Accessibility links

Путиннің Украинадан «айырылғысы» жоқ


Киевтегі Ленин ескерткішін құлатып жатқан шерушілер. 8 желтоқсан 2013 жыл.
Киевтегі Ленин ескерткішін құлатып жатқан шерушілер. 8 желтоқсан 2013 жыл.

Биліктен кеткен президент Януковичтің сарайын айналып, салтанат шеруін өткізген азаматтар «Украина Ресей ықпалынан құтылады» дегенге сенеді. Азаттық тілшісі Украинадағы оқиғаның геосаяси салдарына шолу жасады.

Украинада совет көсемі Лениннің ескерткіштері құлаған сайын «Ресей басшысы Владимир Путин Украинадағы ықпалынан айырылып барады» деген ой келеді.

УКРАИНА РЕСЕЙГЕ НЕГЕ ҚАЖЕТ?

АҚШ президенті Барак Обама ақпанның 19-ы күні Мексикаға барған сапарында «қырғиқабақ соғыс» тақырыбын қозғамауға тырысты. Ол «АҚШ Ресеймен бәсекелес деп, бұл жерден қырғиқабақ соғыстың белгісін іздеудің қажеті жоқ. Біз Украина халқының өз болашағына қатысты шешімдерді өзі қабылдағанын көргіміз келеді» деді.

Бірақ қатал геосаясаттың өз қағидалары бар. 1991 жылы тәуелсіздік алған Украина Батыс пен пост-советтік кеңістікте ықпалын сақтап қалғысы келетін Ресейдің ортасында орналасқан. Пост-советтік Украинаның бірінші президенті Леонид Кравчук Азаттықтың орыс қызметіне:

Ресей президенті Владимир Путин "Кавказ-2012" әскери жаттығуында дүрбі салып отыр. 17 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин "Кавказ-2012" әскери жаттығуында дүрбі салып отыр. 17 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
- Украинасыз Еуропа аренасынан өзіне орын тимейтінін, Америка және басқа да елдермен терезесі тең ықпалды құрылымға айнала алмайтынын сезген Ресей Украинаны құшағынан шығармауға тырысып отыр, - дейді.

Киевтегі бұрынғы АҚШ елшісі Стивен Пайфер де осындай пікір білдіріп:

- Пост-советтік кеңістікте өз ықпалын жүргізу - Владимир Путиннің ең үлкен мақсаты. Путин жұмысының негізгі бөлігі - Кеден Одағы. Украина Еуропа Одағына бет бұрса, Ресейдің ықпал ету аймағының бір шеті ойсырап қалады. Украинаны «сақтау» Путиннің, оның елдегі саяси жақтастарының беделін көтеру үшін керек, - деді.

Бірақ Украина Ресейге «бедел» үшін ғана қажет емес. «Украинадағы қызғылт-сары төңкеріс» кітабының авторы Эндрю Уилсон ақпанның 23-і күні «The Independent» басылымына шыққан мақаласында «Украинада шынайы демократия орнаса Владимир Путиннің 2000 жылдан бері құрған жүйесіне қауіп төнеді» дейді.

Авторитарлық Ресей бұрынғы совет елдерінде клептократияның (грек тілінен «ұрылар билігі» деп аударылады – ред.) келмеске кеткенін қаламайды. Одан бөлек, Мәскеу Украинаға экономикалық және қауіпсіздік мүддесі тұрғысынан маңызды аймақ ретінде қарайды. Ресейдің Қара теңіздегі флоты Қырымдағы Севастопольде тұр, Ресей газының көбі Еуропаға Украина құбырлары арқылы жеткізіледі. Ресейлік олигархтар Украинаны, әсіресе оның шығыс бөлігін табыс көзіне айналдырған.

«УКРАИНАНЫҢ БАҒЫ ҚАЙТСЕ ЖАНАДЫ?»

Сарапшылар Ресейдің Украинаның кез келген аймағына әскери басқыншылық жасауы (орыстілді аймақтардың Мәскеуге «бітімгер» жіберу туралы ұсыныстарына қарамастан) екіталай дейді. Ондай интервенцияның салдары 2008 жылы Грузияға басып кіргеннен де қымбатқа түседі әрі зардабы да орасан болады.

Украина картасы. (Көрнекі сурет)
Украина картасы. (Көрнекі сурет)
Дегенмен Ресей Украинаны «федералдандыру» әрекеттерін ары қарай жалғастыра беруге ынталы тәрізді. Мәскеу солайша Украинаның Еуропа Одағына қосылуына кедергі келтіріп, бұл елдің «автономды» шығыс аймақтармен тығыз экономикалық қатынастар орнатуы мүмкін.

Мәскеудегі Карнеги орталығының басшысы Дмитрий Тренин ақпанның 23-і күні «The New York Times» газетіне шыққан мақаласында «Федералдандыру - Киев пен батыс Украина үшін елді талқандау сияқты көрінсе де, шын мәнінде бұл Украинаның тұтастығын сақтап қалуға сеп. Себебі қаржылық және мәдени тұрғыда автономды болу елдің әр бөлігінің барынша жеңіл өмір сүруіне ықпал етеді. Қазіргі Украинаның экономикасы күйреуге таяды. Үкімет халықаралық демеушілерден 35 миллиард доллар сұрап отыр» дейді.

Мәскеу Киевке сауда және энергетика саласы арқылы қысым жасай алады. Украина Ресей газына қатты тәуелді, сондықтан Кремль халық арасында наразылық тудырып, саяси бөліністі одан әрі асқындыруы мүмкін.

Ақпанның 24-і күні Ресей премьері Дмитрий Медведев жаңа үкіметтің легитимді (заңды – ред.) екеніне күмән келтіріп, «Біздің кейбір шетелдік әріптестеріміз қазіргі үкіметті легитимді деп таныды. Олардың қандай конституцияға немесе заңға сүйенгені бізге белгісіз. Қарулы қақтығыспен билікке келген үкіметті заңды деп тану – олардың ақыл-есінің шатысқанын көрсетсе керек» деді.

Киевтегі Тәуелсіздік алаңы. 25 ақпан 2014 жыл.
Киевтегі Тәуелсіздік алаңы. 25 ақпан 2014 жыл.
Вашингтондағы халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының Ресей мен Еуразия бөліміндегі аға ғылыми қызметкері Сэмюэль Чарап «Батыс пен Шығыстың ықпалына қатар ұшыраған Украина мұның зардабын шегіп келеді» дейді.

Осы айдың басында «Foreign Policy» басылымында жарық көрген мақаласында ол «20 жылдан бергі геосаяси күрес паразит (арамтамақ - ред.) саяси-экономикалық жүйенің қалыптасуына ықпал етіп, дағдарысқа әкелді» деген қорытынды жасайды.

Оның пікірінше, Ресей мен Батыс «халықаралық бітімге» келсе ғана Украина проблемалары шешіледі. «Қазіргі жағдайды ескерсек, екі жақтың мәмілеге келуі орындалмас арман сияқты. Бірақ тараптар бітімге келмеген жағдайда дағдарыс асқына береді» дейді ол.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG