Accessibility links

Желтоқсаншылар депутаттарға арыз-армандарын ауызба-ауыз айта алмады


"Желтоқсан ақиқаты" қозғалысының мүшелері парламент алдына барды Астана. 2 желтоқсан, 2009 жыл.
"Желтоқсан ақиқаты" қозғалысының мүшелері парламент алдына барды Астана. 2 желтоқсан, 2009 жыл.

23 жыл бұрын қызыл империяның үстемдігіне қарсы шыққан қазақ жастарының толқуына саяси баға берілуін талап еткен желтоқсаншылардың бір тобы Астанаға келді. Бірақ ешбір депутатты таппаған олар президент пен парламентке жазған ашық хатты қабылдау кеңсесіне қалдыруға мәжбүр болды.

Қазақстанның төрт аймағы – Алматы, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан жиналған 20-ға жуық желтоқсаншыны депутаттар күтіп отырмаған еді.

Арқаның аязды күні Астанада парламент ғимараты алдына шыққан топ 23 жыл бұрынғы Желтоқсан оқиғасына саяси мәртебе беретін арнайы заң қабылдануын, биліктің үш тұғырлы тіл саясатын тоқтатуын талап етті.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бүгінде алды жетпіске жетсе, соңы қырық жастан асыпты.
...


1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бүгінде алды жетпіске жетсе, соңы қырық жастан асыпты.

«Желтоқсан ақиқаты» қозғалысының төрағасы Бисенғазы Сәдуұлы қазақ тілі биліктің жүргізіп отырған саясатының кесірінен күннен- күнге өшіп бара жатқандығын айтады.

- Біз үкіметтен «қазақстандық ұлт» доктринасынан бас тартуды сұраймыз. Үш тұғырлы тілге қарсымыз. Егер Қазақстанда тұратын 130 ұлт өкілі қазақтың маңайынан табылып, қазақша сайрап, тілімізге қолдау білдіріп тұрса ғана бұл тұжырымдамаға қарсы болмаймыз. Бірақ қазір тіл бір тізерлеп әзер тұрғанда, өзге тілдерді төрге шығарсақ, қазақ тілі өшіп кетуі мүмкін. Бұрын Совет елдеріне барсаңыз, сол елдің тілін білмесеңіз өмір сүру қиын еді. Ал Қазақстанда қазақ тілін білмесең ғана үлкен қызметте жұмыс істей аласың. Бизнесіңді дамыта аласың, - дейді Бисенғазы Сәдуұлы.

О ДҮНИЕДЕН ОРАЛҒАН ҚЫЗ
Ақкүміс Ықыласова Қазақстан президентінің 1991 жылғы №540 жарлығын көрсетіп тұр. Астана, 2 желтоқсан, 2009 жыл.


Желтоқсан оқиғасынан кейін жендеттердің соққысын жеп, екі күн мәйітханада жатып, аман қалған Ақкүміс Ықыласова «қаршадай біздерді сол кезде алаңға шығарған намысшылдық еді» дейді.

- Қазақ деген елді күллі әлем тану керек. Күндіз-түні теледидардан бір адамның бейнесін көрсете берген дұрыс емес. Бізде осыншама жеріміз тұрып, ел болып қала аламыз ба деген күдік басым. Тіліміз болмаса, біз кімге керекпіз? Мен қанымды не үшін, кім үшін төктім? Болашақта қазақ деген ел, оның ұрпағы қалу үшін қанымды төктім емес пе,- дейді Ақкүміс Ықыласова.

ЖЕРТОҚСАННЫҢ КӨЛЕҢКЕЛЕНГЕН КӨМЕСКІ ТҰСТАРЫ КӨП

Биліктің Желтоқсан оқиғасын тарих беттерінен өшіріп тастауға ұмтылысы бар дейді азаматтар. Оның басты себебі – желтоқсан айы басталса болды, жаңа жылды тойлау қамына кірісіп кетуі. Осыны айтқан Ахметқали Серғалиұлы мұның астарында бізге беймәлім үлкен саясат жатыр дейді.

- Биліктің Желтоқсан оқиғасына селқос қарауына қарағанда, қазақтар өз жерінде, өз елінде өмір сүріп отырып, төменгі сатыға түсіп қалған ұлт деп түсінеміз. Атамекені жоқ ұлттар да өз тілінде сөйлейді. Ал біз тарихи отанымыз бола тұра, қазақ тілінде сөйлемейтініміз неліктен,- деген ойын білдіреді 23 жыл бұрын Желтоқсан оқиғасына қатысқан Ахметқали Серғалиұлы.
Ахметқали Серғалиұлы. «Ұлт тағдыры» қозғалысының Қарағанды филиалының жетекшісі, желтоқсан оқиғасына қатысушы. Астана, 2 желтоқсан, 2009 жыл.

Желтоқсаншылардың арасында күні бүгінге дейін ақталмаған азаматтар бар екен. Өйткені, олар жайындағы көптеген құжаттар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жойылып кетіпті.

Ал президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы № 540 «Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды толық ақтау жөніндегі» жарлығы әлі орындалмай келеді екен. Оның да түсініксіз себептерінің көп екенін айтады Ахметқали Серғалиұлы.

- Егер мемлекет басшысы Қазақ елінің президентімін десе, бірінші кезекте Желтоқсан оқиғасына саяси баға беруі керек. Мұны орындай алмаймын десе, онда халық алдында кешірім сұрасын, - деді Ахметқали Серғалиұлы.

АСТАНАДА ЖАҢА ЖЫЛҒА ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗҒАН

Желтоқсан оқиғасы болған күндерге тұспа-тұс - Тәуелсіздік мерекесінің тойлануы үлкен қасірет деп білетін олар бұл күнді қаралы күн ретінде еске алады екен.

Ал Қазақстанның бас қаласы - Астанада Желтоқсан оқиғасы немесе Тәуелсіздік күнін мерекелеу нышандары байқала қоймайды.
Қазақстан президентінің Жаңа жылдық шыршасы. Астана, 2 желтоқсан, 2009 жыл.


Желтоқсанның 1-і күні президент Назарбаев Ақорданың алдындағы ең үлкен шыршаның қойылу салтанатына қатысып, Астана халқын бір ай бұрын күнтізбелік Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Астана көшелерінде жаңа жылдық көңіл-күй мен көріністер көбірек көзге түседі.

Ал қазақ тілінің жанашырлары, оппозиция өкілдері, Желтоқсан оқиғасына қатысқандар сол жастар толқуының 23 жылдығында, желтоқсанның 17-де алаңға шығып, аштық жариялаймыз деп алдымен Алматыда, енді міне Астанада мәлімдеп жатса, қазақ үкіметі Тәуелсіздік күніне орай төрт күн демалыс жариялады.
XS
SM
MD
LG