Accessibility links

Бензин қымбаттап, контрабанда қызып тұр. Қырғызстандағы жанар-жағармай мәселесі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бішкектің жанармай бекеттерінде бензиннің литрі 61-64 сомнан сатылып жатыр. Көлікпен табыс тауып, күн көріп жүрген адамдар жанармай қымбаттаған соң табысы азайғанын айтады. Бірақ үкімет Қырғызстанда жанар-жағармай басқа елдердегіден анағұрлым арзан дейді. Бағаның өсуі тек автокөлік иелеріне ғана емес, мемлекетке де батып отыр: елде көрші Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз таситындар көбейді.

Жаныбай Бішкекте такси айдайды. Ол жанар-жағармай қымбаттап кеткен соң табысы азайғанын, кейде жол бойындағы сауда орындарынан арзан бензин сатып алатынын айтады:

Қымбатшылық кесірінен өзімізге ештеңе қалмайды. Бұрын жақсы болатын, қазір олай емес. Құр босқа жұмыс істеп жүргенің: бензин құясың, ар жағында ақша да қалмайды. Профсоюзный көшесінде, айналма жолда, Маевканың төменгі жағында 10-20 литрлік бөтелкемен сатады. 59-58 сомнан сатып жатыр. Қандай екенін білмеймін, құяды да, 92-марка дейді. Көлікке құйған соң нашар [отын] екенін сеземін.

Үкімет жанармай бағасына келгенде оптимистік көзқарас танытып отыр. Монополияға қарсы реттеу қызметі импортқа тәуелді елдер арасында Қырғызстанда мұнай ең арзаны дейді.

Жанармай құятын ыдысын ұстап, саудагерлерді күтіп тұрған адамдар. Баткен, Қырғызстан, 13 сәуір 2022 жыл.
Жанармай құятын ыдысын ұстап, саудагерлерді күтіп тұрған адамдар. Баткен, Қырғызстан, 13 сәуір 2022 жыл.

"ЕҢ АРЗАН ОТЫН ҚЫРҒЫЗСТАНДА"

Ресми дерек бойынша, Еуразия экономика одағына мүше елдер арасында Арменияда бензин өте қымбат. Егер қырғыз ақшасымен есептер болсақ, Арменияда бензиннің литрі 89 сомнан, Беларусьте – 72, Ресейде – 66, Қырғызстанда 64 сомнан сатылады.

Қырғызстанда дизель отынының литрі 64 сом, Ресейде – 74, Беларусьте – 75 және Арменияда – 90 сом. Одаққа кірмейтін Тәжікстанда бір литр дизель отыны 80 сом тұрады.

Қырғызстанда жанармай бағасы төмендеп, мемлекеттің араласуымен реттелген.

Монополияға қарсы қызмет басшысы Кенешбай Тайлақов Ресейден келетін жанар-жағармайдың бағасы қалай белгіленетінін түсіндірді.

Кенешбай Тайлақов.
Кенешбай Тайлақов.

Жеткізілетін жанар-жағармайдың бір тоннасына бес мың сом акциз салығы салынады, оның әр литріне қосылған құн салығы 7 сомнан шығады. Әр литрге тасымал үшін 4-5 сом қосылады. Сату және сақтау шығыны да бар. Салықтан босатқан емес. Салықты өз ережелерімен төлейтінін білемін, соны да ескеру керек. Сондықтан тек салықты есептегеннің өзінде 20 сом қосылады. Мысалы, бәрін сомға аударатын болсақ, біз 40 сомға сатып аламыз. Салық, жол мен орын шығынын есептегенде, баға 66-67 сом болады. Біз 62 сом 50 тыйыннан сатқызып жатырмыз. 92-маркалы бензин мен дизель отынына назар аудардық, себебі олар әлеуметтік маңызы бар тауарға жатады. Қазір оларды сатып жатқандар табыстан қағылып отыр. Табыс АИ-95, АИ-98, АИ-100 маркалы [бензиннен] түсіп жатыр.

Тайлақов Ресей экспорт бағасын өсіргенін, бірақ Қырғызстан бағаны қазіргі деңгейде ұстап тұратынын айтты.

Ресми дерек бойынша, Қырғызстанға жылына 1 млн 200 мың тонна жанар-жағармай материалдары қажет. Мұнайдың 90 пайызы Ресейдің "БашНефть", "Ангарский нефтехимический завод", Омбы мен Орск қалаларындағы мұнай өңдейтін зауыттардан әкелінеді. "Газпромнефть" пен "Роснефть" компанияларының жанармай құятын бекеттеріне отын өз зауыттарынан жеткізіледі. Ресейден әкелінетін жанар-жағармай материалдарынан кеден бажы алынбайды, сондықтан олар 1,5 сомға арзан.

Кейінгі 1,5 жылда Қырғызстанда жанар-жағармай бағасы екі есе өсті. 2021 жылғы қаңтарда АИ-92 маркалы бензиннің литрі 35 сом болса, қазір 62 сомға жетті. Биржада мұнай бағасының өсуіне Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкцияларға байланысты доллар бағамының өзгеруі әсер етті.

Қырғызстанда жұрт Қазақстанмен шекарада бензин 15 сомға арзанырақ сатылып жатқанын айтып жүр. Сондықтан "Жүз шақырым жердегі арзан бензин Қырғызстанда неге қымбат?" деген сұрақ жұртты жиі мазалайды.

Мұнай трейдерлері қауымдастығының атқарушы директоры Қанат Эшатов Қырғызстанда жанар-жағармай бағасының төмендемеуіне экспорт құнының жоғары болуы әсер етеді деп түсіндіреді.

Оның сөзінше, Ресей мен Қазақстан ішкі нарықтағы жанармай бағасын төмендеткен, ал оның орнын толтыру үшін экспортқа шығатын өнім бағасын көтерген. Мысалы, жыл сайын Қазақстан халықаралық биржада 100 млн тонна мұнай сатады. Содан түскен табыстан бұл елдер азаматтарына жанармайды өз бағасынан да арзанға сатады.

Қанат Эшатов.
Қанат Эшатов.

– Доллар бағамы төмендеп жатыр. Ресей мен Украина [соғысынан] валюта бағамы жоғары болғанда, біз үкіметке айтып, біршама келісімшартты рубльге ауыстырдық. Доллар арзандап жатыр, ал рубль болса керісінше, өсіп жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінде рубль бағамы 1 сом 40 тыйын тұрады. Ресей өз азаматтарына ішкі тұтыну тауарларының бағасын төмендетіп жатыр. Бірақ экспорт бағасы өсті. Соған қарамастан кейінгі екі аптада бензин 1,5 сомға арзандады, - деді Эшатов.

Қырғызстанның жанармай нарығында "Газпром Нефть Азия", "Роснефть" (ЗАО "Кыргызнефтепродукт") пен "Ред Петролеум" ("ЗАО "Альфа Ойл") компаниялары басым. Бұл үш компанияның нарықтағы үлесі – 60 пайызға жетіп отыр.

Монополияға қарсы реттеу қызметінің дерегінше, 20 сәуірден бастап бөлшек саудада жанармай бағасы төмендеп, 1,6 сомға арзандаған. 18 сәуірден бастап дизель отыны, АИ 92 және АИ 95 маркалы бензин "Газпром Нефть" жанармай бекетінде 70 тыйынға, АЗС "Бишкек Петролеум" – 1,6 сомға, АЗС "Роснефть" – 50 тыйынға, АЗС "Партнер нефть" – 1,1 сомға, АЗС "Ред Петролеум" – 1,6 сомға арзандады. Автокөлік тұтынатын газ 2,5 сомға арзандаған.

ҚАЗАҚСТАННАН КЕЛЕТІН КОНТРАБАНДА КҮШЕЙДІ

Кейінгі күндері Тоқмақтағы айналма жол мен Маевка ауылы маңында жанар-жағармайды пластик ыдысқа құйып, заңсыз сататын саудагер көбейген.

Ондай жерлерде баға 4-5 сомға арзан, бірақ жүргізушілердің сөзінше, отын сапасы да нашар.

Нұрлан (аты өзгертілді) – Профсоюзный көшесінде бензинді бөтелкеге құйып сататындардың бірі. Ол жанар-жағармай материалы Қазақстаннан контрабанда жолымен жеткізілетінін айтады:

Бұл АИ-95 маркалы бензин, Қазақстаннан [әкелінген]. Біздің көлік жұмыс істейді. Кеше біреулер келіп, [литрін] 50 сомнан сатып ал деп ұсынды. Бірақ мен бас тарттым. Біздің көлік жүргізеді. Шекара ашылған соң көліктер ширақ жұмыс істей бастады. Көлігіміз бар, бак туралы айтпаймыз, қаласа көрсетеміз де, алып кетеміз.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мұнай трейдері қауымдастығының атқарушы директоры Қанат Эшатовтың сөзінше, кейінгі уақытта Қазақстаннан келетін контрабанда көлемі ұлғайған.

Бағасында 20 сомдай айырмашылық бар. Кейінгі уақытта контрабандалық жолмен тіпті жиі келетін болған. 11 сәуірде Қазақстан шекараны ашты, автокөлік бағыттары қайта іске қосылды. Кей азаматтар [контрабандамен] кіргізеді. Былтыр шекара жабық болғанда ондай болмаған еді. Бүгін Тоқмақта, "Дордой" маңында [жанармайды] жол бойында тұрып, бөтелкемен сатып жатыр.

Бірақ үкімет органдарының ресми ақпаратында Қазақстаннан контрабандалық жолмен әкелінген жанар-жағармай материалы туралы дерек жоқ.

Ұлттық статистика комитетінің дерегіне жүгінсек, 1 маусымда Қырғызстанда АИ-95 маркалы бензин 67,07 сом, АИ-92 – 63,8, АИ-80 – 62,09 сом болған. Дизель отыны 64,54 сомға сатылған.

"Росстат" федералды қызметінің 27 мамырдағы дерегінше, Ресейде АИ-95 маркалы бензиннің литрі 51,31 рубльден, АИ-92 – 47,24, ал дизель жанармайы – 54,44 рубльден сатылған.

Дегенмен, бұл Ресейдің ішкі нарығындағы баға. Ел ішіндегі тұтыну бағасы экспортқа шығатын бағадан анағұрлым арзан.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Кубатбек Айбашовтың материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG