Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысы Кубодиян ауданында тұратын бір топ бойжеткен жергілікті билікке Тәжікстан қарулы күштерінде қызмет еткісі келетіндерін білдірді.
Қыздар бұл ұсыныстарын жергілікті билік өкілдеріне тамыздың 5-і күні өткен Кубодиян ауданы белсенділерінің отырысында айтқан.
Отырыста сөйлеген Кубодиян ауданының 18 жастағы тұрғыны Дилноза Кәрімова әскерге барғысы келетінін мәлімдеген. Оның айтуынша, «тоғыз бойжеткен өзара ақылдасып, егер аудан билігі қолдаса, әскери қызметтің ауыртпалығы мен қиындығын көтеруге әзірміз» деп келіскен.
Азаттық тілшісімен әңгімелескен Дилноза «Әскерде қызмет еткім келеді, туған өлкемді қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерлермен бірге үлес қосқым келеді. Сондықтан осындай ұсыныс жасадым. Армияда жақсы жағдай жасалған деп естідім» дейді.
Кубодиян ауданының әйелдер және отбасы істері бөлімінің өкілдері қыздардың бұл ұсынысы оларға «күтпеген жаңалық болғанын» айтады. Олар қыздардың өтінішін қабылдап, Хатлон облыстық әскери комиссариатына жолдаған. Тәжікстан заңы бойынша әскери салада жұмыс істейтін әйелдерден басқа қыз-келіншектер әскери борыштан босатылған.
Азаттық тілшісіне Кубодиян ауданы төрағасы Садулло Бекназаров қыздардың бастамасын қолдайтынын айтты. Ол «бірақ оларды әскери қызметке емес, әскери бөлімдердегі сарбаздарға жәрдем көрсету үшін армияға алуға болады» дейді.
Оның айтуынша, әскерге барғысы келетін 10 бойжеткен әскерге шақырылған жағдайда әуелі бір айлық дайындық курсына жіберіледі. Ол «Орта мектепті бітірген қыздар әскери бөлімдерде жұмыс істей алады. Олардың міндетті түрде сарбаз болуы шарт емес, әскери форма киіп, асханадағы міндеттерді атқарса болғаны». Ол «қыздардың мына бастамасынан кейін әскерге барудан қашатын жігіттер азаятын шығар, жалпы жаман ұсыныс емес» дейді.
Хатлон облысының әскери комиссары Нұрәлі Факиров «Қыздардан мұндай ұсыныс бірінші рет түсіп отыр. Заң бойынша олар әскерге алынбайды. Бірақ училище немесе коллеж бітірген соң әскери бөлімдерде жұмыс істей алады. Ал шындығында, жігіттерден де батыл қыздар бар. Олардың армияда қызмет етулеріне болады» дейді.
Әйел және отбасы істері жөніндегі бөлім төрайымы Сбоахат Мухиддинованың пікірінше, «жұмыс орындары жетіспей жатқан кезде қыздарды әскери бөлімдерге қызметке алса, олардың нәпақа табуына мүмкіндік туады».
Қыздардың ата-аналары олардың ақша табуына қарсы бола қоймайды. Тошгүл Махмадалиева бұл ұсынысты онша құптамаса да, отбасының экономикалық проблемаларын шешу үшін әскерге баруға келісуі мүмкін. Ол «егер әскери бөлімдерде басқа қыздар жұмыс істесе, мен де келісер едім. Біздің қышлақ қыздары бұрын әскерге барған емес, бірақ отан алдындағы парызын орындауына қарсы болмаймыз» дейді.
Кубодиян ауданында тұратын 80 мыңнан аса қыз-келіншектің негізгі проблемасы - жұмыссыздық. Олар көбінесе ауыл шаруашылығы егістіктерінде маусымдық жұмыспен айналысады, бірақ жалақысы жартымды жұмыс таба алмайды.
Тәжікстанда екі мыңдай әйел құқық қорғау органдары мен қарулы күштер бөлімшелерінде жұмыс істейді.
Тәжікстанның шекара әскерінің құрылғанына 20 жыл толуына орай Душанбеде өткен әскери парадқа Тәжікстанның шекара әскерлері мен өзге де жасақтарында қызмет ететін 300-ден аса әйел қатысты.
(Материал Азаттықтың Тәжік қызметі сайтынан алынған).