Кыргызстан» партиясының бақылаушылары Қанат Момыкеев пен Алдияр Маматов айтуынша, «әзірге сайлау процесінде заң бұзушылық байқалмаған».
Бұл сайлауға байкот жариялаған «Атамекен» партиясының өкілі, Қырғызстан азаматы Айбек Тұрдыбаев өзін «бейтарап бақылаушы» ретінде сипаттады. Ол оны «сайлау алдында саяси қысым жасалды, президенттіктен негізгі үміткер, «Атамекен» партиясының төрағасы Омурбек Текебаевты қырғыз билігінің саяси тапсырысымен қамауға алып, сегіз жылға соттатқанымен» байланыстырды.
«Сайлауға үміткерлері қатысып отырған қазіргі Қырғызстан саяси партиялары арасында шынайы оппозиция өкілдері жоқ» деген ол «әзірге қандай да бір заң бұзушылықтар болмағанын», «консулдық жұмысты дұрыс ұйымдастырған деп бағалайтынын» білдірді. Оның айтуынша, «консулдықта дауыс бере алады деп тіркелген адамдар саны мың елу тоғыз адам болған».
- Бірақ Алматыда заңды және заңсыз жолмен жұмыс істейтін Қырғызстан азаматтары 10 мыңнан асуы мүмкін. Ол азаматтардың да дауысы маңызды рөл атқаратын еді, - дейді Айбек Тұрдыбаев.
Азаттық тілшісі консулдық алдында бірнеше сағат тұрғанда дауыс беріп шыққандарды да, дауыс беруге келсе де тізімнен аты-жөнін таба алмай қайтқан қырғыз азаматтарын да көрді.
«Атамекен» (Омурбек Текебаев) партиясының өкілі Айбек Тұрдыбаев бүгінгі сайлауда жоғарыда аталған «үш партия арасында тартыс болуы мүмкін» деп болжады. Консулдық алдында дауыс берушілер арасында сұрау салып, қай үміткердің жоғары дауыс жинай бастағанын зерттеп жүрген ешкім байқалмады.
Азаттық тілшісімен сөйлескен саяси партиялардың бақылаушылары мен дауыс беруші Қырғызстан азаматтары соңғы кезде «Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында бақылау-тексерудің күшейгеніне алаңдайтындықтарын» айтуға тырысты.
«Көршілес екі мемлекет тату тұруы тиіс» деп санайтынын білдірген олар «кейбір саяси мәселелер екі жақты қарым-қатынастарға көлеңке түсірмеуі керек» деген пікірлерін білдірді.
Қырғызстандағы президент сайлауына 10 кандидат түсті. Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы жариялаған алдын-ала нәтижелер бойынша, 1 482 891 сайлаушының дауысы есептеліп болды. Ресми ақпаратқа сәйкес кандидаттардың ішінде ең көп дауыс жинаған төрттікті 54,04 пайыз қолдауға ие болған Сооронбай Жээнбеков бастап тұр. Екінші орында - сайлаушылардың 33,65 пайыз дауысын алған Өмірбек Бабанов. Оппозициялық саясаткер Адахан Мадумаров - 6,54 пайыз көрсеткішпен үшінші орында. Төртінші нәтиже иеленген Темир Сариевтің еншісінде 2,5 пайыз дауыс бар. Мадумаровтан басқа қалған үш кандидат кезінде премьер-министр қызметін атқарған.
Оқи отырыңыз: Қырғызстанда президент сайлауы өтті
Сайлау алдында Қырғызстанның кетіп бара жатқан президенті Алмазбек Атамбаев «Қазақстан билігі елдегі сайлауға ықпал етуге тырысып жатыр» деп мәлімдеп, Қазақстан билігін сынаған еді.
ВИДЕО: Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған сөзі (8 қазан 2017 жыл):
Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан билігіне қарсы Атамбаевтың мәлімдемелерін «жауапсыздық» деп атап, қырғыз президентінің «сайлау қарсаңында жасаған» мәлімдемелері «екі елдің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығына сызат түсірмеуі керек» деп мәлімдеген. Сағынтаев Қырғызстанның авто және теміржолдары Қазақстан арқылы өтетінін айтып, осы уақытқа дейін Қазақстан оларды жаппағанын ескерткен.
Атамбаевтың Қазақстан билігіне қарсы мәлімдемелерінен кейін, яғни осы аптаның басында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өткізу пункттерінде ұзын сонар кезек пайда болып, екі елдің азаматтарына шекарадан Қазақстанға өту қиындады. Шекарадағы тексеру амалдарын Қазақстан күшейткен.
Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасына барған тілшінің көргені
Қырғызстандағы президент сайлауы қазанның 15-і күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат сегізде басталып, кешкі сағат сегізде аяқталды.