Accessibility links

Судья Өтемісованың соты басталды


Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісова. Сурет 11 шілде 2013 жылы түсірілген.
Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісова. Сурет 11 шілде 2013 жылы түсірілген.

«Кісі өлтіруге тапсырыс берушінің» ісі мен «бизнестегі рейдерлік» шуының ортасында қалған судьяның өзінің істі болуы Қазақстандағы сот тәуелсіздігі мәселесіне жаңаша назар аударды.

Азаттықтың түрлі даулы қылмыстық істер туралы жазған материалдарында бас кейіпкерлердің бірі ретінде аты аталып, құқық қорғаушылар мен қарапайым азаматтардың наразылығын тудырған үкім шығарып жүрген қазақстандық судьялардың бірі – Күлпәш Өтемісованың өзі енді айыпталушы ретінде сотқа тартылып жатыр.

Наурыздың 26-сы күні Алматының Алмалы аудандық сотында Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісованың ісі қарала бастайды. Оған «әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін шығару» бабы бойынша айып тағылған. Соңғы қылмыстық істі қарау кезінде судья Өтемісова өзіне билік тарапынан қысым жасалғанына меңзеген болатын. Айыбы дәлелденсе, Өтемісова 2-7 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оны ісін судья Гүлшаһар Шыныбекова қарайды. Қазақстандық құқық қорғаушылар көп жағдайда тәуелсіздігіне күмән келтіретін жергілікті судьялардың кәсіби қызметіне қатысты қылмыстық жауапқа тартылуы – сирек болатын оқиға.

ДАУЛЫ ІС

Судья Күлпәш Өтемісованың қамалуына ресейлік кәсіпкер Александр Сутягинскийдің ісі түрткі болған. «Өзінің әріптесі Михаил Гаркушкинді өлтіруге тапсырыс берді» және «қару мен оқ-дәрі заңсыз сақтады» деп айыпталған Сутягинскийді Алматының мамандандырылған ауданаралық соты 2013 жылғы наурызда 12 жылға соттаған. Тергеу материалдарына сәйкес «Сутягинскийден Гаркушкинді өлтіруге тапсырыс алған адам тапсырысты орындамаған күйі қастандық туралы жоспарды полицияға өзі жария еткен» болып сипатталады.

Кәсіпкердің ісін апелляциялық деңгейде қайта қараған судья Өтемісова 2013 жылғы тамызда бастапқы жазаны жұмсартқан еді. Ол Сутягинскийге тағылған «пайда табу мақсатымен адам өлтіруге тапсырыс беру» айыбын «адам өлтіруге тапсырыс
Қамаудағы судья Күлпәш Өтемісоваға бостандық беруді талап етіп Алматы қалалық соты алдында пикетте тұрғандар. 17 қыркүйек 2013 жыл.
Қамаудағы судья Күлпәш Өтемісоваға бостандық беруді талап етіп Алматы қалалық соты алдында пикетте тұрғандар. 17 қыркүйек 2013 жыл.
беру» айыбымен алмастырып, жазасын 6 жыл шартты жаза етіп жеңілдетіп, айыпталушыны қамаудан сот залында босатып жіберген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бостандыққа шыққан соң кәсіпкер қашып үлгерген.

Сол тамыз айында кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның шартты мерзім туралы қаулысының күшін жойып, бастапқы үкімді қайта қалпына келтірген. Ал 2013 жылғы қыркүйекте «әділетсіз үкім шығарғаны үшін» 56 жастағы судья Күлпәш Өтемісова қамауға алынған болатын.

Кейбір ресейлік БАҚ Қазақстанда металлургиялық кремний өндіретін ресейлік және германиялық инвесторлар құрған «Силициум Казахстан» зауытының (ресейлік «Титан» компаниясына қарайды) бұрынғы басшысы омбылық кәсіпкер Александр Сутягинскийді рейдерліктің құрбаны деп сипаттайды. Қазақстан билігі «банк несиесін қайтара алмай, өндірісті тоқтатуға мәжбүр болған «Силициумды» жекеменшік иелікте қалдыра отырып, құтқарып алатынын» мәлімдеген. Ресейлік БАҚ Александр Сутягинскийге «әріптесі Михаил Гаркушкинді өлтірмек болып тапсырыс берді» деген айып тағылмай тұрып 2012 жылы Гаркушкин «заңсыз түрде зауыттың меншік иесін өзгертпек болды», ал Сутягинский «бұл алаяқтық туралы дер кезінде біліп қалып болдыртпай тастады» деп жазады. Михаил Гаркушкинді 2013 жылғы шілдеде Алматының қаржы полициясы «рейдерлік жасау» туралы мәлімдемелерді тексеру үшін қамағанымен, қазақстандық кәсіпкер 3 тәуліктен соң босатылған болатын.

Ал 2013 жылғы наурызда «Гаркушкинді өлтіруге тапсырыс берді» деген айыппен 12
Солдан оңға: Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Тайыр Мансұров, кәсіпкер Александр Сутягинский және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Биохим» зауытының ашылуы кезінде. Петропавловск, қыркүйек, 2006 жыл.
Солдан оңға: Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Тайыр Мансұров, кәсіпкер Александр Сутягинский және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Биохим» зауытының ашылуы кезінде. Петропавловск, қыркүйек, 2006 жыл.
жылға сотталған Сутягинскийдің апелляциялық шағымын сол жылғы тамызда Алматы қалалық сотының судьясы Күлпәш Өтемісова қараған. Жергілікті «Время» газетінің жазуынша, Өтемісова айыпталушы Сутягинскийге тағылған айыптарға қатысты дәлел ретінде келтірілген тергеу материалдарын толық зерттеуге әлдекімдердің мұрша бермегеніне налыған. Судья сот залында «эмоцияға ерік беріп, көзіне жас алып», өзіне «басшылық тарапынан қысым жасалғанына» меңзеген. Судья айыпталушының жазасын 6 жыл шартты етіп өзгертіп сот залынан босатқан.

Бір аптадан соң Алматы қалалық сотының кассациялық коллегиясы судья Өтемісованың шешімін заңсыз деп танып, әуелгі үкімді қалпына келтірген. Ал былтырғы қыркүйекте «әділетсіз үкім шығарды» деген айып тағылған Күлпәш Өтемісованың өзі қамауға алынған. Сутягинскийдің ісі туралы үзбей жазған кейбір жергілікті БАҚ Өтемісова туралы материалдарында судьяны «пайда табу үшін кісі өлтіруге тапсырыс беру» айыбы былай тұрсын, өзі жеңілдеткен «кісі өлтіруді ұйымдастыру» айыбы бойынша да тым жұмсақ үкім шығарды» деп жазғырады.

«СУДЬЯЛАРДЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ – БОС СӨЗ»

Ал қорғау тарабы Күлпәш Өтемісованың үстінен қозғалған қылмыстық істі «заңсыз» деп есептейді. Айыпталушының адвокаты Владимир Поповтың айтуынша, Қазақстанда сот үкімдері мен шешімдері жиі өзгертіліп, күші жойылып жатады. Бірақ адвокаттың тәжірибесінде судьялардың ешқайсысы кәсіби қызметі үшін бұлайша жазаланып көрмеген.

«Егер судья заңды және өзінің жеке пікірін басшылыққа ала отырып үкім шығарса,
Күлпәш Өтемісованың адвокаты Владимир Попов.
Күлпәш Өтемісованың адвокаты Владимир Попов.
қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Өтемісова да солай жасаған. Бірақ оған қатысты жеке сот қаулысы шықты. Оған қаулының үстінен жоғарғы сотқа шағым жасауға мүмкіндік бермеді. Оның конституциялық құқығын бұзды. Қылмыстық істі заңсыз қозғады, судья қызметінен заңды бұзып босатты» деді Попов Азаттық тілшісіне.

Адвокат Попов Өтемісова ісінде өрескел заңбұзушылықтар өте көп екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда тергеу кезінде қорғау тарабының дәлелдері есепке алынбай, қылмыстық процессуалдық нормалар бұзылған. Алдын-ала тыңдау кезінде мұның бәрі ескерілер деп үміттенгенмен қорғаушы тараптың үміті ақталмаған.

«Білесіз бе, менің пайымдауымша, бұл барлық судьялар үшін жасалып жатқан көрнекі сабақ. Яғни, жоғары жақты тыңдамасаң, міне осылайша жазаланасың дегенді көрсеткісі келеді. Судьялардың тәуелсіздігі туралы айту бос сөз. Ол (Өтемісова – ред.) Сутягинскийге үкім шығарар кезде сот басшылығының тапсырмасын орындамады. Оларға қажет үкімді шығарған жоқ. Сондықтан оны сүріндіріп, өздеріне қажет үкім шығарды» дейді Попов.

Өтемісованы тергеу кезінде қорғаған адвокат Серік Сәрсенов те істің заңсыз қозғалғанын алға тартады.
Адвокат Серік Сәрсенов.
Адвокат Серік Сәрсенов.
«Оған заңсыз айып тағылды. Қаулыда оның қылмыстық әрекеттері көрсетілмеген. Қылмыстың субъективтік белгілері түсіндірілмеген» дейді Сәрсенов Азаттық тілшісіне.

Қорғау тарабы істің ашық өткенін қалап отыр. Адвокат Попов алғашқы сот процесінде соттан БАҚ-тың қатысуына рұқсат сұрайтынын айтты.

Күлпәш Өтемісова 1997 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Алматы қалалық сотының судьясы болып тағайындалған. 1985-1997 жылдар аралығында тергеу және прокуратура органдарында қызмет істеген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG