АҚШ-тың төрт штатында президент сайлауында берілген дауыстарды санау әлі жүріп жатыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда барлығында Демократиялық партия өкілі Джо Байден аздаған басымдықпен алда келеді. Бірақ екі кандидат арасындағы қашықтық өте аз болғандықтан, жеңімпаз әлі анықтамалаған.
Аризона штатында (сайлаушылар алқасында 11 даусы бар) Байден 49,7 пайыз, ал қазіргі президент Дональд Трамп 48,8 пайыз жинап тұр. Байден 30 мыңдай адамның дауысымен алда келеді. Дауыстардың әлі 1,3 пайызы саналып бітпеген. Төрт жыл бұрынғы сайлауда бұл штатта Трамп демократ Хиллари Клинтонды 4 пайыз басымдықпен жеңген.
Джорджия (сайлаушылар алқасында 16 даусы бар) штатында Байден 49,4 пайыз, ал Трамп 49,3 пайыз дауыс алып тұр. Байден 5 мыңдай дауыспен алда. Бюллетендердің 1 пайызы саналып бітпеген. Соңғы он президент сайлауының 9-ында Джорджия Республикалық партияны қолдаған. Өткен сайлауда Трамп 5 пайыз басымдықпен жеңген.
Невада штатында Байден 49,8, Трамп 48,0 пайыз дауыс алып тұр. Байден 22 мыңдай дауыс алда келеді. Дауыстардың әлі 7,1 пайызы саналуы керек. 2016 жылғы сайлауда Хиллари Клинтон Дональд Трамптан 2 пайыз артық жинаған.
Пенсильвания штатында (сайлаушылар алқасының 20 даусы бар) Байден 49,6, Трамп 49,2 пайыз дауыс жинап тұр. Байден 29 мыңдай дауыс алда келеді. Бюллетендердің 3,8 пайызы саналып біткен жоқ. Алдыңғы сайлауда Трамп мұнда 0,7 пайыз дауыспен жеңген.
3 қарашада өткен президент сайлауының нәтижесі таяу арада шығып қалуы мүмкін. Кандидат АҚШ президенті болып сайлануы үшін сайлаушылар алқасы дауысының кемінде 270-ін иеленуі керек. Әр штат тұрғындарының санына қарай сайлаушылар алқасының белгілі бір даусын жеңіп алады. Штатта жай басымдықпен жеңген адам сол штатқа тиесілі дауыстарды түгел алады. Тек Небраска және Мэн штаттарының ережесі басқаша. Әзірге демократ Джо Байден 253, республикашыл Дональд Трамп 214 дауыс жинап тұр.
ПІКІРЛЕР